Аймақтар • 03 Наурыз, 2022

Тегін үйірмелерді қаржыландыру тоқтатыла ма?

1249 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде мектеп жасындағы балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерімен то­лықтай қамту мақсаты күн тәртібінде тұрғаны рас. Осы бағыттағы нақты істің басталғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл бастама Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру негізінде қолға алынған еді.

Тегін үйірмелерді қаржыландыру тоқтатыла ма?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жария болған сәтінен бастап халық қолдауына ие болған жоба шынымен де өс­келең ұрпақ үшін жасалған игі іс еді. Нә­тижесінде, мемлекет есебінен қаржы­лан­дырылатын үйірмелер көптеп ашылып, ауыл балаларын спорт пен өнерге баулитын орталықтар құрылды. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстың бәрі Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуір­дегі «Балалар мен жасөспірімдерге ар­налған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қар­жыландыру қағидаларын бекіту туралы» №123 бұйрығының аясында жүргізіліп отыр.

Яғни былтырдан бері елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер және спорт секцияларын жан басына қар­жыл­андыруды көздейтін нормалар ен­гі­зілді. Ал бастаманың баянды бо­луына Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин күш салған екен. Жал­пы, осы бағыт бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік мекемелердің бірлесе әрекет етуінен кейін нарықта қызмет көрсетуші тараптың пайда болуына жол ашылуы тиіс болатын. Қазіргі де­рек бойынша ел аумақтарында мың­да­ған жеке кәсіпкерлік нысандары құ­ры­лып, жаңа жұмыс орындары ашыл­ған да екен.

– Жұмыстың нәтижелі болуы үшін бір­қа­тар құқықтық акті бекітіліп, қа­был­данды. Атап айтқанда, бірінші – балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған шығармашылық үйірмелерге мем­лекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұ­мыс істеу қағидалары. Екінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары. Үшінші – мемлекеттік тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі. Төртінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің және спорттық секциялардың рейтингін анықтау қағидалары. Мемлекеттік шы­ғармашылық және спорт сексияла­ры бойынша тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қабілеттері бар балаларға қолданылады. Шығармашылық үйір­ме­нің 59 түрі қарастырылған. Әр баланың қызығушылығына қарай мем­лекеттік шығармашылық, спорт және қосымша білім беру тап­сы­рыстар аясында көзделген 2 үйір­ме­ге тегін қатысуға болады, – деп тү­сін­­дірген еді жобаға қатысты жұ­мыс ба­­ры­сын сол кездегі Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.

Жалпы, тұрғындар балалар мен жас­өспірімдерге арналған шығар­ма­шы­лық үйірмелер және спорт секция­ла­рын жан басына қаржыландыру бастамасын өскелең ұрпақ тәрбиесіне жа­салған бетбұрыс ретінде қа­был­дады. Әсіресе, ауылдағы ынталы бала бос уақытын тиімді пайда­ла­ну­ға жұмсап, өнер мен спорт жат­ты­ғу­­ларына қатысуға мүмкіндік алды. Бұған қоса қызмет көрсетуші ретінде тіркелген жеке кәсіпкер табыс та­уып, тиісті үйірмелерде тәлім беретін жат­тықтырушылар үшін де тұрақты жұмыс көзі қалыптасты. Мысалға, бір ғана Алматы облысында 231 жеке кәсіпкер жаңадан тіркеліп, шы­ғар­ма­шылық үйірмелердің 58 бағыты бойынша қызмет көрсете бастапты. Мерзімді уақыт аралығында аймақта 1 892 үйірме ашылып, 54 210 бала тек қана шығармашылық бағытта тәлім алып жатыр екен.

Алайда бұл бағыттағы жұмыстан да шу шығып жатыр. Және жұртты елең еткізген жағдай дәл осы Алматы об­лысында орын алды. Өкі­нішке қ­арай, аймақта қаржы жетіс­пеу­ші­лі­гі­не байланысты жоба тоқтап қалуы мүм­кін.

– Жоба басталған бір жылға жуық уақыт аралығында көп жұ­мыс іс­тел­ді. Президент тапсыр­ма­­сы негі­зінде еліміздегі 4,5 млн бала тегін үйір­­ме­лермен қамтылуы тиіс болатын. Өкі­нішке қарай, бұл мін­дет орын­дал­­ған жоқ. Оның үсті­не, бағ­дар­ла­маны жүзеге асыратын жергілікті әкім­­діктер бұл жұмысқа салғырт қа­рап отыр. Ба­ла­­лар­дың сұранысын орын­дауда әділетсіздіктер орын алып жат­­қа­ны, кейбір аймақтарда бөлінген қар­жы­ның жетіспеушілігі мен дұ­рыс иге­рілмеуіне қатысты арыз-ша­ғым­дар­ды жиі естиміз. Қазір бұл мәселе ай­мақтарда шегіне жетті. Оның дәле­лі ретінде Алматы облысының тегін үйірмелерді қаржыландыруды тоқта­татыны жөнінде тараған хабар­ды оқыңыз. Бұл мәселе бойынша біз ата-аналардың өтінішімен таныстық. Олардың талап-тілегін жоға­рыға жет­кі­земіз. Жағдаймен Президент әкім­ші­лігі таныс, күні кеше басшының орынбасары Аида Балае­ваның қатысуы­мен жиын өтті, оңтайлы шешім қабыл­да­на­ды деген үміттеміз, – дейді еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин.

