29 Наурыз, 2014

Сатираның саф үлгісі, юмордың нақ өзі

765 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Толымбек АлимбекулыБалалық шағымызда күн құрғатпай келіп тұратын бір дорба газет-журналдарды шұқшия оқып, әр басылымнан өзімізді қызықтыратын айдарларды жарыса іздейтінбіз. Бәрінен де мені аса қуантатыны – біздің үйге «Ара» журналы келетін. Қоғамдық дертті түйреген қызғылықты карикатуралар, мысалдар, фельетондар, шетел сатирасының аудармалары, несін айтасыз, үлкен түгілі қара танымайтын баланы да еліктіріп әкетер жауынгер басылым еді. Мен ең алғаш Толымбек Әлімбекұлының шығармашылығымен осы «Ара» журналы арқылы таныс болдым. ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсе салып іздеген әрі ең алғаш кездескен жазушым Толымбек Әлімбекұлы болды. Бұрын шығармаларын газет-журналдан оқып, өзін теледидардан ғана көріп жүрген жазушы ағаның алдына бардым. Ол кезде менің де сатиралық әңгімелерім үлкен басылымдарда жарық көре бастаған кез. Табалдырығынан имене аттап, жасқаншақтана амандасқаннан кейін сатира жазатынымды жеткіздім. Ағам: «Студентсің бе? Тамақ ішпегенсің-ау деймін, үнің құмығып шықты ғой» деп баданадай көздерін әрі-бері бір аунақшытып алды. Сосын, менің жазған-сызғанымнан хабардар екенін, қай басылымға нендей тақырыптарды ұсынып жүргендерімді талқылай келе, «әдебиеттің табалдырығынан батыл аттау керек» деген сыңайда біршама ақыл айтып тастады. Міне, менің пір тұтқан жазушыммен кездесу осылай басталып, қаламның киесін тануға ұмтылған шығармашылық ізденіс жолындағы қадамым тәй-тәй басып жүре берді. Толымбек Әлімбекұлының шығармашылығы сатираның саф үлгісі, юмордың нақ өзі еке­нінде дау жоқ. Көнбіс еркек, алайда сол бұқ­пантайлығының арғы жағында ептеген бақай есебі де жоқ емес отағасына адуынды бәйбіше, байы түгілі Құдайына мойынсынбайтын кеудем­соқ әйелді қарсы қоя отырып кез келген қоғамда кездесетін кертартпалық пен кежірлікті іреп салады. Және оны әдемі әзіл, тәтті тілмен бояп, кісі қызығарлық сюжетпен бере білуі әр оқырманды түрлі ойға жетелейді. Сәл шегініс жасай кетсек, кеңес дәуірінде теледидардан анда-мұнда әзіл-сықақ отауынан қызықты хабарлар көрсетілетін. Ондай мерекелік әзілдерді талантты әртістерінің көлеңкесінен әрі асырмаған «Тамашаның» да дүркіреп тұрған кезі. Ол кезде қазақ тілінде көрсететін жалғыз «Қазақстан» арнасы үшін ел шатырға шығып кететін. Бойыңды балқытардай қазақы әуездегі ән-күйдің арасында әдемі әзілге де орын беріліп, экранға Толымбек Әлімбекұлы шығады. Сонда әкем марқұм айтатын: «Күлімкөз шықты, қазір керемет әзіл тыңдаймыз», деп. Содан Толымбек ағаны отбасымызбен «Күлімкөз» атап кеткен едік. Кейінірек ол кісімен араласа бастағанда, осыны өзіне айттым. Басын шайқап күлді. «Апыр-ай, жеңгелерім қоя алмаған атты қойыпты ғой», деп балаша мәз болды. Толымбек ағаның алдына енді қалам ұстап жүрген тұстастарымды ертіп апарушы едім. Құжырасына құтты қонақ келгендей бар жұмысын жиып қойып, емен-жарқын әңгіме тиегін ағытатын. «Ал, сөйлеңдер, жастар!» деп біздің бүгінгі көзқарасымыз бен өзара қозғар тақырыбымызға, кейінгі буынның әзілі мен қағытпа қылықтарына көңіл бөлетін. Сөйтсем, бұл қылығы ізденістен туған қадам, әр заманның тамырын дәп басу үшін бірге тыныстау амалы екен. Әңгіме арасында алдыңғы буын ағаларының айтқан әзілдерін, жарасымды қарым-қатынасын жастарға жеткізіп отырар еді. Қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінін жалғап, келешекке оздыратын жаны таза кісінің әрбір сөзін рахаттана тыңдап, шынайы жымиыс­пен көңіл түкпіріне орналастыра беретінбіз. Бірде Жазушылар одағының мәжіліс залымен қабаттасқан шағын кабинетте екеу­ара әңгімелесіп отырып: «Аға, мен сіздің шәкіртіңізбін», деп салдым. Талай жылғы араласу мен ағаның ішкі жан дүниесіне үңілгеннен кейін пайда болған риясыз көңіл еді. Жүріп жүрген