14 Мамыр, 2010

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ

534 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгін Алматыда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясындағы үлкен халықаралық шаралардың бірі – Трансазиялық парламенттік форум өз жұмысын бастайды. Бұл айтулы шараға ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бәрінен делегациялар келіп отыр. Күн тәртібі бойынша бүгінгі күннің халықаралық деңгейдегі аса маңызды мәселелері туралы сөз қозғалады деп күтілуде. Оның ішінде Ұйымның “парламенттік өлшемін” қамтамасыз ететін жәйттер талқыланады деп жоспарланған. Ал төменде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрылу себептері мен мақсаттары және қарастыратын тақырыптары жайында түсінік беретін мақала назарға ұсынылып отыр. Трансазиялық парламенттік форум Парламенттік Ассамблеяның аса маңызды құрылымдарының бірі болып табылатынын да назарға сала кеткеннің артықтығы жоқ деп білеміз. ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ МЕН МІНДЕТТЕРІ ТУРАЛЫ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы 1991 жылы ЕҚЫҰ елдері парламенттері басшы­ларының Мадридтегі кездесуінде құрылды. Ассамблея Ұйымға қатысушы (56 ел) мемлекеттердің 320 парламентшісі кіретін ЕҚЫҰ институттарының бірі болып табылады. Орындар бекітілген көрсеткіш бойынша бөлінеді, оған сәйкес АҚШ-та 17 орын, Ре­сей­де 15 орын, Ұлыбритания, Германия, Италия, Францияда 13 орыннан, одан кейін­гілер екі орынға азая береді. Қазақстанның 6 орны бар. Одан басқа Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Батысеуропа Одағының Ассам­блеясы, НАТО Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық Одақ, Еуропалық Пар­ла­мент, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Қаратеңіз экономикалық ынтымақтастығының Парламенттік Ассамблеясы мен Солтүстік Кеңестің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында байқаушы мәртебесі бар. Ассамблея жұмысына Жерорта теңізі елдері – Алжир, Египет, Из­раиль, Иордания, Марокко және Тунис пар­ла­менттерінің, сондай-ақ ЕҚЫҰ-мен Ын­тымақтастық жөніндегі әріптес болып табы­латын мемлекеттер – Ауғанстан, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Таиланд және Жапония пар­ламенттерінің өкілдері де байқаушы ретінде қатысады. ЕҚЫҰ-ның “парламенттік өлшемін” қам­тамасыз ете отырып, Ассамблея парламенттік институттардың проблемаларды талқылау және қарарлар мен ұсыныстар қабылдау арқылы Ұйым қызметіне қатысуға жәрдемдеседі, ЕҚЫҰ кеңістігінде демократияны ілгерілетуде парламентаралық үнқатысуды жүзеге асырады. Ұйым аясындағы міндеттемелерді қатысушы мемлекеттердің орындауына Ассамблея бағалау жүргізеді, қақтығыстарды ескерту және реттеу тетіктерін әзірлейді және енгізеді, демо­кра­тиялық институттарды нығайтуға жәрдемдеседі. Тұрақты комитет, Бюро және үш жалпы комитет Ассамблеяның негізгі органдары бо­лып табылады. Бюро, жалпы комитеттердің оты­рыстары мен Ассамблеяның жалпы оты­рыс­тарында шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Атап айтқанда, 2010 жылғы сәуірде ЕҚЫҰ ПА-ның Қырғызстан жөніндегі арнайы өкілі болып Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметов тағайын­далды. ЕҚЫҰ ПА-ның үш Жалпы комитеті Хель­синки Қорытынды актісінің негізгі үш “қор­жынына” сәйкес құрылады: Саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі Жалпы комитет (бірінші комитет); Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта жө­ніндегі Жалпы комитет (екінші комитет) және Демократия, адам құқығы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі Жалпы комитет (үшінші комитет). ЕҚЫҰ ПА жыл сайынғы сессиялары ауысу негізінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің бірінде шілденің алғашқы онкүндігінде 5 күнге дейінгі мерзімде өтеді. Қысқы отырыстар жыл сайын ақпанда Вена қаласында (Аустрия) болады. Қыркүйек-қазанда Ассамблея Күзгі отырысқа жиналады. Жыл сайынғы сессияның жалпы отырыс­тарында Қорытынды декларация мен қарар қа­былданады, сондай-ақ Ассамблеяның лауазым­ды адамдары сайланады. ПА шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Қорытынды декла­рацияда ЕҚЫҰ аясында қабылданған нақты міндеттемелерді, сондай-ақ ЕҚЫҰ ұйымдық құрылымын нығайту жөніндегі ұсыныстарды орындауға қатысушы мемлекеттер шақы­рылады. Жыл сайынғы келесі сессия 2010 жылғы 6-10 шілдеде Осло қаласында болады. ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ТУРАЛЫ Қазақстан Парламентінің Парламенттік Ассамблеямен ынтымақтастығы қазақстан­дық парламентшілердің Ассамблея мүшеле­рімен сындарлы үнқатысуы негізінде дамып келеді. Қазақстан Парламентінің делегациясы жыл сайынғы сессияларға, күзгі және қысқы оты­рыстарға, сондай-ақ Ассамблеяның конферен­циялары мен семинарларына жүйелі түрде қатысып келеді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Қазақстан Республикасы делегациясының құрамында қазіргі кезде Парламент Сенатының Төрағасы Қ.-Ж.Тоқаев (делегация басшысы), Сенат депутаттары Қ.Сұлтанов, Ә.Ахметов, Б.Досманбетов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Е.Әпсәлямов, С.Бычкова, Ә.Жолшыбеков және Т.Қосмамбетов бар. Парламенттік дипломатияның маңызды бағыты депутаттардың сайлауды байқау жөніндегі миссияға қатысуы болып табылады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Қазақ­стан Парламентіне депутаттар сайлауларын (1994 жылғы наурыз, 1995 жылғы желтоқсан, 1999 жылғы қазан, 2004 жылғы қыркүйек, 2007 жылғы тамыз), сондай-ақ 2005 жылғы жел­тоқсанда президент сайлауын байқау мис­сиясына қатысты. Өз кезегінде қазақстандық парламентшілер 2007-2010 жылдарда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының құрамында Албания, Арме­ния, Беларусь, Грузия, бұрынғы Югославияның Македония Республикасында, Молдавияда, Ресейде, Сербия, Украина, сондай-ақ Әзірбайжан, Ресей, АҚШ және Украинадағы президент сайлауларына қатысты. 2003 жылғы 7-9 маусымда Алматыда 250 делегат қатысқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының Трансазиялық парламенттік форумы болды. Қазақстан мен Ассамблея арасындағы қа­рым-қатынастардағы ірі оқиға 2008 жылғы 29 маусым мен 3 шілде аралығында Астана қа­ласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 17 сессиясының өткізілуі болды. Жиын жұмысына Еуропа, Азия және Аме­риканың елуден астам елдерінен, халықаралық және парламентаралық ұйымдардың 600-ге жуық делегаттары қатысты. Жалпы отырыс барысында ЕҚЫҰ Іс ба­сындағы төрағасы – Финляндияның Сыртқы істер министрі А.Стубб, ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо, ЕҚЫҰ ПА гендерлік мәселелер жөніндегі Арнайы өкілі Т.Тингсгард, ЕҚЫҰ ұлттық азшылық жөніндегі Жоғарғы комиссары К.Воллебек сөз сөйледі. Қорытынды жалпы отырыста ЕҚЫҰ аясын­дағы саяси және қауіпсіздіктегі айқын­дық, экономика, ғылым, технология және қоршаған орта, демократия, адам құқығы және гуманитарлық саладағы, ЕҚЫҰ-ны одан әрі реформалау, Ұйым жұмысына парламент­ші­лердің қатысуын ұлғайтуға қатысты тараулары бар Астана декларациясы қабылданды. Жиын аясында ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Й.Леннмаркердің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен және Парламент Сенатының Төрағасы Қ-Ж.Тоқаевпен кездесулері болды. 17 сессияның қорытындылары бойынша Аустрия, Дания және Украина өкілдерімен қатар Сенат Төрағасы Қ.-Ж.Тоқаев 2011 жылға дейін ЕҚЫҰ ПА Вице-президенті болып сайланды. ЕҚЫҰ басшылығы мен сессияға қатысушылардың пікірінше, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен қатар Орталық Азияда алғаш рет Парламенттік Ассамблеяның сессиясын өткізуі ЕҚЫҰ-ның аймақтағы парламентаралық үнқатысуын одан әрі кеңейтуге жәрдемдесетін маңызды тарихи оқиға болып отыр. Еуропалық мемлекеттердің, АҚШ пен Кана­даның депутаттары Президент Н.Назар­баевтың форумға қатысуы мен оның ашы­луын­дағы маңызды баяндамасын ерекше атап өте келіп, Ассамблеяның жыл сайынғы сессия­сының Астанада ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.