Аймақтар • 04 Наурыз, 2022

Өңір көктемге дайын ба?

320 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында кейінгі күндері күн жылы. Жаппай еріген қар суы кей жерде жолды шайып, қозғалысқа кедергі жасады. Төтенше жағдай департаменті мамандары жағдайды тез бақылауға алып, көктемгі су тасқынының алдын алуға кірісті.

Өңір көктемге дайын ба?

 

Әлеуметтік желі бетінде Батыс Қазақстан облысында жол азабын тартқан жолаушы­лар туралы түрлі бейнежазба шарлап жүр. Шынында да көктем мен күзде ми бат­паққа айналған жол бойында мыңдаған батысқазақстандық жапа шегеді. Өйткені өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар 5 082,7 км автожолдың небәрі 34 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ресми мәліметке қарағанда облыстағы 3349,5 шақырым жол қанағаттанарлықсыз. Яғни асфальты жоқ, топырақ жол деген сөз. Бұл – рес­публика бойынша ең төмен көрсеткіштің бірі.

Ақпан айының 24-і күні Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандары арасындағы жолдың 157 және 227 шақырымдары тұсында еріген қар суының деңгейі көтеріліп, жол үстімен жолдың екінші жағына аға бастаған. Тек қана топырақтан үйіп жасалған грейдер жолды ағын су мүлдем шайып кетуі мүмкін еді. Жол бетінде тереңдігі 20 см жететін көлденең жыра пайда болды. Төтеншеліктер жол қозғалысын тоқтатып, қауіптің алдын алды. Жергілікті әкімдіктер мен «Жолаушы жол» ЖШС мекемесінің қызметкерлері – 30 адам, 6 техника жұмылып, қапшыққа құм толтырып, судың алдын бөгеді. Қазір су ағынын тоқтаған, қауіпті тұсқа кезекшілік қойылған.

Осыған ұқсас оқиға Қазталов – Жәнібек республикалық жолының 25-28 шақырымдары тұсында да бола жаздапты. Еріген қар суы жол бойына жиналып, лықсып, қозғалысқа қауіп төндірген. Қазталов аудандық төтенше жағдай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері басшылары оқиға орнына барып, жағдайды көзімен көрген. Осы жол бойында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияға еріген судың далаға кетуіне кедергі жасаған топырақ үйіндісін жою жөнінде тапсырма берілген.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде облыс жолдарында еріген қар суының жолды басып кететін оқиғалары жыл сайын қайталанатынын Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің өзі мойындайды.

– Облыстың автомобиль жолдарының желісі – 6 176,1 шақырым. Мұның 1 414 километрі – республикалық маңызы бар жол, 1620 км – облыстық маңызы бар, ал 3 142,1 км – аудандық маңызы бар жолдар. Еріген қар суы осы жолдарды бүлдірмей өтіп кетуі үшін 1 533 су өткізу құбыры орнатылған. Бұл құбырдың 446-сы – республикалық маңызы бар жолдарда, облыстық жолдарда – 491, аудандық жолдарда 596 құбыр орнатылған. Жалпы, облыс аумағында су тасқыны қаупі бар 59 бөлік бар. Қазіргі таңда ол жерлерге жауапты лауазымды тұлғалар, инженерлік техника және материалдық ресурс­тар бекітілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, барлық су тасқыны қаупі бар аймақ ерекше бақылауға алынды, – дейді Е.Өтегенов.

п

Департамент бастығының айтуынша, өңірде 2022 жылғы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, елді мекендерден қар шығару жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 845 мың текше метрден аса қар аулаққа шығарылыпты. Жұмыс жалғасуда.

«Біз осы маусымға қажетті 249 тонна жанар-жағармай, 101 мың дана қапшық, 26 мың тонна инертті материалдар қорын дайындап қойдық», дейді Ернұр Сапарұлы.

Өңірдегі негізгі өзендер бастауын Ресей аумағынан алады. Сондықтан тасқын сулардың өтуі бойынша Ресейдің шекаралас облыстарымен тұрақты негізде болжамдық және жедел ақпаратпен алмасу жолға қойылған.

