«Қазақстан Республикасы Президентінің реформалары: жастардың рөлі мен үлесі» тақырыбындағы кездесу барысында Мемлекет басшысының елді жаңғырту жөніндегі бастамалары мен партиялық жаңару мәселелері талқыланды. Сенаторлар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі «Жаңа Қазақстан» реформасында көзделген бағыттар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Студенттер болашақ маман ретінде еліміздегі жұмыссыздық мәселелерінің шешілуіне назар аударды. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Б.Исабаев Президенттің тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамту және жұмыс орындарын көбейту үшін қазірдің өзінде 10 ұлттық жоба іске асып жатқанын, ол 2025 жылға дейін жүздеген мың жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін атап өтті. Сенатор әлеуметтік саладағы жастарға тікелей әсер ететін реформаларға да тоқталды. «Ірі қалаларда сатып алынбайтын, жастарға жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы іске қосылды. Қазірдің өзінде аса маңызды құжат – Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатыр. Кодекс аясында азаматтардың әлеуметтік құқықтары жүйеленіп, ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүзеге асатын болады. «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу кезеңінің мерзімі мен еңбекақы мөлшері ұлғайтылды», деді сенатор.
А.Күрішбаев жоғары оқу орындарында жастарды тәрбиелеудің ұлттық құндылықтарға негізделген тұрақты жүйесін құрудың маңыздылығын айтты. «Мемлекет басшысы жаңа сын-тегеуріндерге қарсы тұру үшін ұлттық құндылықтарды қорғай білу керектігін атап өткен болатын. Біз жоғары білім алып жатқан жастарымызға зор үмітпен қараймыз, ол Президент айтқан елдің экономикалық жаңғыруының алғы легінде болып, аға буынның жасампаз істер эстафетасын жалғастыруға тиіс. Ол біздің қоғамның тұрақты дамуының негізі – халықтың бірлігі, оның мәдениеті, тілі мен дәстүрлері сияқты басты құндылықтарымызды қорғап, көбейтуі керек», деді сенатор.
Кездесуде партиялық жаңарулар мәселесі де талқыланды. Б.Исабаев Amanat партиясының қызметін жаңғыртуға бағытталған Мемлекет басшысы алға қойған басым міндеттер туралы айтты. «Саяси кадрлар даярлау – Amanat партиясының маңызды басымдығы. Сіздерге жас буын өкілдері ретінде ойымды жеткізгім келеді. Белсенді болып, өз жолдарыңызды тауып, тағдырдың кірпіші болып қалансаңыздар деймін. Сондай-ақ саяси партиялардың жұмысына қатысу да маңызды. Елдің болашағы осыған тікелей байланысты. Біздің Amanat партиясы жас ұрпаққа сенім артатын болады», деді сенатор.
Студенттер кездесу барысында әлеуметтік әділ лифті болуын қамтамасыз ету, техникалық кадр даярлау, көпбалалы отбасылардың проблемаларын шешу, ауылдарды дамыту және басқа да мәселелер бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойды.