Экономика • 04 Наурыз, 2022

7 банк SWIFT-тен ажыратылды: Мұның қарапайым адамға қандай қаупі бар

418 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуроодақ жеті ресейлік банкті SWIFT (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications – дүниежүзілік банк аралық қаржылық телекоммуникация қоғамдастығы) жүйесінен ажырату туралы шешім қабылдады.

7 банк SWIFT-тен ажыратылды: Мұның қарапайым адамға қандай қаупі бар

Батыс санкциясына іліккен қаржылық қызметтер көрсетумен айналысатын ресейлік банктер 12 наурыздан бастап SWIFT жүйесінен ажыратылды. «Қара тізімде» ВТБ, «Открытие», Промсвязьбанк, Совкомбанк, «Россия» банкі, Новикомбанк, және ВЭБ мемлекеттік корпорациясы бар. Еурокомиссия өкілдерінің айтуынша, 12 наурызға дейін еуропалық банктер қазіргі транзакцияларын аяқтап үлгеруі тиіс.

Ұлыбритания барлық ресейлік банкті SWIFT-тен өшіру керек деп есептейді. Сыртқы істер министрі Лиз Трасс бұл мәселені серіктестермен талқылауды жоспарлап отыр.

«Біз әрі қарай жүруіміз керек. Бірде бір ресейлік банктің SWIFT-ке қолжетімсіз болуына көз жеткізуіміз керек» деді Трасс. Аталған мәселе 4 наурыз күні G7 кездесуінде және АҚШ, Канада және Украинаның қатысуымен өтетін Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің кездесуінде талқыға салынбақ.

 «ВТБ Қазақстан» жұмысы қалай өзгереді?

Аталған банктердің тізімінде бар ВТБ-ның Қазақстанда да жұмыс істейтіні белгілі. Тізім жарияланған соң көп өтпей Visa компаниясы да «ВТБ Қазақстанмен» серіктестікті тоқтататынын мәлімдеді. Egemen тілшісі банк басшылығына хабарласып, халықаралық шектеулердің банктің қазақстандық бөлігіне қандай әсері боларын сұрады.

«Банктің осы төлем жүйесінен ажыратылуы (VISA) клиенттердің ақша қаражатының сақталуына әсер етпейді. Қолма-қол ақшаны алу үшін клиенттер ВТБ (Қазақстан) банкінің банкоматтарын пайдалана алады. Банк жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуді жалғастырады, олар ұсынатын қаржылық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді және әр мәселені жеке және мүмкіндігінше жедел шешуге дайын. Біз клиенттерімізге және серіктестерімізге түсіністік, тыныштық және қалыптасқан жағдайда қаржылық сауаттылық үшін алғыс айтамыз» делінген банк жауабында.

Банк өкілдерінің айтуынша, SWIFT жүйесінен ажырау да ВТБ-ның Қазақстандағы жұмысына әсер етпейді:

«Өйткені ел ішіндегі клиенттердің операцияларын қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығы (ҚБЕО) өңдейді. Ресей рубліндегі трансшекаралық операциялар банк қаржылық хабарламаларды беру жүйесі (БҚХЖ) арқылы өңделеді. Банк басқа валюталық операцияларды уақытша жүргізбейді».

Банктің хабарлауынша, азаматтардың өз депозиттеріне алаңдауының да реті жоқ. Қаржылық қауіпсіздікке толыққанды кепілдік беріледі дейді.

«Банк депозиттер бойынша барлық міндеттемелерді орындайды, салымдар бойынша пайыздарды есептейді және төлейді. Сондай-ақ клиенттердің шоттарынан ақша қаражатын беру бойынша міндеттемелерді орындайды. Клиенттер бөлімшеде және қашықтағы арналарда депозиттер ашып, оларды басқара алады. Банк ВТБ (Қазақстан) қазақстандық салымдарға кепілдік беру жүйесінің қатысушысы, бұл да клиенттер қаражатының сақталуына кепілдік береді» деп жауап берді банк баспасөз қызметі.

Бізге берген мәліметке сүйенсек, Банк ВТБ (Қазақстанда) жұмыс істейтін еншілес банкке қолдау көрсетеді және қосымша қаржыландыру ұсынады.

Банк ВТБ (Қазақстанда) – Қазақстан Республикасының резиденті және елдің заңнамасы шеңберінде жұмыс істейді. Клиенттердің ВТБ (Қазақстан)-да орналастырылған барлық қаражаты бөлімшелерде де, қашықтық арналарда да қолжетімді. Оларды бұрынғысынша толық көлемде пайдалануға болады, олар үшін Қазақстан аумағында операциялар жүргізу қолжетімді. Банк ВТБ (Қазақстанда) қазіргі уақытта клиенттер мен серіктестері алдындағы өз міндеттемелерін орындай отырып, қаржылық қызметтердің негізгі түрлерін ұсынуды жалғастыруда» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салайық, Банк ВТБ (Қазақстанда) АҚ ЕҰ – ВТБ халықаралық қаржы тобына кіреді. Бүгінгі таңда банктің еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан 17 филиалдан тұратын филиалдық желісі бар. Орталық кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

 SWIFT дегеніміз не?