Яғни облыстағы тегін үйірме­лер­­дің жұмысын үйлестіріп отырған кә­сіпкерлердің алаңдауына негіз бар көрінеді. Өйткені Алматы облы­сы­ның мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы барлық ор­та­­­лық­тарға осы жылдың 1 науры­зынан бастап мемлекеттік тапсырыс бо­йынша шығармашылық үйірмелерді қаржы­ландырудың уа­­­­қытша тоқтаты­ла­тыны туралы хат жолдаған екен. Ал балалар­ ом­бу­­дсмені облыс тарапынан қа­был­­данған шешімнің асы­ғыс­тық еке­нін, оның ата-аналар мен кәсіп­керлер арасында түсінбеушілік туғы­затынын айтады.

– Облыстың «Артспорт» бағдар­ла­ма­сын тоқтатуына қатысты ұстанымы мүлдем түсініксіз. Олардың айтуы бо­йынша биылға бөлінген 2,4 млрд теңге толықтай игерілген. Ал бағ­дарлама ережесі бойынша жүйеге тіркеліп, тегін үйірмеге қатысу құ­қығын алған бала жыл соңына дейін, яғни 2022 жылдың желтоқсанына дейін ол қызметті алуға тиіс, – дейді А.Саин.

Алайда даулы мәселенің нысана­сы­на айналған Алматы облысы әкім­дігінің бұл тарапта өзіндік ұстанымы бар. Дерек бойынша, былтыр облыста тек мәдениет үйірмелеріне 1 млрд 540 млн теңге қаражат бөлініп, 48 516 бала қо­сымша өнер түрімен қамтылған екен. Ал биыл бұл шараға 2 млрд 400 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал 1 ақ­панға дейінгі есепке қарасақ, 231 жеке кәсіпкер шығармашылық үйір­ме­лердің 58 бағыты бойынша 1 892 үйірме ашып, 54 210 баланы оқытып келген екен. Яғни өткен бір жарым ай аралығында ғана облыс бюджетінен 1,3 млрд теңге шамасындағы қаржы қызмет көр­сету­ші кәсіп иелерінің шотына ауда­рыл­ған көрінеді.

Жалпы, аймақтағы тегін үйір­ме­ле­рді бюджеттен қаржы­лан­дырудың тоқтатылуына байланысты мәселеге түсінік берген облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев өңірде 2021 жылдың маусым айынан бас­тап шығармашылық және спорттық үйір­ме­лерге 2 млрд 540 млн теңге бағыт­талғанын айтады. Оған қоса опера­торлық қызметтерді орындауға жергі­лікті бюджет есебінен 8 штаттық бірлік бөлінген көрінеді. Соның нә­ти­­­жесінде, көпбалалы және аз қам­­­тылған отбасынан шыққан бала­лар­дың үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ індет салдарынан бизнесі тұралаған кәсіп­кер­лерге де қолдау көрсетілген. Жұ­мыс­тың нәтижесінде 95 мыңнан аса бала үйірмемен қамтылып, 4 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылған көрінеді. Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәлі­ме­ті бойынша, бүгінгі таңда спорт және шығармашылық бағы­тын­дағы мемлекеттік тапсырыс­тар­ды жан басына шаққандағы нор­мативтік қаржы­лан­дырудың artsport.edu.kz порталында 419 жеке кәсіп­кер тіркеліп, жұмыс істеп отыр. Қазірге дейін 10 658 өтініш қара­лып, 3 703 өтініш мақұлданып, тір­кел­гендер саны 95 389 балаға дейін жеткен. Мұнан бөлек тағы да 2 мың өтініш қаралуы керек.

– 2022 жылдың бекітілген бюд­же­ті­нен бөлінген 4 млрд 400 млн теңгенің бүгінге 3,1 млрд теңгесі иге­рілді. Ай сайынғы жұмса­ла­тын шығынның
2 млрд 632 млн теңге екенін ескерсек, жұ­мыс істеп тұр­ған үйірмелердің қыз­­метін одан әрі қолдауға осы жыл­­дың соңы­на дейін қосымша 20 млрд теңге қажет. Осыған байланыс­ты биыл 14 ақпанда Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен ваучер беру уақытша тоқталды, ал 2022 жылдың 1 наурызынан бастап өңірде шығармашылық үйірмелерді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлерге бюджет қар­жы­сының болмауына байланысты қар­жыландыру тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді. Бұл мәселені шешу үшін Президент Әкімшілігінің, тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының және жұртшылықтың қатысуымен жедел жиын өткізілді. Жиында балалар спорты мен шығармашылығын қар­жыландыру тетіктерін енгі­зу ереже­­лерін жетілдіру туралы өзекті мә­се­­ле талқыланды. Бұл сала­ны жер­­гі­­лікті бюджеттен қаржы­лан­ды­­ру­дың қиындығына байланыс­ты рес­­публикалық бюджеттен қол­дау­ды қа­жет етеді. Және бұл проб­ле­­ма – бар­лық облыстарға ортақ мә­се­­ле. Мұны өзіміз шеше алмай­тын болғандықтан, мәселені бірінші бо­лып көтердік. Өйткені біздің өңір­дің демо­графиялық өсімі жоға­ры, жыл сайын 20 мыңдай бала өмір­ге келе­ді. Қазіргі кезде облыс­та 4 пен 18 жас аралығындағы 574 831 бала тұрады. Қалыптасқан жағ­дай­ды са­рап­тай отырып, біз өз ұсы­ны­сы­мыз­ды 10 наурызға дейін Пре­зи­де­нт Әкімшілігінің қарауына жолдаймыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары А.Дәндібаев.

 

Алматы облысы