Пікір • 07 Наурыз, 2022

Дамудың кезекті кезеңі күтіп тұр

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі жетекші саяси партияның аты өзгеріп, ребрендинг жасап жатқаны өзгерістің басы деп бағалануы керек сияқты. Партиялық дамудың бір кезеңі өтті десек болады. Енді жаңа кезең күтіп тұр.

Дамудың кезекті кезеңі күтіп тұр

Партия әрі қарай қалай жылжуы мүмкін дегенге келсек, көп дүние құрамындағы адамдарға байланысты. Оның үстіне бұл билік партиясы болып есептеледі.

Партия құрамы қазіргіден де жаңара түседі деп үміттенеміз. Онсыз да осы­ның алдындағы съезде айтарлықтай жаңарғанын білеміз. Партия органының басқару құрамына басқа адамдар енді дегендей. Бұрынғылардың бір бөлігі құрамнан шығарылды да. Осы тұрғыдан алсақ, қандай да бір қозғалыстың бар екені анық байқалады. Оның ішінде кадрлық тұрғыдан да, партия саясаты тұрғысынан да қозғалыс бар деп айта
аламыз.

Енді не болады десек, бұл Президенттің наурыз айының ортасында елдің саяси даму жолы туралы не айтатынына, қандай мәселелерді күн тәртібіне шығаратынына қатысты. Нақтылай айтқанда, көп мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде елдің саяси дамуын қалай көретініне, көзқарасы қалай болатынына тікелей байланысты. Осы мәселеге жауап іздеген кезде партияның қалай алға жылжитыны туралы нақтырақ болжам айтуға болады.

Әзірге Президент осы партияның басшысы болғандықтан, Amanat пар­тиясының алға жасайтын қадамы да сол кезде айтылатын мәселелерге негізделеді деп ойлаймын. Президент осы жолы жаңа саяси ұсыныстар айтады деп топшылап отырмын. Партия осы реформалар аясындағы нұсқаулармен, шешімдермен қаруланып, екінші тынысы ашылады деп есептеймін.

 

Марат СӘРСЕМБАЕВ,

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің бұрынғы мүшесі,
заң ғылымдарының докторы,
профессор