Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.
Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2005 жылы Ихсаноглу мырза ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінде сөз сөйлеген болатын. Содан бері ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы үнқатысу ұдайы жүргізіліп келеді. Екі ұйым ынтымақтастығы негізінен толеранттылық пен кемсітпеушілік саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасуды, ал соңғы уақытта сайлауды бақылау және адам құқығы мәселелерін де қамтитын болды. Ихсаноглу мырза мен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо өзара мезгіз-мезгіл байланыс жасап тұрады. Құрметті мейманды таныстыра отырып, Тұрақты кеңес мәжілісін ашқан елші Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының ИКҰ Хатшылығымен арасындағы жемісті тәжірибе алмасуларын айрықша атап өтті. ЕҚЫҰ ИКҰ құрамындағы Адам құқығы жөніндегі Тәуелсіз тұрақты комиссияның құрылуына және басқа да мәселелерге байланысты өз сарапшылық тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты. Өзара қажетті ынтымақтастық салаларының бірі терроризммен күрес болып табылады. 2001 жылы қабылданған Терроризммен күресу жөніндегі ЕҚЫҰ-ның Бухаресттік Іс-қимыл жоспарында, ұйым ЕҚЫҰ-дан тысқары аймақтық құрылымдармен, солардың ішінде ИКҰ-мен үнқатысуды кеңейтуге шақырды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің сегізі және әріптес 12 мемлекеттің алтауы ИКҰ-ға мүше болып табылады екен. Бұл жәйт екі ұйымды айрықша түйістіріп, өзара іс-қимылға қосымша негіз береді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, ал 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан екі ұйым арасындағы үнқатысуды тереңдетуге әзір. Сөзін бастай отырып, Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы екі халықаралық ұйымның мақсаттары мен міндеттеріндегі аса айырмашылықтарының жоқ екенін аңғартты. Екі құрылым жұмысы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Сондықтан да өзара тиімді іс-қимыл мен консультацияларды жан-жақты жандандыру қажет. ЕҚЫҰ, ал кейін ИКҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан екі ұйым арасын жақындастыратын мұрат қалдыратынына сенім білдірді. Былтырғы жылы өзінің 40 жылдық мерейтойын атаған Ислам Конференциясы Ұйымы бүгінгі күні 57 мүше мемлекеті және 5 бақылаушысы бар, жаһандық бейбітшілік, тұрақтылық, үйлесімділік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз етуді көздейтін белсенді халықаралық құрылым болып табылады. ХХІ ғасырға аяқ басқан ұйым өз қызметінде байсалдылық пен жаңарту қағидаларын басшылыққа алған. Бұлар ИКҰ-ның Онжылдық іс-әрекет бағдарламасы және Жаңа ИКҰ хартиясы атты екі құжатта жан-жақты баяндалған. Атап көрсетілген Онжылдық бағдарламаның мақсаттары терроризммен және экстремизммен күрес; тәуелсіз және егемен Палестина мемлекетін құру арқылы Палестина мәселесінің әділетті әрі тиянақты шешімін іздестіру; адам құқықтарын құрметтеу және сапалы мемлекеттік басқару; жанжалдарды болдырмау, жанжалдарды реттеу және жанжалдан кейінгі бейбіт өмірді орнату; экономикалық даму; климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну және басқа да экологиялық мәселелердің шешімін табу; әлеуметтік мәселелер, солардың ішінде білім беру, әйелдер, жастар мен балалар дамуы сияқты проблемаларды қамтиды. Құжат сонымен қатар өркениеттер арасындағы үнқатысуды жүргізу, соның аясында діни төзімсіздікпен, әсіресе исламофобиямен күресуді басым міндет ретінде айқындайды. ИКҰ жанжалдарды, солардың ішінде Палестина, Ауғанстан, Сомали, Дарфур және Ирак жан- жалдарын реттеу бойынша бастамалардың көбісіне қатыстырылған. Ихсаноглу мырза Палестинадағы жанжалдың жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төндіретін ең өткір қауіп екенін айрықша атап өтті. Алпыс жылдан астам шешімін таппай келе жатқан жанжал халықаралық, соның ішінде ислам қоғамдастығын айрықша алаңдатуда. Өз кезегінде ИКҰ тәуелсіз, демократиялық, үздіксіз әрі өміршең Палестина мемлекеті бар екі елді көздейтін шешімге бағытталған жұмысты жалғастырмақ. Ихсаноглу мырза жоғарыда айтылған ИКҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Тәуелсіз тұрақты комиссиясының құрылғаны және оның жақын арада қызметке кірісетіні туралы хабардар етті. Құрамына көрнекті заңгерлер мен адам құқықтары саласындағы сарапшылар, барлығы 18 мүше кіреді. Комиссия толығымен тәуелсіз жұмыс атқарады, сонымен қатар БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесі, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы тәрізді халықаралық ұйымдардың ең үздік тәжірибелерін енгізеді. ИКҰ Бас хатшысы сөйлеген сөзінің орасан бөлігін Еуропадағы діни толеранттылық саласындағы өткір проблемаларға арнады, әсіресе исламофобияның өрбуі қаупіне баса назар аудартты. ИКҰ діни ұйым болып табылмаса да, оның мұсылман әлемінің ұжымдық дауысын қалыптастыруға мандаты бар. Экстремистік элементтер дінді халықаралық қатынастардың күн тәртібіне шығарып, қоқан-лоққы мен өштестіру арқылы тұрақтылық пен келісімге қауіп төндіруде. ИКҰ Бас хатшысы бұл проблеманы ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздікке және кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметовпен және Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының директоры Янеш Ленарчичпен бірнеше мәрте талқылаған болатын. Исламофобияның өрлеуі, сондай-ақ мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілік әсіресе Еуропада орын алып отыр, деді ол. Мұндай феномен адам құқығы мен дін ұстанушылардың намысын жәбірлейді. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы ұранындағы төрт Т-ның бірі “толеранттылық” екені мәлім. Осыған орай 29-30 маусымда Астанада болатын Толеранттылық пен кемсітпеушілік жөніндегі Жоғары деңгейлік конференция шақырылады және оның аясында исламофобия мен басқа да қоғамдық дерттер талқыланбақ. Ихсаноглу мырза ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ның нақты нәтижеге бағытталған күш-жігерін біріктіруге шақырды. Бірлескен жұмыс адамдарды діні мен тегіне бөлмей, олардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын құрметтеу және төзімділік мәдениетін дамытуға бағытталуы тиіс, деді ол. Өз сөзін ЕҚЫҰ-ға келген құрметті мейман мынандай араб мақалымен аяқтады: “Төрт нәрсе екі айналып келмейді, олар: айтылған сөз, атылған оқ, өткен өмір және пайдаланбаған мүмкіндік”. Төзімсіздікпен күресуге бар мүмкіндікті пайдалану – келер ұрпақ алдындағы парыз, деп сөзін түйді Бас хатшы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32