Аймақтар • 07 Наурыз, 2022

Шын өнер өміріне көрік берген

222 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Күн құланиектеніп атып келе жатқанда биік көктен билеп ойнап ақ ұлпа қар жауған. Төңіректің бәрі көзқарықтырардай аппақ-ау, аппақ. Кіршіксіз, аппақ әлемде Ирина Харламова өзі жұмыс істейтін балабақшаға аяғы жерге тимей асығып келеді. Ежелден табиғаттың осындай бір тазалығын ұнататыны бар. Жан тазалығына, ар тазалығына ұқсас көркем көрініс көкіректегі пейіліне тым жақын, тым ыстық.

Шын өнер өміріне көрік берген

 

Ирина Владимировна шуақ атаулыны ет жүрегі елжірей сүйеді, әсіресе, адамдардың бойынан себезгілейтін шуақ нұрын, жан дүниесіне қуат берер сәулені. Өзі де жақсы мен жайсаңның алақан жылуын, жүрек жылуын көп көрген. Сол үшін де шын пейілден ақ алғысын айтудан жалыққан емес.

Тұл жетім Ирина Владимировна үшінші сыныпқа дейін жамағайын тәте­сінің қолында болды. Содан соң Ақ­көлдегі балалар үйі. Бала көңіл тұл же­тім­діктің не екенін жете түсіне қой­ған жоқ. Өзі тәрізді жеткіншектер көп екен. Бірден бауыр басып кетті. Өйт­кені кеудесінен кері итеретіндер болған жоқ, қайта бауырларына тартты. Тағдыр еркелетпесе де, қоғам, айна­ласындағы орта кекілінен сипап, көңі­лін жұбатты. Тәтесіне ешбір өкпе айта алмаса керек-ті, өзі де жалғызбасты адам­ның өзгеге қамқор болуға қауқары қайдан жетсін?! Шын жаны ашып, ет жүрегі елжіреп тұрса да тәлімді тәрбие бере алмасын сезінген болар. Жамаулы көйлек кигізіп, жанын жүдеткенше, балалар үйі дұрыс деп шешкен шығар-ау. Тәтесінің болжамы теріс кеткен жоқ. Әншейінде былайғы жұрт атауы­нан шошитын балалар үйі құбыжық кейіптес емес екен. Туған Отанының, өскен елінің қапысыз қамқорлығы да. Ақкөлдегі балалар үйінде тоғыз отбасы болды. Оқырманға түсінікті болуы үшін отбасының қарапайым тіл­мен айтқанда, топ екендігін таратып айта кетелік. Тұлымы желбіреген кішкентай қыздар бірыңғай бір топта, ұлдар да солай. Бой жетіп қалған қыздар мен ер же­тіп қалған ұлдар өз алдына бір бөлек. От­басының барлық жағдайы туғызылған, тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі бар, ең бастысы, балалардың арасында бір-біріне деген құрметпен қарайтын, ізетпен қарым-қатынас жасайтын әдемі дәстүр қалыптасқан.

Бірде балалар есік алдынан кіш­кен­тай күшік тауып алыпты. Түймедей көздері мөлт-мөлт еткен қол басындай же­­тім күшік. Әлгі күшікке әдемілеп үйшік істеген. Тәмам бала асханадан та­мақ тасыған. Сіңіріне ілініп, әзер жүр­ген күшік жетім балалардың қам­қор­лығынан кейін доптай домалап қал­­ды. Қара күшікке Черниш деген ат қойды. Қолдары босай қалғанда бар­лығы Чернишпен ойнап, еркелетіп, қы­дыртуды жақсы көретін. Өздері тасбауыр тағдырдың теперішін көріп жүрсе де, жетім күшікті жебеп, анық ажал аузынан аман алып қалғандары ғажап еді.

Жетінші сыныпта болуы керек, хо­реографияның қатты қызықтырғаны. Оған Ирина Поданева есімді тәрбиешісі себеп болды. Ирина Александровна әде­мі өнердің қыр-сырын түсіндіріп, жас қыздың көңілін аулай түсті. Би өнері­нің алғашқы әліппесін жан-дүниесімен ұғын­ған соң Ирина Владимировна бо­лашақта өмірін осы өнермен байланыс­тырамын деп берік шешімге келген. Солай болды да. Орта мектепті бітірген соң Көкшетау қаласында Ақан сері атын­дағы жоғары мәдениет колледжінің халықтық көркем өнер мамандығына құ­жат тапсырған. Мектепте жақсы оқы­са да, би өнері бейтаныс болмаса да, тұла бойында шын өнерге деген ынта-ықыласы шүпілдеп тұрса да, балаң кө­ңілде алаң сезім бар еді. Түсе алмаса қайт­пек, болашаққа деген үміті үзіле ме? Қолтығынан демейтін ата-анасы да жоқ қой.

– Әйтеуір, мектепте жақсы оқығаным сеп болса керек, емтихандарды еш қи­налмай тапсырдым, – дейді Ирина Вла­димировна, – аңсаған арманыма жет­кендегі қуанышымды көрсеңіз ғой, тө­бем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Бо­лашақта хореография ұжымының жетек­шісі боламын. Бір кезде өзім аңсаған, көңілім құлай сүйген ұлы өнерге жас ұрпақты баулығанға не жетсін?! Талай балауса көңілдегі балдырған арман­ның шоғын үрлеп жандырсам, мынау жарық дүниеге келіп, адам болып өмір сүргенім бекер болмайды ғой.

Колледж қабырғасындағы білім нә­рін сіңірген, сол білімді тәжірибемен ұштаған төрт жыл қас пен көздің ара­сындағыдай өте шықты. Жай өткен жоқ, өзіндік дәстүрі қалыптасқан оқу орнында тәп-тәуір білім алды. Сабаққа ынталы қыз өте жақсы оқыды.

