Аймақтар • 09 Наурыз, 2022

Шағын мектептердің шырғалаңы

699 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірде 2010-2021 жылдар арасында 103 шағын мектеп жабылды. Ақкөл ауданындағы Радовка елді мекеніндегі білім ошағында небәрі 3 оқушы ғана бар. Бес-алты баладан ғана оқытып отырған мектептер аз емес. Шағын мектептердің болашағы қалай өрістемек?

Шағын мектептердің шырғалаңы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жоғарыда біз айтқан 103 мек­теп­тің жабылуы шалғайдағы соншама ауылдың жабылуы деген сөз. Өңірдегі сала басшыларының айтуларына қарағанда, жыл сайын 5-10 білім ошағы жабылуда. Осы жаныңды күйзелтер қарқынның беті қайтпаса, Көкшетау мен Қор­ғалжынның кең көсілген дала­сын­дағы ел іргесі сөгіліп, босап қа­ла­тындай.

Бір қарағанда, мемлекетке өкпе де жоқ. Бала саны аз мек­теп­терді ұстап тұру үшін бюджет­тен қыруар қаржы жұмсалады. Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Қошқарбай ауылы жұмыр жердің бетіндегі жұмақ тәрізді табиғаттың көркем бір пұш­пағына орналасқан. Ауыл шаруа­шы­лығымен айналысуға барынша қолайлы мекен. Жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын топырақ құнарын айтпағанда, Қошқарбай тауының ығына қоныстанған шоқ жұлдыздай шағын ауылдың айналасы сыңсыған мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай ақ қайың. Облыс, аудан орталықтары да иек астында. Қысы-жазы жол қатынасы бар. Ауызсуы зәмзәм дерсіз. Әйтсе де, ел екшеліп, етек-жеңі бүрісіп, шағындалып қалған. Ауыл қота­нында түтін түтетіп отырған – негі­зі­нен егде адамдар. Жергілікті серіктестік басшысы, ауыл жан­а­шы­ры Қайыркен Хасенов елін аман алып қаламын деп талай игілікті шаруаларды жүзеге асыр­ды. Құтты қонысқа көшіп келу­шілер болса үй салып беруге де дайын. Тұрақты жұмыспен де қамтамасыз етпек. Ауыл адамдары мектепті сақтап қаламыз деп әр жылдары балалар үйінен он төрт бала алып, тәрбиелеп өсірді. Бірақ ол балалар ауылдағы білім ошағын тәмамдап, бірі қияға, бірі ұяға ұшып, өз өрістерін тапты. Болашақтың қамын ойлаған бұл ұмтылыс та ауылдағы бала санын көбейтуге сеп бола алмады. Қазір ауылда 0 жастан 5 жасқа дейінгі бес-ақ бала бар. Демек, мектеп болашағы бұлыңғыр. Алақандай ауылға тірек болып отырған, негізгі жұмыс көзі сана­тындағы бастауыш білім оша­ғын­да екі мұғалім еңбек етсе, қосал­қы жұмысшылар одан да көп. Мәселен, үш от жағушы, бір еден жуушы, үш күзетші еңбек етеді. Мектеп директоры Ыбырай Балтағариннің айтуына қара­ғанда, бір қысқа 55-60 тонна көмір, 5 текше метр отын жағады. Оған электр қуатын қосыңыз. Ал мектепте оқитын бала саны –­­­ жетеу-ақ.

– Үкіметке өкпе жоқ, жеті балаға тәлім-тәрбие беру үшін осыншама шығын шығарып отыр, – дейді мектеп директоры. – Ауылда жас отау жоқ. Тепсе темір үзетін жігіттер мен бойжеткен қыздардың бәрі облыс орталығы мен астанаға жұмыс іздеп кеткен. Бәлкім халқы көп оңтүстіктен көш­кен көштің бетін осылай қа­рай бұрсақ қана болашағымыз баянды болар еді. Біздің ауыл топырағының кімге болсын ұнайтынына кәміл сенемін. Зерлі Зе­рендінің көркем суреттей құл­пырған көрікті етегі. Жазда орман-тоғайдың іші сыңсыған жеміс-жидек, небір құрғақшылық жылдары белуардан келетін жасыл шалғын, мөлт-мөлт етіп жат­қан көл әне. Тіпті курортқа барудың қажеті жоқ. Біздің тұрған жеріміздің өзі – курорт. Құнарлы топырағында бақша өнімдерінің небір түрін өсіруге болады, төрт түлік малға да қолайлы. Ауыл адамдары кеңпейіл, ақ­кө­ңіл, ұйымшылдығы да мол. Мәселен, өткен жылы ел ағасы Қайыркен Хасеновтің ұйытқы болуымен Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған тамаша мемориалдық кешен тұрғыздық. Қошқарбай елінен шыққан, бү­гін­де өзге өңірді жайлаған аза­мат­тардың бәрі бір кісідей атсалысты. Мектеп те солай салынды. Ауыз бірлігі күшті ел кімді болсын жат­сын­бай, құшақ жая қарсы алуға әзір.

