Сұхбат • 07 Наурыз, 2022

Гүлжан Құрманбекова: Еліңе қажет екеніңді сезіну – зор мәртебе

855 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркістан облысында тұңғыш рет әйел адам қала тізгінін қолына алғаны жөнінде жергілікті ақпарат құралдарының жарыса жариялағанына да жылға жуықтапты.

Гүлжан Құрманбекова: Еліңе қажет екеніңді сезіну – зор мәртебе

Әйел – отбасының ұйытқысы, отбасының ғана емес, жалпы қоғамда бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Яғни әйел ең алдымен – ана. Осы орайда мереке қарсаңында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбековаға жолығып, алдымен үйдің шаруасы мен түздің тірлігі жөнінде сұраған едік.

– Мерекеңізбен, Гүлжан Ма­мыт­қызы! Қала әкімі ретіндегі әрбір әрекетіңіз жұртқа мәлім, көптің алдында елмен біргесіз, ал отбасы тірлігіне қаншалықты уақыт бөлесіз? Үй шаруасын жұмыспен қалай үйлестіресіз?

– Қазіргі кезде көп адамның көкейінде «мемлекеттік қызмет – демалыста да жұмыс істеуді, жұмыс кестесінен тыс уақытта кабинетте қалып, оған толықтай өзін арнауды қажет етеді» деген ой басым. Дегенмен әр істі жоспарлы түрде жасаса, барлығына үлгеруге болады. Әрине, жақындарыңнан бөлек, еліңе, жеріңе қажет екеніңді сезіну – зор мәртебе. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті де, отбасын да қатар алып жүрген әйел-аналар аз емес. Өзім бос уақыт табыла қал­са отбасыма асығып тұрамын. Қызметті де, үй шаруасын да қатар алып жүруге тырысамын. Бірың­ғай жұмыс соңында кетуге болмайды. Шаңырақта мамыражай тірлік пен береке болғанына аса мән беремін. Жұмыста талапшыл болғаныммен, отбасы берекесі мен бала тәрбиесіне, үй шаруасына көп көңіл бөлуге ұмтыламыз. Мем­лекеттік қызметшінің жұмы­сы адамнан білімділікті, жан-жақ­­тылықты, жауапкершілік пен тө­зімділікті қажет етеді.

Өзім көп­балалы отбасында өстім. Әкем мен анам еңбекқор етіп өсірді. Жалпы, көшеде, жиын іс-шараларда, қоғамдық қабылдауларда тұрғын­дармен жиі кездесіп, олар­дың өтініш-пікірлерін тыңдаймын ғой. Сонда көтерілген мәселелер шешімі табылып жатса, олардың шын ризашылығын естіп жатсам, маған осы сарқылмас күш-қуат береді. Сондықтан болар, жұмыстан үйге қайтқанымда шар­шағанымды ұмытып кетемін. Кейде инстинкт бойынша асха­на­дағы жұмысты сағынып тұ­рамын. Бос уақыт табылған бойда бейнебайланыс арқылы елор­дадағы немерелеріммен жиі сөйлесемін. Сол арқылы да жаңа күнге жаңа энергия аламын десем артық айтқандық емес. Одан бөлек отағасының кеңес-пікірін тыңдаймын. Оның түсінігі маған зор қолдау болып табылады.

– Жалпы, әйелдердің ана ретінде, жақсы қызметкер ретін­де қалыптасып, өз қабілетін то­лық­қанды іске қосуы үшін не істеу қажет?

– Әйел адамның қабілет-қарымы толыққанды ашылуы үшін оның айналасында жайлы орта қалыптасуы қажет деп ойлаймын. Өзім жайлы айтар болсам, бұл бағытта жолым болды деп есептеймін. Аллаға сансыз шүкір! Өйткені мен өмір бойы еліне қызмет етіп, ақ адал маңдай терімен ұл-қызын асыраған әулетте туып-өстім. Атам – Дәуренбектің «халық жауы» атанып, кейіннен ақталғанын жарықтық әкем – Мамыт біздің құлағымызға жыр қып айтып отыратын. Ғұмыр бойы ұстаздық етіп, он баланы мә­пе­леп өсірген анамыздың да қыз өсі­рудегі ақыл-кеңесі мен тәлім-тәр­биесін қалай ғана ұмытайын. «Өте­містен туған он едік» деп Ма­хамбет ақын жырламақшы, бұл күнде бауырларым да менің ті­леуімді тілеп, қолдау көрсетіп келеді.

