Осы әулеттен тіл білімінің айтулы өкілі, профессор Құдайберген Жұбанов пен көрнекті музыка зерттеушісі, композитор, дирижер Ахмет Жұбанов секілді дара тұлғалар шықты. Сол алыптардың жолын жалғаған көрнекті композитор Ғазиза Жұбанованың да орны ерекше.
−Ахмет Жұбановты халқымыз жақсы біледі деп ойлаймын. Қазақ ұлттық оркестрін құрып, оның алғашқы дирижері болды. Отызыншы жылдардың аяғында Қазақстан композиторлар одағын басқарды. Композитор Латиф Хамидимен бірігіп «Абай» операсын жазды. Ұлттық музыканың дамуына оның қызы Ғазиза Жұбанова да үлкен үлес қосты. Биыл ардақты тұлғаның мерейтойы. Ол кісінің «Хиросима», «Қарагөз» балеттері мен «Жігер», «Ақсақ Құлан» атты симфониялық поэмалары әлемдік деңгейдегі туындылар саналады. Өзім Ғазиза апайдың шәкірті болғаныма қуанамын. Ол кісіден өнегелі тәлім-тәрбие алдық, −дейді Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, композитор Серікжан Әбдінұров.
Музыкалық кеште «Астана Опера» театрының оркестр әртістері мен солистері Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, сондай-ақ даңқты әулеттің кейінгі өкілдері Әліби Мәмбетов пен Карина Измаилованың камералық және вокалдық туындыларын орындап, классикалық әуенге сусап жүрген тыңдармандардың шөлін қандырды. Айта кетейік, Карина Измаилова –Ғазиза Жұбанованың шөбересі. Қазақстан Композиторлар одағының ең жас мүшесі, қазір Мәскеу консерваториясында оқиды. Бірталай халықаралық байқаулардың лауреаты.
Сонымен қатар кеш барысында көрнекті композитор Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиевтен бастап, қазіргі заманауи авторлар − Балнұр Қыдырбек, Назгүл Таңатар, Серікжан Әбдінұров, Әліби Әбдінұров, Арман Жайым, Айсұлу Тәни, Әзімбек Жамбаев, Әлібек Қадыров, Ләззат Жұманованың туындылары орындалды.