жігітінен ұсыныс түскен қыздай қызараңдап, ағам үстелінің тартпасын ақтарыстырып, алдындағы қағазын әрлі-бері аударыстырып, ұялып-ақ қалды. «Шын айтамын, аға. Мен сіздің шығармашылығыңызбен де, адами қалыбыңызбен де етене жақынмын», деп үстеп қоямын. Біраздан соң Толымбек аға тілге келіп: «Ақтөбедегі Үміт Зұлхарова дейтін сатирик қыз да шәкіртіңізбін деп еді», дейді  қипақтап. Кеуде керуді білмейтін кішіпейіл мінез-ай десеңізші. Содан кейін ол кісі менен, мен ол кісіден біразға дейін ұялғандай болып, тура бір-біріміздің қылмысымызға куә болғандай күй кешіп жүрдік. Өмірде кездесетін кейбір пендешілік әре­кеттер усойқы өлеңге, мытып алар паро­дияға айналып десте-дестесімен жарық кө­ріп жатады. Кез келген кемшілікті күліп қар­сы алады. «Менің үлкен сыйым да, атақ-даң­қым да – оқырмандарым», деп өзінің бір сұх­батында айтқандай, Толымбек ағаның жан жүйесіне тіршілік нәрін беріп тұрған да оның шығармашылығы. Сатира оның сырласы да, сабырға шақырар ақылшысы да, тіпті тар жерде демеп, үнемі жебеп жүретін жан серігі де болды. Кейде албырттықпен әрнеге бір күйіп-пісетін мінезімізді байқатып қойсақ, бізден ақылын аямай, өмірдің дұрыс соқпағына салып жіберуден шаршамайтын. Әкеден ерте айырылып, жастайынан бейнеттің ащы дәмін татқандығынан болар, алдына көмек сұрап келген талай кісіге қол ұшын беріп, шаруасын шешіп беруге тырысатын. Мүлдем танымайтын адамдарының мәселесіне оң ықпал еткеніне біз куә болсақ та, Толымбек аға біреуге тіс жарып білдіртпейтін. Өзі айтады: «Мен үйдегі көңіл-күйді жұмысқа, жұмыстағы көңіл-күйді үйге апармаймын», деп сол сөзі, сол мінезі расында да айнымаған қалпында еш өзгерген емес. Қазақы қалжыңның жоқшысы болып, әдемі, жарасымды әзілдің жүйесін тапқан Толымбек Әлімбекұлының әзіл әңгімелері мен өлеңдері «Күлеміз бе, қайтеміз?», «О, несі-ей?», «Кімге күлкі, кімге түрпі?», «Тамаша» жинақтарына еніп, бүгінгі оқырманның талабына сай «Ләм-мим», «Аһ-үһ», «Ым-жым», «Тойда жолығайық», «Қалай болса солай» және тағы басқа бірнеше жеке кітабы жарық көрді. Оның Ф.Буляковтан («Отыз ұлың болғанша»), М.Задорновтан («Күйеуіңізді сатыңызшы»), Г.Белецкийден («Желіккен жастар») аударған комедиялары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында, Э.Берджестен аударған «Темір қуыршақ» драмасы Қостанай облыстық драма театрында сахналанды. «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сатиралық театрларының репертуарына арнап жазған сценарийлері әлі де көрерменін баурап алады. «Хабар» телеарнасы ұсынған «Сүйінші», «Бозбала шақтың соңғы жазы» деп аталатын көркем фильмдердің сценарийін жазып, «Қазақстан» телеарнасындағы «Әзіл­кештер ауылы», «Хабар» арнасының алтын қорында сақталған «Әзілің жарасса...» дейтін әзіл-оспақ бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі болды. Көзі де, сөзі де, өзі де күліп тұратын, өмірдің қиындығы мен қиястығын күле жүріп, күлдіре жүріп сатираның нысанасына айналдырған Толымбек Әлімбекұлы жуырда ақсақалдықтың алаңына аяқ басты. Шығармашылығы адам жанын жадырататындықтан ба, әлі де сонау тоқсаныншы жылдары алғаш кездестіргендегі жайсаң қалпында ғана көз алдыңа келіп тұра қалады. Теледидарды қоссаң, өзінің биязы үнімен жарасымды әзілін оқып тұратын сияқты. Әйел затын әспеттеп тұрып жеңіл шымшып алатын әдемі шумақтарын, қыздарды мақтап тұрып мәдениеттілікке жетелейтін көңілді тіркестерін бірінен соң бірін ағытып жатқандай күй кешесің. Оның сатиралық әңгімелерінен, әзіл өлеңдерінен, сахналық қойылымдарынан қолға іліккенін жұлып алып талқылау, тәптіштеп тарқату, түсінік беру – шәкірттің ісі емесі анық. Біз де сол үдеден аспадық. Жақсы адамның өмірінің тек жарқын тұстарын жазу міндет болса, Толымбек аға туралы айтылар жақсы пікір де, жазылар жақсы естелік те жетерлік. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан».