Қоғам • 09 Наурыз, 2022

«ҚазМұнайГаз» бұрынғы жұмыскерлерінің талабына қатысты пікір білдірді

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жұмыстан «5/50» бойынша жұмыстан шығарылған жұмысшылардың үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚазМұнайГаз» бұрынғы жұмыскерлерінің талабына қатысты пікір білдірді

2017 жылдың сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы «Oil Services Company» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС және «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС мұнай-сервистік кәсіпорындарында «Тараптардың келісімі бойынша қызметкерлермен еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы ережені» («5/50» бағдарламасы) бекітті.

Бұл бағдарлама аясында мұнай-сервистік мекемелердің жұмыскерлеріне 5 жылдағы лауазымдық еңбекақысының 50% мөлшерінде қомақты өтемақы төлей отырып, тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу қарастырылды. Ереже талаптарын түсіндіру мақсатында жұмыс топтары құрылып, еңбек ұжымдарымен үнемі көшпелі кездесулер өткізіліп тұрды.

Жұмыскерлер «5/50» бағдарламасына ерікті түрде қатысқанын атап өткен жөн. Мысалы, Еңбек шартын бұзу туралы келісімнің 1-тармағында «тараптар тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу туралы екіжақты ерікті келісімге келді» делінген.

Сонымен қатар ұсыныстан бас тартқан жұмыскерлер осы уақытқа дейін ҚМГ-ның мұнай-сервистік мекемелерінде жұмысын жалғастырып жатқандығы бұның тағы бір дәлелі болып табылады. Келісім талаптарына сәйкес жұмыскерлерді ҚМГ-ның мұнай-сервистік компанияларының штатына қайта қабылдау қарастырылмады. Осылайша, компания 5 жыл өткеннен кейін жұмыстан шыққан жұмыскерлерді қайта жұмысқа қабылдау туралы ешқандай міндеттеме алған жоқ. Бұған қарамастан, осы жылдың наурыз айының 9-ы күні бұрынғы жұмыскерлердің бір тобы оларға 5 жылға төленген ақша қаражаты таусылды дегенді алға тартып, Маңғыстау облысының әкімдігіне оларды ҚМГ-ның мұнай сервистік мекемелеріне қайта жұмысқа алуды талап етіп келді. Жиналғандармен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев кездесті. Олар кездесудің қатысушыларына талаптарының заңсыз екендігін түсіндіріп, мәселені сотқа жүгіну арқылы заң аясында шешуге ұсыныс берді.

«5/50» бағдарламасына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнай-сервистік мекемелерінен барлығы 3968 адам қатысты, оларға 43 млрд 881 млн теңге жалпы сомаға өтемақы төленді.