Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияның кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде аталған саяси жаңа атау туралы «Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым», деп айта келіп: «Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», деді.
Съезде аса маңызды екі мәселе қаралды. Біріншісі, партия Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, екіншісі партияның бүгінгі заман талабына сай модернизациясы. Осы айтылған мәселелерді талқылаудың нәтижесі ретінде Мемлекет басшысы 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын жариялайтынын жеткізді.
Бұл – нақтылықтың көрінісі. Жүрек күпті болса да, сенім – үлкен. Біз тәуелсіз елміз. Осы бір алмағайып замандағы оң өзгеріске ұмтылыс ел өміріне жаңалық пен жақсылық әкеледі деген үміттемін. Өзгеріс керек. Өзгеріс өзгеріс үшін емес, елдің болашағына қызмет ету үшін керек. Мемлекет басшысының: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуелсіздігі» деген сөзі – баршамызға аманат!
Сын түзелмей, мін түзелмесі анық. «Біз жас кадрларға жол бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз», деді Мемлекет басшысы. Жаңарудың басы жастарға жол беру болмақ. Amanat партиясы – Жаңа Қазақстанды құруға ұйытқы болсын. Ел аман, жұрт тыныш, болашақ зор болсын.
Тұрдықұл ШАҢБАЙ,
«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды
музей-қорығының директоры