...Мерекелік кештердің бірі-тін. Жүргізуші хабарлап тұр: «...Сахнада «Ла-а-а-д-у-у-ушки» ансамблі!». Ән атауын да айтқан болуы керек. Нөпір халықтың ортасындағы қым-қуыт дауыс естіртпеді. Жарқ-жұрқ еткен жарасымды ұлттық киімдерімен көтерілген топты көргенде «Частушка» айтар деп күттік. Жұртшылықты қайдам, санамызда осы ой қылаң берді. Алдымен орыс халқының танымал әндері «Порушка-Параня» мен «Калинканы» шырқады. Нәшіне келтіріп тұрып. Алып көршіміздің коды емес пе?! Әп-сәтте алаңдағы халықты жандырып жіберді. Исі славян мәз-мейрам. Бір сәтте «Белес, белес, белес пе, белес жақын емес пе?» деген ән естілді. Орта жолдан қазақтың күйтабағы қосылып кетті ме дестік. Жоқ, «Ладушки» екен айтып тұрған. Мүдірмейді. Қандай жарқын, қандай ашық дауыс! Қандай ойнақы ән! Ансамбль мүшелері сәлден соң «Жатыр едім көгалда...» деп әуелетті.
Олар сахнадан түскенде дүркірете қол соғып, қолпаштаған елде қисап жоқ еді.
Міне, сол «Ладушки» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Оксана Новиковамен жүздестік. Өнер колледжінде сабақ беретін ол шығармашылық ұжымның арғы-бергі тарихы туралы әңгімеледі.
«Ладушки» – 1986 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің музыкалық факультетінде құрылыпты. Алғашқы жетекшісі – Александра Постникова. 1995 жылы Ресейге қоныс аударған. Қазір Екатеринбургте тұрады. Биыл 70 жасқа толды. Шәкірттері мерейтойымен бейнежазба арқылы құттықтапты. Оксананың өзі ұжымға 1987 жылы университетке түскен кезінде қабылданған.
Ансамбль көптеген гастрольдік сапарларда болып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізген. 1987 жылы Алматыда өткен фольклорлық фестивальде, 1988 жылы Чехословакияда, 1989 жылы Германияда ән шырқайды. 1990 жылы Мәскеудің Останкиносында Т.Веденьева мен сазгер А.Журбин жүргізген «Споемте, друзья» бағдарламасына қатысады. Сол уақыттың сахна жұлдыздары В.Мулявин, А.Малежик, М.Капура және «Яблоко» ансамблімен бір концертте өнер көрсетеді.
Шығармашылық ұжым үшін сол жылдар белсенді ізденіске толы болды. А.Постникова әр нөмірді шағын қойылым сияқты орындауға күш салатын. Ленинград институтын мәдениет және бұқаралық мереке режиссері мамандығы бойынша тәмамдаған кәнігі маман болғандықтан, ансамбльдің ән қорына, әншілердің дауыс қоюына, киім киісіне ерекше мән беретін. Осылайша, өткен жылдарға шегініс жасаған Оксана ансамбльдің Қазақстанның барлық түкпірінде болғанын, тіпті бір жазда автобуспен Шемонайха ауданының ауылдарын түгел аралап шыққанын жеткізді.
– 1991 жылы Қырымдағы халықаралық балалар орталығы жұмысқа шақырды. Артекте төрт жыл жұмыс істеп, 1995 жылы Өскеменге оралдым. Сол кезде Александра Артемьевна Ресейге кетті де, жұмысты әрі қарай жалғастырдық. Мұражай үйінің бір бөлмесін жалға алып, концерттерден түскен қаржыға ұлттық костюмдер тіктіре бастадық, – деді ол.
«Тәуелсіздік жылдары «Ладушкидің» репертуары толыға түсті. Орыс халық әндері айтылу мәнері жағынан әртүрлі болып келеді. Стильдік репертуар қалыптастыру оңай шаруа емес. Жастарға түсінікті әрі тыңдарман құлағына тез жетуі үшін әндерді заманауи қалыпта өңдеу қажет болды. Себебі, халық әндері аса танымал емес, жастар попса, рэп жанрын ұнатады. Халық қазынасын ұғынықты тілмен айтуға тырыстық», деп түсіндірді бұл жайды ұжым басшысы.
«Ладушки» тобы қазақ әндерін А.Постникованың кезінде-ақ орындаған екен. Алғаш рет халық әні «Бипылды» айтыпты.
– Аталған ән тыңдаушыларымыздың бәріне ұнаған болатын. Жалпы, біз Чехияға барғанда чех тілінде, Германияға барғанда неміс тілінде ән айтуды ансамбльдің қағидасына айналдырдық. Бұл – сол халыққа деген құрметімізді білдіреді, – деді ансамбль жетекшісі.
Соңғы кезде топ мүшелері қазақтың халық әндерін жиі орындай бастады. Оған облыс басшылығы да қолдау көрсетіп отыр. Оксана қазақ тілін дер кезінде үйренбегеніне өкініш білдіреді.
– Кеңестік мектепте оқығандықтан, қазақ тілін үйрене алмадық. Тіл білмегендіктен, әнді айту оңайға түскен жоқ. Сондықтан қазақ және орыс әндерінен попурри орындауды ұйғардық. Репертуарымызға қазақтың «Көбелек», «Жеңеше-ай» сынды ойнақы, тілге жеңіл әндері қосылды. Мұндай әндерді орындау өзімізге де ұнайды. Әрине, алғашқы кезде қатты қиналдық. Үнемі айта берсе адам машықтанып алады екен. Әннің сауатты шығуына барымызды салдық. Өйткені, ән мәтінін аударма арқылы түсінсек те, қазақ тілінің дұрыс қолданылуына мән беруіміз қажет. Өскемен қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Азамат Маратұлы көмектесті. Енді «Тойбазар» әнін орындауға әзірленіп жүрміз, – деді Оксана.
«Ладушки» тобының әндері өзге өңірлерге де жете бастады. Былтыр Наурыз мерекесіне орай Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы алаңда өткен концертте талғамы биік астаналықтар да жылы қабылдады. Астана мен Алматы қалаларында өткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерінде де ел ықыласына бөленді.
Ансамбль соңғы жылдары интеграция орайындағы мәдени кештерге жиі шақырту алады. Мәселен, жуырда Ресейдің Алтай өлкесіндегі «Песнохорки» фольклорлық орталығы 30 жылдық мерейтойына шақырды. Барнаулда өткен Шығыс Қазақстанның мәдени күндері аясында да өнер көрсетті. Новосібір қаласында Анастасия және Захар Заголовкиндердің «Играй, гармонь!» фестиваліне қатысты. Заголовкиндер осы фестивальден соң қазақстандық әріптестерін Кремльде өткен 25 жылдық мерекелік кешіне арнайы шақырған екен. Өскемендік өнерпаздар бағдарламаға қатысып, мәскеулік тыңдармандарына тақия сыйлап қайтыпты.
Достық үйімен тығыз жұмыс істейтін олар елімізде, облыс орталығында өтіп жатқан мәдени іс-шаралардың тұрақты қатысушысына айналды. Тіпті, бүгінде жеке мерекелік кештерге шақыртулар жиі түседі екен.
Ансамбль құрамында бес әнші бар. Татьяна Щербакова – Өскемендегі өнер колледжінің дирижерлік хор бөлімін, Ольга Добромыслова – музыка мектебін, Денис Захваткин – музыка мектебін скрипка класы бойынша бітірген. Бірі мұғалім, бірі үй шаруасымен айналысса, Денис титан-магний комбинатында бағдарлама операторы болып еңбек етеді. Ұжым құрамына жуырда ғана қосылған Александр Эрбис – Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенті. Ал Дмитрий Швабиландт – Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған. Қазір музыкалық мектепте мұғалім болып істейді.
«Ладушки» этнографиялық ансамблі 2011 жылы Испанияда өткен «Коста-Барселона» арт-фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған. Бүгінде жиырмаға жуық қазақ әндерін өз репертуарына қосқан ладушкиліктердің бір-ақ арманы бар. Шет-елдерге шығып, қазақ әндерін дәріптеу.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.