Затымыз әйел болған соң, ұр­пақ сүю – біздің басты бай­лығы­мыз һәм бақытымыз деп ойлаймын. Олай болса, қабілетің барын­ша ашыла түсуі үшін керек қол­­дау­дың келесісі – арқа сүйер аза­ма­тыңның көмегі дер едім. Жол­дасыңның көмек-қолдауының қан­шалықты маңызды екендігін ашып айтпасам да, көзіқарақты оқырмандар сезіп, түсініп отырған шығар. Содан кейінгі тіреудің тағы бірі – ұл-қызыңның өсіп, же­тіліп қызметке араласуы, үлкен өмір­ге қадам басуы және олардан тара­ған ұрпағың – немерелеріңнің самайынан иіскеумен келетін дү­ниедегі үлкен демеудің бірі екен. Солардың қылығын көріп – шар­шағаның басылып, көңілің мар­қаяды.

– Бүгінде Арыс қаласында 6 953 көпбалалы және батыр ана бар екен. Аналар сізді әйел ре­тінде жақын тұтып, ұсыныс-тілегі мен мұң-мұқтажын ашық айтатын болар. Жалпы, қа­ладағы аналарды қандай мә­се­ле­лер алаңдатады?

– Иә, қаламыздағы қыз-келін­шек­тер мен әйел, аналардың мұң-мұқтажын назардан тыс қал­дырмауға тырысамын. Өйткені қазір әлеуметтік желі – біздің қо­ғамның барометріне айналып кеткені қашан. Сондықтан да жеке өзім Фейсбук пен Инстаграм желісін мұқият бақылап, қа­да­ға­лап, сұрақ-сауалдарға едел-жедел жауап беруге тырысамын. Сол желіден байқағаным, мен әкім болып тағайындалғанда қалың бұқараның арасында күмәнмен қарап, сын тезіне алғандар да, қуанып, қолдағандар да болды. Бірақ ел арасынан ең көп ес­ти­ті­нім: «әйел әкім келді, біздің жай күйімізді жүрегімен сезіп, жан-дүниесімен түсінер деп үміт­те­неміз» деген сөз болды. Сол үміт­ті ақтауға тырысып келемін. Әкім болып келгеніме келер айда жыл толады. Бүгінге дейін 466 азаматты өз өтініштері бойынша жеке қабылдау өткізген болсам, соның ішінде 256-сы әйел екен. Олардың басым көпшілігі баспана мәселесі мен атаулы әлеуметтік көмек, құрылыс жұмыстарына байланысты түйткілдерді шешуге көмек сұрап келеді. Әрине, жұмыспен қамту жайы да күн тәртібінен тыс қалмайды. Шама-шарқымыз бен өз құзыретіміздің аясында олардың мәселесін шешіп келеміз. Мысалы, Арыста құрылған «Қолғабыс» қоғамдық қорының қолдауымен жақында ғана көпбалалы және жалғызбасты екі анаға тегін баспананы сыйға тарттық. Бұл жерде біз әкімдік ретінде істің жүзеге асуына бастама көтергеніміз болмаса, негізгі қаржыландыру мен іске асыруды елдің жанашыр азаматтары, яғни арыстықтар мен отандастарымыз үлкен үлес қосты.

Сондай-ақ Президент тапсырмасына орай, жыл басынан бері жергілікті тұрғындармен ашық диалог құрып, пікір алмасып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселесін шешу жолында әкімдік өкілдері апта са­йын әр ауылды аралап, жұртпен кездесу үрдісін жалғастыруда. Мүмкіндігімізге қарай, тұрғындар мәселесін мамандарымызбен кеңесе отырып, сол мезетте-ақ шешуге тырысып жатамыз.

