29 Наурыз, 2014

Әлеуметтік қорғау әлеуеті

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ ЖІГЕРІМІЗДІ ЖАНЫДЫ

Доллар бағамы өскенде әуел­­гі жаңа­лықты Елбасынан күт­кен едік. Үмітіміз ақталды. Ағым­дағы жылдың 14  ақпанында Үкімет­тің кеңейтілген отырысын­да Мемлекет басшысы  айлық жалақыны,  зейнетақыны, жәрдем­­ақыны көтеру жөнінде Үкімет­ке шұғыл  тапсырма берді. Міне,  соған орай 1 сәуірден бас­тап ай­лық жалақымызды 10 пайыз­ға өсі­ру үшін қайта есептеу жұ­мысы аяқ­талып, құжаттар заңдас­ты­рылды. Құдай бұйыртса, алдағы айда бұйырған қаражат қолымызға тиіп, бала-шаға нәпақасына жаратамыз. Жалпы, біздің ұжымда 59 адам қызмет істейді. Таңдап алған ма­мандығымызға  берілгендігіміз сол – уақытпен санасуды білмейміз. Белгіленген күн тәртібіне сәйкес келетін оқырмандарымыздың көңілдеріне еш кірбің түсірмей төл міндетімізге сай қызмет көрсетуге әбден дағдыланып алған­быз. Сонымен қатар, кітап әле­міне қатысты облыстық, қала­лық, аудандық деңгейлерде  қан­дай да бір шара өткізілсе бел ортасында жүруіміз де бір қажеттілік болып саналады. Шыны керек, кітапханашы болу, жалпы ұзақты күн  ғимарат  сөрелерінде сап түзе­ген кітаптың арасында жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұжымымызға кездейсоқ келген жандар болса өздері-ақ ығысып кетеді. Сондықтан  заңнама шеңберінде кітап көкжиегінде жүрген жандардың да айлық жалақыларының 10 пайызға өсуі әділеттілік, еңбектің ескерілуі деп санаймын. Әлбетте, Елбасы тарапынан көрсетілген көп әділдіктің бірі де бірегейі дейтініміз осынау жағымды жаңалық жігерімізді жанығанын ел газеті  «Егемен Қазақстан» арқылы  айтқымыз келеді.Өйткені, біз аталған газеттің қатар­дағы  оқырманының бірі ғана емес,   еліміз­дегі бас басылымның жылдар бойғы тігінділерін сақтап, оқырман қажеттілігін өтеп жүрген жанашыры болып табыламыз. Мақпал НҰРҒАЛИЕВА, С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры. ТАЛДЫҚОРҒАН.  

ЕҢБЕГІМІЗ БАҒАЛАНА БЕРМЕК

Қазақстан қоғамының артықшылығы – адамдар өмірінің сапасы мен тіршілік жағдайын жақсартуға үнемі басымдық беруінде. Мұны біз Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларындағы шарапаттардың көп ұзамай игілікке айналуынан байқап отырмыз. Елбасымыз азаматтық қызметшілердің жалақысын, зейнетақылар мен өтемақылардың деңгейін көтеру жөнінде Үкіметтің ақпан айындағы кеңейтілген мәжілісінде тағы да тапсырма берді. Бұл өзге әріптестеріміз сияқты, дәрігерлер қызметіне берілген баға деп білеміз. Сонымен қатар, бұл кәсіби жұмысымызда табысқа қол жеткізуімізді қалайтын жауапкершілік екендігін түсінеміз. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында заманалық жобалар жүзеге асырылуда. Ауру­ханамызда ангиографиялық жаңа жабдық­тармен қамтамасыз етілген бөлімше ашылды. Біз 2008 жылы алғаш рет аортокоронарлы шунттау отасын жасадық. Мұнда Астанадағы атақты кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя мен Каунас қаласынан келген профессор Римантас Бенетистің көмегі орасан болды. Шетелдерде білімі мен біліктілігін жетілдірген бөлімше мамандары қазір сәтті қадамдар жасап, көптеген азаматтың жанын сақтап қалды. Мұны айтып отырған себебім, біздің қиын да қажетті қызметімізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыратынын жеткізу. Жалақымыз 1 сәуірден бастап 10 пайызға көтерілетін болды. Бұл медицина қызметкерлерінің беделін де көтереді. Жұртшылыққа мәлім, қазір салалық мамандар жетіспейді. Үкіметтің осы қадамы арқылы жастардың мамандыққа құштарлығы артып, олардың ауылдық жерлерде еңбектенуіне құлшыныс пайда болатыны анық. Олар мұндай қамқорлықтың алдағы кезде де жалғасын табатынын біледі. Еңбектің зейнетін көрген жақсы. Біздің басты қуанышымыз – науқастардың сырқаттан айығып, қоғамға пайдалы жұмысын жалғастыруында. Мемлекет бұл тұрғыда алаңсыз жұмыс істеуімізге жағдайлар тудырумен қатар, медицина ғылымын жетілдіру, тиімді технологияларды енгізу бойынша нысаналы бағдарламаларды қабылдап отыр. Материалдық қолдау да көңілден шығады. Осының өзі біздің біліктілігімізді үнемі жетілдіруге, қоғамдық саламаттылықты арттыруға жігерлендіреді. Нұрлан МІНАЙДАРОВ, Ақмола облыстық ауруханасы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. КӨКШЕТАУ.  

БАРШАМЫЗДЫҢ АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТІМІЗ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жолындағы ұзақ мерзімді басымдықтарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдарын, тетіктерін белгілеп берді. Елбасы өз Жолдауында білім, ғылым, экономика, технология, бизнес, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түйінді мақсаттарды айқындап, «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ата-бабаларымыздың ұлы арманы, ұлтымыздың ұлы бағ­дары, қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идея­сы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде қабылданған «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» Доктринасында көрініс тапқан. Ол қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі – «ел бірлігі», «халықтың ынтымағы», «ұлттық қауіпсіздік», «берекелі отбасы», «төл мәдениет», «тамыры терең руханият», «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» сынды жалпыұлттық құндылықтарға сәйкестігімен маңызды. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асыру – баршамыз үшін абыройлы міндет. Қадиша ОСПАНОВА, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды  облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.