Әлем • 07 Наурыз, 2022

Қытай билігі Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа дайын

552 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытай билігі «Орталық Азия - Қытай» саммитінде қол жеткізілген нәтижелерді жүзеге асыру үшін Орталық Азия (ОА) елдерімен ынтымақтастыққа дайын. Мұндай мәлімдемені ҚХР сыртқы істер министрі Ван И дүйсенбі күні жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қытай билігі Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа дайын

«Қытай дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өткен саммит («Орталық Азия - Қытай») нәтижелерін жүзеге асыру үшін бес елмен ынтымақтасуға, эпидемияның алдын алу, өндірістік қуаттылық, энергетика, ауыл шаруашылығы, гуманитарлық ғылымдар, цифрлық экономика және жасыл даму саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге дайын», - деп атап өтті Ван И.

Еске салайық, 2022 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына арналған «Орталық Азия - Қытай» мемлекет басшылары саммитіне қатысты.

Қазіргі уақытта Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Халық жиналысы үйінде Жалпықытайлық халық өкілдері жиналысының (ЖХӨЖ) дәстүрлі сессиясы өтіп жатыр. Ол жұма күні аяқталады.

ЖХӨЖ сессиясында ҚХР экономикалық даму, сыртқы және қорғаныс саясаты мәселелері қаралып жатыр.