Осы көктемде болуы ықтимал төтенше жағ­дайлардың алдын алу, жою үшін барлығы 2 381 адам, 732 техника, 41 жүзу құралы және 277 мотопомпа дайындалған. Олардың маусымға дайындығы өңірде өтіп жатқан «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында тексеріліп жатыр.

Өңірде «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар Жол картасы» және «2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша 2021 жылғы жазғы-күзгі кезеңдегі инженерлік жұмыстар жоспары» қабылданғанын жоғарыда айтқанбыз.

Бұл жол картасында 23 іс-шара көзделген. Оның ішінде тұрғын үй және өндірістік нысандарды су қорғау аймақтары мен белдеулерінен тыс жерге көшіру жөніндегі жұмыстар, су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға арналған жобалар бар. Мысалы, Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзен, Шыңғырлау өзендерінде, Сарышығанақ және Айдархан су қоймаларында 20 587 тұрғын үй мен құрылыстар орналасқан су қорғау аймақтары мен белдеулері айқындалған. 2022-2023 жылдары аяқтау жоспарланған 3 жоба мерзімінен бұрын бітіпті. Мысалы, Жалпақтал ауылында Қараөзендегі бөгетті нығайту, Қараөзен ауылындағы бөгетті нығайту, Жәнібек ауданы Жасқайрат ауылының автожолын күрделі жөндеу ісі жоспардан бұрын аяқталған.

Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы жағалауды нығайту жұмыстары және Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы Жайық өзені жағалауының құрылысы жүргізіліп жатыр екен.

Е.Өтегенов әлі шешілмей тұрған түйінді мәселелердің де бар екенін жасырған жоқ. Мысалы, Теректі ауданындағы Ащы өзені су қоймасын күрделі жөндеуге, Бөрлі ауданының Қызылтал ауылындағы қорғаныс бөгетінің құ­рылысына және Теректі ауданының «Пойма-Новопавловка» аудандық маңызы бар автожолында су өткізу құбырларының орналасуын өз­герту үшін жергілікті бюджеттен қосымша қар­жы қарастырылып жатыр екен. Мұндағы алғаш­қы жоба мемлекеттік сараптаманы талап етеді.

Сондай-ақ өңірде 9 іс-шараны жобалауға да қаржы қажет. Олар – Теректі ауданы Подстепное ауылында су өткізу арналарын салу, Теректі ауданы «Пойма-Новопавловка» аудандық маңызы бар автожолында су өткізу құбырларының орналасуын өзгерту, Орал қаласы Ветелка ауылындағы Ветелка тоғанын күрделі жөндеу, Теректі ауданы Покатиловка ауылындағы Барбастау өзеніндегі су қоймасын күрделі жөндеу, Теректі ауданы Жаңа Өмір ауылындағы Барбастау өзеніндегі су қоймасын күрделі жөндеу, Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылындағы Мұратсай су қоймасын күрделі жөндеу, Тасқала ауданы Тасқала ауылындағы Деркөл өзенінің арнасын түзету және тазарту, Бәйтерек ауданы Чирово ауылындағы Малая быковка өзеніндегі қолданыстағы бөгетті нығайту, Бәйтерек ауданы Павлов ауылындағы Крутенькая өзеніндегі қолданыстағы бөгетті нығайту.

– Жалпы, бағдарламалық құжаттар шеңбе­рінде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында 31 іс-шара орындалды. 24 елді мекенде жалпы ұзындығы 16,170 км қорғаныс бөгеттері орнатылып, нығайту жұмыстары жүргізілді. 4 елді мекеннің 17 көшесінде жалпы ұзындығы 8,725 км су бұру арналарын орнаттық. Тағы бір елді мекенде ұзындығы 17 м және диаметрі 320 мм су өткізу құбыры орнатылды. Сондай-ақ автожолдардың 2 бөлігінде жол төсемін нығайту және су өткізу қабілетін арттыру жұмысы жүргізілді. Бәйтерек ауданының Хамино, Сұлукөл, Чирово ауыл­дарында, Тасқала ауданы орталығында инженерлік-қорғау іс-шараларын жүргізу үшін арнайы техника қолданылды, – дейді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Е.Өтегенов.

Департамент мамандары биылғы көктемде облыс тұрғындары су тасқынынан зардап шекпеуі үшін барын салуда.

 р

 

Батыс Қазақстан облысы