SWIFT (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications – дүниежүзілік банк аралық қаржылық телекоммуникация қоғамдастығы) – арнайы желі бойынша аударым, төлем және құнды қағаздарды айырбастау туралы деректермен алмасып отыратын жүйе. Ол ешқандай активтерге ие емес және клиент шоттарын бақыламайды. Алайда шоттардың жаһандық қолданысына, икемділігі мен ыңғайлылығына байланысты оған қолжетімділік маңызды саналады.

Жүйе 200 елдегі 11 мыңнан астам қаржы мекемесін біріктіріп отыр. SWIFT жеке қауымдастық саналады және штаб-пәтері Бельгияда орналасқан. Компания бұған дейін бірнеше рет қандай да бір санкция туралы шешім қабылдауға өкілеттілігі жоқ екенін мәлімдеген. Елдер мен жекелеген субъектілерге қатысты санкцияны енгізу және алып тастау туралы кез келген шешім құзырлы мемлекеттік органдар арқылы қабылданады.

Өткен аптада SWIFT заңдық нұсқау алғаннан кейін РФ-ның жекелеген банктерін жүйеден ажыратынын мәлімдеді.

«Біз Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ басшыларының кейбір ресейлік банктердің біздің қаржылық хабар алмасу қызметтерімізге қол жеткізуін шектеу үшін жаңа шаралар енгізу ниеттерін білдіретін бірлескен мәлімдемесі туралы білеміз. Дипломатиялық шешімдер бұл дағдарысты тоқтатуға орай SWIFT-тің де күш қосуына алып келді және біз әрқашан санкция туралы қабылданған заң талаптарын сақтаймыз» деп хабарлады.

Осындай тықырдың түбі бір таянарын сезген болар, Ресей 2014 жылдан бастап SWIFT-тің аналогы іспетті қаржылық хабарламаларды жіберу жүйесін құрған. Ресей Орталық банкінің дерегінше, 2020 жылы аталған жүйе арқылы жіберілген хабарламалар үлесі SWIFT-тің ресейішілік тарифінен 20 пайызға асқан. Оған 331 ұйым қосылыпты. 

 Қаржы алаяқтары

SWIFT мәселесін қалай пайдаланып жатыр?

Осындай қысылтаяң кезде пайда көріп қалғысы келетін алаяқтар қашан да табылады. Сарапшылардың айтуынша, фишинг алаяқтар өздерін қазақстандық әлдебір банктің қауіпсіздік қызметкері деп таныстырып, банктерді SWIFT жүйесінен ажыратуға байланысты клиент ақшасын басқа бір «қауіпсіз» шотқа көшіру туралы ұсыныс жасайды.

Ол үшін арнайы қосымшаны жүктеуді сұрап, ол қосымшаның қаржыны басқа шотқа аударуға және ақшасын қауіпсіз жерде сақтауға мүмкіндік беретінін айтады. Не болмаса карта реквизиттерін, картаның теріс бетіндегі үш сандық кодты, картаның қызмет ету мерзімін және SMS арқылы келетін растау кодын сұрайды. Өзіне қажет ақпаратты алып болған соң әңгімені үзеді, іле-шала банктік шотыңыздағы қаржыңыз нөлге айналуы мүмкін.

«Хабарласушы сіздің қаржыңыз және оны құтқару туралы айта бастағанда-ақ қоңырауды үзіп тастаңыз. Банк қызметкері ешқашан сіздің құпия деректеріңізді сұрамайды және бірінші болып хабарласпайды. Ондай кезде дереу банкке хабарласып, мәселенің анық-қанығына жеткен абзал. Есте сақтаңыз, банк қызметкері клиенттен телефон арқылы: картаның толық нөмірін, әрекет ету мерзімін, CVC/CVV кодтарын, интернет-банкингтің логин, құпия сөздерін, код сөздерін, SMS-пен келген растау кодтарын сұрамайды. Тек сіз әлдебір шаруамен банкке бірінші болып өзіңіз қоңырау шалғанда ғана сұрауы мүмкін» деп ескертеді сарапшылар.

Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпан күні Украинада әскери операция бастауға бұйрық берді. Бірақ кейінірек ахуал соғыс сипатына көшіп, ресейлік әскер Украинаның бірнеше қаласына шабуыл бастады. Украинаның аумақтық тұтастығына төнген қауіпті ескеріп АҚШ және Еуроодақ елдері Ресейге бірнеше санкция жариялады.