Медицина • 04 Наурыз, 2022

Алғашқы көмекті күшейту жайы қаралды

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығы кеңсесінің басшысы Мелита Якабпен кездесу өткізді.

Алғашқы көмекті күшейту жайы қаралды

 

Кездесуде ДДҰ-ның Алматыдағы МСАК жөніндегі кеңсесінің қызметін жандандыру және медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы Астана декларациясын, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы деңгейінде ілгерілету жөніндегі жоспарлар талқыланды.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы декларацияда медициналық-санитарлық алғашқы көмек Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму саласындағы ден­сау­лыққа байланысты мақсаттарға қол жет­кізу үшін қажетті тұрақты Денсаулық сақ­тау жүйесінің іргетасы болып айқын­далғанын атап өтті.

«Осыған байланысты біз денсаулық сақтау саласының екі маңызды тер­минін, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті және денсаулық сақ­тау қызметтерімен жаппай қамтуды бірік­тіруді, 2023 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясы барысында денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту бойынша жоғары деңгейдегі отырыс қарсаңында БҰҰ деңгейінде денсаулық сақтаудың бірлескен күн тәртібін ілгерілетуді жалғастыруды ұсынамыз», деді А.Ғиният.

Бұл бастама 2022 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы деңгейінде «Меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмекті күшейту арқылы денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға қол жеткізу» тақырыбына сайд-ивент ұйымдастыруды және өткізуді қамтиды.

Сондай-ақ тараптар Қазақстандағы МСАК дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастықты, қазақстандық медицина мамандарына оқыту жүргізуді, сонымен қатар елімізде МСАК қолжетімділігі мен тиімділігін бағалау бойынша индикаторларды әзірлеуді талқылады.

Денсаулық сақтау министрі ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еуропалық орталығы кеңсесінің басшысына өзара іс-қимылды жандандырғаны үшін алғыс айтып, қазақстандық МСАК мамандарын одан әрі табысты оқытуды жалғастыруға және МСАК мәселелерінде, оның ішінде ауылдық деңгейде де техникалық және сараптамалық қолдау көрсетуге мүдделілік білдірді.

Сонымен қатар кездесу барысында ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюгенің биылғы наурыз айында Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселесі пысықталды. Бұл сапардың маңызды аспектісі – 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы екі жылдық келісімге қол қою.