Хоккей • 07 Наурыз, 2022

«Барыс» тағы жеңілді

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Гагарин кубогы жолындағы плей-офф бәсекесінде бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» бұл жолы да «Металлургтен» айласын асыра алмады. «Барыс Аренада» өткен үшінші кездесуде қонақтар 5:3 есебімен же­ңіске жетті.

«Барыс» тағы жеңілді

Магнитогорскіде өткен алғашқы екі ойында екі команда да бір-бір жеңіске қол жеткізген еді. Бірінші матчта «Барыс» 3:2 есебімен басымдық танытқан болса, екінші кездесуде мұзайдын иелері жеңіске жетті – 6:2. Елордадағы үшінші бәсекеде де қарсыластар қарымды болды. Ойынның алғашқы минуттары «Барыстың» басымдығымен басталса да, 2-минутта сан басымдығына ие болған қарсыластар оңтайлы сәтті мүлт жіберген жоқ. Семён Кошелев мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Бұдан кейін де «Металлург» хоккей­шілері Ортио қорғаған қақпаға жауапсыз төрт шайба соқты. Гол авторлары – Павел Акользин (22-минут), Филипп Майе (24-минут), Григорий Дронов (35-минут), Максим Карпов (44-минут).

Таблодағы көрсеткіш 5:0-ге жеткен кезде ғана «Барыс» ойыншылары ес жия бастады. Бірақ бұл кезде матчтың аяқталуына 11 минут қалған еді. Десе де осы уақыт аралығында жерлестеріміз қарсылас қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Бұл ойында Кёртис Валк (49-минут), Никита Михайлис (51-минут), Коди Куник (59-минут) мергендік танытты.

Екі команда арасындағы төртінші кездесу бүгін де елордада өтеді.