Пікір • 03 Наурыз, 2022

Бұл – жақсылықтың нышаны

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні еліміздегі жетекші партияға «Аманат» деген атау берілді. Бұл – өзгеріс кезеңіндегі жақсылықтың нышаны.

Бұл – жақсылықтың нышаны

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияның кезек­тен тыс съезінде сөйлеген сөзінде атал­ған саяси жаңа атау туралы «Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым», деп айта келіп: «Мемлекеттілік, дәстүр жал­ғастығы, ұрпақ сабақтастығы де­гені­міз, міне, осы. Халқымыз ешқа­шан аманатқа қиянат жасамаған. Пар­тия бұл қағидатты берік ұстанады», деді.

Съезде аса маңызды екі мәселе қаралды. Біріншісі, партия Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, екін­шісі партияның бүгінгі заман тала­бы­на сай модернизациясы. Осы айтыл­ған мәселелерді талқылаудың нәти­жесі ретінде Мемлекет басшысы 16 нау­рызда саяси реформалардың жаңа бағ­дар­ламасын жариялайтынын жеткізді.

Бұл – нақтылықтың көрінісі. Жүрек күпті болса да, сенім – үлкен. Біз тәуелсіз елміз. Осы бір алмағайып заман­дағы оң өзгеріске ұмтылыс ел өміріне жаңалық пен жақсылық әкеледі деген үміттемін. Өзгеріс керек. Өзгеріс өзгеріс үшін емес, елдің болашағына қызмет ету үшін керек. Мемлекет басшысының: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуелсіздігі» деген сөзі – баршамызға аманат!

Сын түзелмей, мін түзелмесі анық. «Біз жас кадрларға жол бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз», деді Мемлекет басшысы. Жаңарудың басы жастарға жол беру болмақ. Amanat партиясы – Жаңа Қазақстанды құруға ұйытқы болсын. Ел аман, жұрт тыныш, болашақ зор болсын.

 

Тұрдықұл ШАҢБАЙ,

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени  және әдеби-мемориалды

музей-қорығының директоры