Қазақстан • 07 Наурыз, 2022

Алаш қызы ғарышқа қашан ұшады?

926 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемге мәшһүр әйгілі өлкенің бәйгілі жұрты болған соң, өзгелер жеткен биіктен өзімізді де көргіміз келеді. Әзірше біздің елге бағынбай тұрған белестің бірі – қайсар қыздарымыздың ғарышқа жол сала алмай жүргені. Біздің бұрымдылар үшін ғарыштың шынымен алыс болғаны ма?

 

Сәл шегініс жасап, 2015 жылдың қыр­күйе­гіне оралайықшы. Отандасымыз Айдын Айымбетов ғарыштан оралған соң, «Қазақ­стан­нан ұшатын келесі ғарышкер әйел бол­мақ» деген әңгіме тарады. Содан бері де жеті жыл өтіпті. Бірақ сүйінші хабардың ауылы әлі алыс секілді ме, қалай...

Шынында да, қазақ қызының ға­рышқа ұшуы айтулы оқиға болар еді. Қиын-қыстау кезеңде-ақ аспан көгін бағындырған Хиуаз Доспановадай ұшқыштың сіңлілері үшін ғарыш көгіне көтерілу аса бір қиындық тудырмаса керек. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов те дәл осы пікірмен толықтай келісетінін айтты.

– Қазақ қыздарының ғарышқа ұшар күні алыс емес. Олардың дене дайындығы, білім-ғылым тұрғысынан әзірлігі өте жоғары деңгейде. Жігіттерден әсте кем емес. Сон­дықтан болашақта біздің елден әйел ғарышкерлер шығарына сенімдімін. Осы жолды таңдап, дайындық үстінде жүрген бұрымдылар баршылық. Қа­зіргі балалардың да ғарышқа деген қызығушылығы жоғары. Мәселен, елор­дадағы оқушылар сарайында жас ға­рышкерлер мектебі бар. Мектепке жазылғандардың ішінде оқушы қыздар да бар. Болашақ ғарышкер қыздарымыз әлгі мектепте де жүрген шығар, кім білсін, – деді Айдын Айымбетов.

Өкінішке қарай, «Қазақстан ғарыш сапарының» басшысы «Олар кімдер? Есімдерін атауға бола ма?», «Нақты қашан ұшады?» деген сауалдарымызды жауапсыз қалдырды. Сірә, арық айтып, семіз шыққысы келетін секілді. Оның үстіне ғарыш жабық һәм құпия сала ғой. Сондықтан мұндағы жаңалықтың бәрін жарқыратып жайып тастауға болмайды.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәукіров те болашақта қазақ қыздарының ғарышқа ұшарына сенімді.

– Ғарышқа тектен-тек ұшпайды. Негізгі мақсат – ғылымға үлес қосу. Демек, осы жолда жүрген қыздарымыздың ғарышқа ұшатын мүмкіндігі бар. Ғарышкер нақты ғылыми бағдарды ұстанып барып ұшуы керек. Оның ғарыш көгін бағындыруы жай ғана абырой емес, елдің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешетін тиімді қадам болуға тиіс. Әйелдер қауымының ғылымда жоғары жетістіктерге жетіп жүргені, олардың тапсырылған шаруаға аса жауап­кершілікпен қарайтынын ескерсек, қазақ қыздарына да кезек келеді әлі, – дейді Тоқтар Әубәкіров.

Әйел ғарышкерлер туралы әңгіме қозғалса көпшіліктің ойына Валентина Терешкова мен Светлана Савицкая оралады. Бірақ 2021 жылдың соңындағы дерек бойынша әлемде 68 әйел ғарышты бағындырған.

Дәл қазіргі уақытта қытайлық Ван Япин мен америкалық Кейла Бэррон ғарыштағы сапарларын әлі жалғастыруда. Алғашқысы өткен жылдың 15 қазанында, соңғысы 11 қарашада жолға шыққан.

Қазіргі уақытқа дейін 9 мемлекеттің қыздары ғарышқа ұшқан. Мәселен, 68 әйел ғарышкердің 53-і – америкалық. Бесеуі – КСРО/Ресей өкілі. Канада, Жапония және Қытай ғарышқа екі әйел ғарышкерді аттандырған. Ұлыбритания, Франция, Италия және Оңтүстік Корея бір-бір өкілін ғарыш көгіне жіберген.

Ғарышты игерген санаулы елдердің қатарындағы Қазақстаннан әйел ғарыш­кер­лердің шығарына әлем сенеді. Біздің де күмәніміз жоқ. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін қазақ қыздарына ғарышқа самғайтын күн де алыс емес!