Бизнес • 04 Наурыз, 2022

Кәсіпкерлік «жаңа парақтан» реттеле бастайды

670 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бизнес саласының өкілдері кәсіпкерлікті жаңадан реттеу саясаты туралы заңды тағатсыздана күтіп жүргені анық. Президент бұл құжатқа былтыр жылдың соңында қол қойды. Енді бұл заң толыққанды жұмыс істей бас­тауы үшін Үкімет құқықтық актілердің тізбесін бекітуді көздейтін өкімнің жобасын дайындады.

Кәсіпкерлік «жаңа парақтан» реттеле бастайды

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша реформаның негіз­гі үш маңызды актісі бар. Оның бірін­ші­сі «Кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптар тізіліміне» енгізілуге жата­тын салаларды айқындау туралы» Үкімет қаулысы болса, екіншісі – кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптардың тізі­лімін жүргізу қағидалары, ал үшін­шісі – кәсіпкерлік саладағы мін­детті талап­тар тізілімі. «Бүгінде акті­лер әзір­ленді, енді осы құжаттар негізінде келі­су процесі жүргізіліп жатыр. Осы­ған байланысты мемлекеттік органдар жо­ба­ларды уақтылы әзірлеу және қа­был­дауға белсенділік танытуы тиіс. Тізілімде реттеушілік актілердің жа­ңа­дан қабылданып жатқан сая­сатқа сәйкестігі тексеріліп, талдау жүр­гізі­леді. Егер реттеуші орган осы талдау­ды мерзімде жүргізбеген жағдайда мұн­дай актілердің күші жойылады және тізілімінен шығарылады», дейді министрлік таратқан хабарламада.

Осының алдында ғана газетіміз­ге берген сұхбатта «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы басқар­ма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров кәсіпкерлік саласын «таза парақтан» реттеу саясатының кәсіп­керлерге пайдалы тұсы көп еке­нін атап өткен еді. Оның айтуын­ша, биз­нес саласында жүрген азамат­тар­дың құқығы кейде заң аясында қорғалмаған болып шығады. Содан болып кәсіпкерлер біраз қиындықтар­ға тап болып жүр. Жаңа реттеуші­лік саясат осы мәселені оңынан шешуге тиіс. «Заң мемлекеттік реттеудің қағидаттары мен негізгі ережелерін белгілейді және бизнеске қойылатын талаптар қандай болу керектігін нақтылайды. Бұл заң болғандықтан реттеудегі қағидаттар міндетті түрде орындалады. Жаңа құжат ең алдымен кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Оларға қандай да бір талап қоярда олардың жағдайы, ол талаптарды орындай алу мүмкіндігі, салмақ салмауы ескеріледі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан бизнесмендерге бір жаңа талап енгізілген жағдайда қол­даныстағы екі талап жойылып отырады», деген еді Е.Өстеміров.

Талап демекші, Үкімет бекіткен тізі­лімде белгілі бір талаптар күшін жой­ған болса, онда кәсіпкерлер сол та­лап­­тарды бұзғаны немесе уақы­тын­да орындамағаны үшін ешқан­дай әкім­шілік жауапкершілік арқаламайды.

Министрлік өкілдеріне сенсек, бизнесті «таза парақтан» реттеуді енгізу жұмыстарының 2022-2023 жылдарға арналған жоспар-кестесі да­йын тұр. Кәсіпкерлікті реттеудің жаңа тә­сілдеріне оқыту үшін сарапшылар құ­рамы да бекітілген. Оқыту бір ай бойы жүргізіледі. «Биылғы нау­рыздың соңына дейін мемлекеттік ор­ган­дар жұ­мыс топтарымен бірлесіп, тізі­лім­ге енетін салалар бойынша реттеу акті­лерінің тізбесін нақтылайды. Ал 30 нау­рыз­дан бастап жаңа рет­теу­шілік саясатқа қол­да­ныс­тағы қан­дай талаптар сәйкес келетініне талдау жүр­гізіледі. Бүгінгі таңда бизнес-ом­буд­­­смен және «Атамекен» ұлттық кә­­сіп­­­керлер палатасы­мен бірлесіп, рет­­­­теу­­ші актілерді зерт­теу жұмыс­тары жүр­­­г­ізілді. 2021 жылы алдын ала 424 құ­­­қық­тық актілер қаралды, онда ша­ма­­­мен 17 558 талап белгіленген, оның 40%-дан астамы жаңа тәсілдерге сәй­кес кел­­мейді», дейді ҰЭМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ заңда мемлекеттік бақы­лау және қадағалау жүйесін өзгерту көзделген. Министрлік тексерулер жүргізу кестелерін құру кезінде болуы мүмкін тәуекелдерді басқару жүйе­сін автоматтандыруды заңнама­лық тұрғыдан бекітпекші. Бұл норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне ене­ді. «Мұндай автоматтандыру биз­нес­тің проблемалық субъектілерін ретке кел­тіруге және шоғырландыруға, заң­ға бағынатын кәсіпкерлерге әкім­ші­лік қысымды төмендетуге мүм­кіндік береді. Мемлекет басшысы кәсіп­кер­лермен кездесуде мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыруды аяқтауды тапсырды. Бұл шаралар осы тапсырманы орындауға мүмкіндік береді», дейді министрлік өкілдері.