– Ирина сабаққа өте ынталы, тәр­тіпті қыз болды, – дейді жоғары мәде­ниет колледжінің музыкалық пәндер оқыту­шысы Ирина Зайцева, – үлгерімі де жақсы. Бүгінде Степногор қаласында абыройлы еңбек етіп жүр.

Бұл кезде аталған оқу орнының «Жар­­қын» халықтық би ансамблінің атағы жер жарып тұрған кезі. 2012 жы­лы облыстық ұлттық жастардың Дель­фий ойындарында бірінші орын алған. Республикалық осы тақылеттес сайыста да күміс жүлдеге ие болды. 2013 жы­лы Түркияда өткен фольклорлық ансам­бль­дердің VІ фестиваліне қатысып, мәр­тебелері өсті. Міне, осындай жетістіктер оқу орнында білім алушы жастарды қа­нат­тандыра түсті.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, өміршең өнердің оты маздап тұрған колледждегі өмірі тіршіліктегі ең бір мерейлі сәті екен. Колледж директоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иелері Құралай Ыдырысова оқу орнында білім алып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жетім балалардан қамқорлығын аямаған.

– Ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді Ирина Владимировна, – менің жү­регімдегі ұлы өнерге деген ұмтылысты ұштап, көзқарасымды қалыптастырды. Колледжде мәдени шаралар жиі өтетін. Сүйікті ұстазымыз А.Погорелый же­тек­­шілік ететін «Самоцветы» би ансам­блі облыстық, республикалық байқау-­
ларға жиі қатысып, жүлделі орындар­ды иеленіп жүрді. Біз де осындай бай­қауларға қатысып, өнер шыңдадық, тәжі­рибе қалыптастырдық. Жайлы жатақха­нада тұрдық. Шәкіртақымыз күн көрі­сімізге толық жетті, ештеңеге мұқтаж болған жоқпыз. Өнер адамдарының ара­сында жүріп, бір-бірімізбен шынайы адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасауды үйрендік. Адамды құрметтей білуге тәрбиеледі. 2016 жы­лы осы оқу орнын бітірген соң алдым­да жаңа жол тұрды. Әрине, мен туған өлкеме бет алдым. Сол жердегі «Рас­свет» жазғы балалар лагерінде жұмыс істеген болатынмын.

Кейін Степногор қаласына қо­ныс аударған. Шағын қаладағы №2 «Бал­дырған» балалар бақшасына би үйір­месінің жетекшісі болып орналасқан. 2011 жылы білімін жетілдіруге құмар Ирина Владимировна қайта даярлау­дан өтіп, педагог-модератор санатына ие бо­лыпты.

– Шағын қалада осындай мамандық иелері өте қат, – дейді «Балдырған» балалар бақшасының директоры Гүл­нар Ыдырысова, – оның үстіне кіш­кентай балаларды үлкен өнерге бау­лып, тәрбиелеуге жаны құмар дәл Ирина Владимировнадай маман табыла бермейді. Өзі де білімін жетілдіруге ын­талы. Тек тұрмыстық жайы қиындау болып жүр. Бұрын ата-анасынан қалған пәтерлері болған екен, апасы тұрмысқа шыққанда әлгі үйді сатса керек. Сол се­бепті баспанасыз жүр. Қазір жолдасы, екі баласымен бірге пәтер жалдап тұрады. Осы бір жай жанына батып жүр.

Кейіпкеріміздің ендігі арманы Мирон мен Богдан есімді қос ұлын таң­ғы шықтай мөлдіреген ананың аппақ махаббатына орап, тәрбиелеп өсіру. Өзі ана мейірін, ана пейілін көрмеген соң тал бойына жиналған іңкәр сезімді перзенттерінің бойына құйып, гүл жайнатып өсірмек.

Иринаның шәкірттері қалаішілік бай­қауларға жиі қатысады. Тіпті, 2021 жылы Павлодар қаласында өткен халықаралық байқауға қатысып, жүлдеге де ие бол­ғаны бар. Шағын қаланың шырайын кел­тіретін балдырғандар да қаулап өсіп келеді.

Міне, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жаңа заманның талабына толық жауап беретін балабақша. Асыға басқан Ирина Владимировна да жетіп қалды. Балабақшаның алдында қайың ағаштары өсіп тұр. Солтүстіктің суығына тоңған, енді бірер күннен соң аспаннан нұр төгіліп, қара жердің қыртысы жібіп, тамырына нәр бармақ. Сол сәтте ақ қа­йыңдар жасыл желегін жайқалтып, қау­лап өсетін болады. Адам да осы-ау деп ойлаған Ирина Владимировна, тағдырдың қысы тоңдырса, көктемнің шуағы көңілін құлпыртады. Тек тамырға жетер нәр керек. Ол нәр әр пенденің пешенесіне жазылған өмір сыйы. Мей­лі ол өнер болсын, мейлі ол кәдімгі қарапайым тіршілік болсын, қалай бол­ған күнде де жан жылуы. Барша адамзат сол жылумен көктемек. Қара жерге тал ексең, биікке бой салып өскісі келеді емес пе? Бір кезде өзі де балаң күйінде, сәби кезінде жарқын өнердің жасампаз лебімен құлпырғысы келген. Сол сәтте көңілі көктемге айналып, көбелекше ұшып-қонып, қызылды-жасылды әлемді кезіп кететін. Енді міне, өзі де тәмам балдырғанды баулып жүр. Ұстаздарының ұлағатты болғаны қандай жарасымды?!

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы