Бокс • 04 Наурыз, 2022

Чемпионатты жеңіспен бастады

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қа­тысып жатқан Қазақстан құрама­сының боксшылары байрақты доданы жеңіспен бастады.

Чемпионатты жеңіспен бастады

Иорданияның бас шаһары – Амманда өтіп жатқан Сары құрлық бәсекесіндегі жарыстың бірінші күнінде шаршы алаңға бес отандасымыз шығып, барлығы да қарсыластарынан басым түсті. Атап айтқанда, 48 килодағы Бексұлтан Боранбек тәжікстандық Суфиджон Суджоновты үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, Айдар Қадырхан тағы бір тәжікстандық Дамир Мубалихоновты 5:0 есебімен ұтты.

Сондай-ақ 63 кило салмақта жұдырық­тасқан Ахмет Үсен жарыс қожайындарының өкілі Оун Алхадидиге еш мүмкіндік қалдыр­мады – 5:0. Ал 70 килода сынға түскен Дамир Синеев тәжікстандық Мирзобахтиярхон Атаевты бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Мадияр Бексұлтанов (80 кило) та Ирак бокс­шысы Мехди Раад Хави Әл-Саедті айқын басымдықпен (5:0) жеңді.

Амманда өтіп жатқан Азия біріншілігі 14 наурызда аяқталады.