Аймақтар • 03 Наурыз, 2022

Ерлік елеусіз қалмайды

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қысқы маусым қауіп-қатерге толы. Әсіресе, өрт. Өңірде екі күннің бірінде оқыс оқиғалар орын алып жатады. Материалдық шығын өз алдына, айтпай келген апат тұрғындардың да өмірін жалмауда.

Ерлік елеусіз қалмайды

Дәл осындай қиын-қыстауда адам өмірін қорғап қалған азаматтардың ерлік­ке пара-пар іс-қимылдары жеріне жет­кізіле, жас ұрпақтың санасына сіңі­ріле ашылып айтылғаны дұрыс. Өзгеге – өнеге, кейінгіге – жақсы мысал. Таяуда Щучинск қаласындағы жеке­меншік үйлердің бірін ойламаған жер­ден қызыл жалын шарпыды. Әзірге тілсіз жаудың қалай орын алғаны белгісіз. Мамандар анықтау үстінде. Осы арада әлде электр желілерінің тозығы жеткендіктен бе, бәлкім үй иелерінің бейқамдығынан ба, өрттің жиі орын алатынын айта кеткеніміз ләзім. Бейқамдық бейнетке бастайды. Дүние-мүлік садақа, шиеттей балалар шырылдап құрбан болып жатса, қасіреті естен кетпейді ғой. Бұл жолы өртке оранған үйдің ішінде екі бала болған. Қызыл жалын шағын үйді бірден құшағына алып, қою түтін көз аштырмастай қаулаған екен. Әскери қызметкер Руслан Әнуарбеков үйдің өртеніп жатқанын бірден байқаған. Жақын маңдағы туыстарының үйінде отырса керек. Терезеден көршісінің үйі жанып жатқанын байқаған. Жалма-жан киініп, оқиға орнына жүгірген. Қызыл жалынға оранған үйдің есігін айқара ашып, дыбыс қатқанымен, ешкім жауап бермепті. Қайтадан далаға шыққан. Сол кезде барып үй ішінен шығып жатқан үрейге толы дыбысты естіген. Шо­шын­ған, өксіген бала даусы. Тұла бойы шымырлап кеткен. Аман алып қалса, жарады да.

Бұл кезде өрт әбден күшіне мінген. Жыланның тіліндей сумаңдаған қызыл жалын бет қаратпайды. Үйдің төбесі опырылып түсуі де мүмкін, ас үйде газ баллоны болса ше?! Адам дәл осындай шақта өзіне төнер қауіп-қатерді таразыға салып салмақтап, ой елегінен өткізіп те үлгермейтін болар. Русланның айтуына қарағанда, бар ниеті, пейілі енді-енді өрт құшағында қалуы әбден мүмкін балаларды құтқару болған. Сол себепті де басын бәйгеге тіккен.

4

– Есік арқылы кіру мүмкін болмаған­дықтан, көп ойланбастан бірден терезені сындырдым. Ол да оңай болмады, темір тормен бекітіп тастаған екен. Қолымда құрал да жоқ. Әйтеуір, бойыма бір тылсым күш құйылып, қопарып алдым, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжі оқу орталығының қызметкері Руслан Әнуарбеков, – алдымен дыбыс шыққан жерді сипалап қарманып, қыз баланы алып шықтым. Бұл кезде бөлме бұрышын сағалап қалған екінші баланы да тауып алдым.

Қауіп-қатер шын төніп келгенде абдырап, абыржымай, нағыз ерлерге тән іс-қимыл жасаған Руслан өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді. Оның ойынша, өз елінің патриоты болу, әскери борышын өтеп, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті. Осы жолғы оқиға тәрізді адам өмірі қауіптің нысанасына байланған кезде қимыл көрсету ер адамның пешенесіне жазылған парыз іспетті.

– 2009 жылдың ақпан айынан бастап әскери қызметтемін. Отбасым, екі қызым бар. Елге қызмет ету өзіме қатты ұнайды, – дейді ол.

Елімізде өзгенің өмірі үшін оттан, судан қорықпай, борышын адал атқара­тын осындай ерлердің барына шүкір­шілік. Ал өздерінің ерлігін жай ғана парызға балауы азаматтың бойындағы қарапайымдылықты меңзеп тұрған жоқ па?! Ортақ шаңырақтың уық-керегесін бекітетін де осындай абзал азаматтар.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы