Яғни саяси партияның қатарына бұрынғы партиялық номенклатураны емес, қоғамның белгілі бір әлеуметтік топтары мен таптарының мүдделерін білдіретін ең белсенді өкілдерін тарту арқылы оның ерікті саяси ұйым ретіндегі маңызын көтеру туралы ойлар айтылды. Бұл – халықтың сенімін қалыптастыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Осылайша, таяу болашақта адамдардың саяси партияларға дербес және еркін бірігуі, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласуы жүзеге асатыны күмән келтірмейді.
Партияның қатарына пропорционалды түрде барлық аймақтың өкілдері кіретін болды. Бұл бастама өңірлердің өзекті мәселелерін шешуге басты назар аударылатынын көрсетеді. Сонымен қатар азаматтық сектордан кіретін өкілдер санының артуы – қуантарлық жағдай. Өйткені нарық жағдайында бұл сектор әлеуметтік әлжуаз топтардың мүддесін қорғауға, мемлекеттің инклюзивтік саясатын жетілдіруге үлес қосатыны айтпаса да түсінікті.
ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерінің, білім саласының мамандарының көбейтілуі де партия шешетін мәселелердің күрделілігін, халыққа ашық болатынын сипаттайды. Партия қатарына кіретін мемлекеттік қызметкерлер санының үштен біріне дейін қысқартылуы оның саяси партия ретінде мемлекеттік органдармен бірігіп кетпейтін дербес саяси ұйым ретінде қалыптасуына, тек биліктің мүддесін жақтайтын партияға айналып кетпеуіне мүмкіндік береді деп күтеміз.
Белгілі неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер «Саясат қызығушылық және кәсіп ретінде» деген еңбегінде «Адамдар саясатқа ақша үшін келеді, содан кейін олар саясат арқылы күн көреді немесе оларға әлеуметтік бедел керек, мұндай жағдайда олар саясат үшін жұмыс істейді» деп саясатқа келетін адамдардың мақсаттарын анық бейнеледі. Саясатқа араласуды кәсіп ретінде қарастырмайтын, саясатты дұрыс түсіне білетін, қоғамның дамуына шын үлес қосатын мамандарды қолдау – дұрыс шешім. Сондықтан осы мәселеге қатысты ойлар ел Президентінің Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде ерекше байқалды.
2022 жылдың 1 наурыз күні партия атауын Amanat деп өзгертуге қатысты айтылған ұсынысты дұрыс шешім деп есептейміз. Бұл атау жаңа Қазақстанды жаңа өзгерістерге бастайтын, тәуелсіздігімізді қорғауға бағытталған, қоғамды біріктіретін өзекті идея болатынына сеніміміз мол.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы