Пікір • 03 Наурыз, 2022

Жемқорлыққа қарсы күрес пәрменді болуы керек

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде партияның алдағы даму бағыттарын айқындады. Соның ішінде мен бір мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Президент съезде сөйлеген сөзінде партия мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл жұмыстарына белсене қатысуы керек екенін айтты.

Жемқорлыққа қарсы күрес пәрменді болуы керек

Nur Otan партиясы атауын өзгертпей тұрғанда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға атсалысқан. Бұған ондағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің жұмыс істейтіні айқын дәлел бола алады. Бастауыш органдарда, филиалдарда кеңес, комитет болды. Енді сол уақыттағы атқарылған жұмыстарды жаңғыртып, жаңа бір ағысын көрсете білсек, нәтиже өздігінен көрінеді.

Негізі мұның бағыты бар, жоғарыда атап кеткен партиядағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы кеңес пен филиалдардағы бақылау комитеттері жұмыс істеп тұр. Сол кеңес пен комитеттің өкілдері ең алды­­мен партияның атынан арнайы ор­ган­дарға қарауға жіберілген жемқорлыққа қарсы істерді жеке-жеке бақылауға алуы қажет. Сонымен қатар тағы бір маңызды жұмыс, осындай тексеруге іліккен істерді болдырмаудың жолдарын, яғни алдын алу шараларын іске қосқаны жөн. Бұл жұмыстар ресми кездесулер мен сце­нарий алдын ала жазылып қойған фор­мал­ды іс-шаралар арқылы емес, жанды тал­қылаулар мен бетпе-бет диалогтер арқылы іске асырылғаны абзал. Мыса­лы, депутаттар жергілікті жерлерге іссапармен жиі шығады, сол жұмыс сая­хат сияқты өтумен, есеп толтырумен аяқталмауы керек. Әрбір объектіні аралау кезінде нақты мәселелер қаралып, талқыға салынып, түйткілдердің түйінін тарқатудың жолдары арнайы анықтамада толтырылуға тиіс.

Жалпы, шетелдік партияларда «жеке іс» деген ұғым бар. Жемқорлыққа қатыс­ты жеке адамдардың ісі ең алдымен пар­тияның бюросында немесе бастауыш ұйымдарында қаралуы қажет. Қазір көбі­не жекелеген адамдар партияға ондағы қызметін пайдалану үшін мүше болады. Қызметін пайдалану сыбайластық­қа соқтыруы мүмкін. Партияның ереже­лерін бұзған, сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар мүшелерге қатаң ше­шім­дер қабылдануы керек. Қажет болса, пар­тиядан шығару, шеттетуге дейін баруға болады. Сонда ғана оның мүше­лері жемқорлықтан таза болуға ұмты­лады. Іргелі  партияда осындай рух болуы қажет. Сондықтан өзгерістерге бет алған партияға мүшелікке қабылдаудың ереже­сіне де өзгерістер енгізген жөн. Мүше­лікке өтініш бергенде үміткердің партияға кірудегі мақсаты, партияны дамытудағы кешенді жоспарлары қоса тапсырылуы керек. Өйткені партияға сан жағынан емес, сапалық құрамды өзгертетін кез келді.

 

Дәулеткерей РАХМЕТУЛЛИН,

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының басшысы