– Облыс әкімі сізді та­ғайын­да­ған кезде шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті жандандыру және инвестиция тарту бойынша бірқатар міндет қойған болатын. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Арыс өңірін дамытуда Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаев айқындап берген мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар жүр­гізілуде. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз де аз емес. Жолдауда нақтыланған бағыт-бағдарлар бойынша өткен жылы Арыс қаласының іргесіндегі Онтам ауылында инвесторлар есебінен 150 орындық жекеменшік мектептің іргетасын қаладық. Сәтін салса, ол мектеп білім күні қарсаңында есігін айқара ашады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қаламыздағы орталық емхана жанынан гемодиализ орталығы іске қосылып, сырқат жандардың дертіне шипа дарыта бастады. Саналы ауылында салынатын заманауи үлгідегі медициналық кли­ника мен спорт және өнер мек­тебі, Қаражантақта күрделі жөн­деуден өтіп іске қосылатын ба­лабақша, ауыларалық қоғамдық көлік, мұның бәрі де Арыс өңіріне тартылып жатқан қыруар инвестиция. Қазіргі кезде қала іргесіндегі Ақдала ауылында да бұрынғы тойханалар спорт пен өнер мектебіне айнала бастады. Мұның артында мемлекеттің осындай үйірмелерді субсидиялап, қаржыландырылып жатқандығын атап өту керек.

Ал енді ауыл шаруашылығы бағыты бойынша айтар болсақ, жуырда ғана «Мубарак Агро» деп аталатын 400 бас қисары асыл тұқымды қой өсіретін шаруа қожалығы ашылды. Атакәсіпті қайта жандандыруды қолға алған серіктестікке қазірдің өзінде 200 млн теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек қожалық иесі 8 гектар аумаққа бау-бақша өсіруді қолға алған. Оның жанында құс фабрикасы іске қосылып, балық өсіретін то­ған салынады. Арыс қаласына қа­расты Қожатоғай ауылдық окру­гіндегі KAZ PLEMZAVOD ЖШС-на 8 мың бас мал алып келу бағытында жұмыс жал­ғасуда. SPK QAMQOR ауыл­шаруашылық өнімдерінің коопе­ративі биыл 100 гектар жерге жаң­бырлатып суару технологиясы арқылы соңғы үлгідегі су үнем­деу технологиясының көме­гімен құнарлы мал азығын дайын­дауды жоспарлап отыр. «Түркістан АГРО» ЖШС
5 мың гектар аумаққа мал азығы өнімдерін өндіру жобасын іске асырмақ. Алла сәтін салса, санау­лы күннен соң қаламызда түйе сүтін өңдейтін Кing milk зауыты іске қосылуға дайын тұр. Тізе берсек, атқарылған, қолға алынған, жоспарланған шаруа көп.

– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, әр ісіңіз жоспарланған. Шы­ныңызды айтыңызшы, кітап оқуға уақыт табасыз ба? Жұмыс кестеңізге сәйкес келе ме?

– Ақын Қадыр ақын Мырза Әлі айтпақшы: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын» қазына. Адамның адам болып қалыптасуына, сана, түйсігінің, жан әлемінің дамуында кітаптың алар жөні бөлек, орны ерек. Ендеше, біз қаласақ та, қаламасақ та кітап оқуға дағ­дыланып, үнемі өз-өзімізді же­тіл­діріп отыруымыз керек. Бұл жағдайға байланысты менің ойым осы. Сондықтан да қызмет бабы, жұмыс ыңғайына қарай кітап оқуға уақыт табамын. Мәселен, менің соңғы оқып жүрген «қазынам» – Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабы. Расымен де, бұл өзі әрбір қазақ оқуы тиіс баға жетпес дүние деп нық сеніммен айта аламын. Бұл тұрмыс-тіршіліктегі құндылықтарды дәріптейтін кемел адам болып қалыптасу жолында әр қазаққа дұрыс жөн сілтеп, жол көрсететін кітап. Сондықтан мен де оқырмандарға осы кітапты оқуға кеңес берер едім.

 

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Түркістан облысы