Жалғыз Қошқарбай ауылы ғана емес, Зерендінің шағын ауылдарының бәріне дерлік түсіп тұрған ауыртпалық осы. Іргедегі Айдарлы ауылындағы негізгі мек­тепте небәрі 39 оқушы бар. 15 мұғалім жұмыс істейді. Соңғы жылдары салынған екі қабатты еңселі мектеп – 1 995 шаршы метр. Барлық пән кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Шағын орталыққа 13 бала барып жүр. Мұнда да үш бірдей күзетші, 4 от жағушы, 3 еден жуушы жұмыс істейді. Ауа райына байланысты тәулігіне жарты тоннаға жуық көмір жағылады. Тамыздық ретінде пайдаланылатын отын тағы қажет.

– Мектептегі оқу-тәрбие жұ­мыс­тары өз ырғағымен жүріп жатыр, – дейді мектеп директоры Айдын Манап. – Ауылда жас­тар болмағандықтан, бала саны аз. Егер негізгі мектеп бастауыш мектепке айналса, мұғалімдердің көбі жұмыс іздеп жан-жаққа тарап кетуі мүмкін. Бала қамын ойлаған ата-аналардың да қоныс аударуы әбден ықтимал.

Шынында да бесіктен белі шықпаған алты жастағы баласын мектеп-интернатқа беруге ата-аналар құлықсыз. Олар­ды да түсінуге болады. Әлі оң-солын танып үлгермеген кіш­кентай балаларының көздерін жәудіретіп, интернатқа қалай апарсын. Қазір бағзы заман­да­ғыдай емес, ет жақын туысын сағалап, солардың үйіне тұр­ғызып, оқыту дәстүрі де ұмыт бол­ған. Ендігі амал – тек тасымалдап оқыту. Облыста 360 шағын мектеп бар. 6 мыңға жуық бала та­сымалданып оқытылады.

– Белгіленген тәртіп бо­йын­ша шағын елді мекендердің оқу­шы­лары 25 шақырымнан ас­пайтын жердегі мектептерге та­­сымалдап оқытылады. Бұл тура­лы Үкіметтің қаулысы бар. Тіпті бала саны жетпейтін ша­ғын мектептерді ұстап тұруға мәж­­бүрміз. Шағын мектепті жабу ауылды жабу деГен сөз ғой. Сон­­­дық­тан бұл мәселеге барынша жанашырлықпен қарауымыз керек, – дейді облыстық білім бас­­­қармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Тығырықтан шығар жалғыз жол ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгірту. Ол үшін ауылға шы­найы, жанды қамқорлық қа­жет. Егер ауылда пайдалы жұ­мыс орындары ашылып, жас­тар кәсіпті игергенде ғана шал­ғайдағы шағын ауылдардың кө­сегесі көгермек.

– Қалаға көшіп келген себе­біміз ауылда адамды қы­зық­тырып, кіндігін туған жердің қа­зы­ғына байлайтын еш тетік қал­ған жоқ, – дейді Көкшетау қала­сының тұр­ғыны Қоныс Есенбаев. – Жұ­мыс жоқтығы өз алдына, мәдениет, спорт ошақтары, үл­кен мегаполистегі тәрізді спорт үйірмелері жұмыс істемейді. Айдалада қалған ауылда мұндай нысандар қайдан болсын? Ауыл балалары қанша жерден талапты, талантты болса да, музыка, спорт, көркем өнер, ІТ технологиямен айналыса алмайды. Олар бала болса да интернет желісі арқылы қала балаларының мүмкіндігін көріп отыр ғой. Жас­тарды қызықтыратын ештеңе бол­мағаннан кейін қалаға көш­пегенде не істесін? Ауылды кө­теру үшін кешенді жоспар қажет. Айталық, ауыл адамдары ауыл шаруашылығының бар игілігін көріп отырған жоқ. Мысалы, шалғайдағы ауылдардан сүт жиналмайды. Егер сүт зауыттары қалаға жақын жерлердегі тәрізді тұрғындардың бағымындағы малдың сүтін сатып алатын болса, ауыл тұрғындары үшін көп-кө­рім табыс болар еді. Сондай-ақ малдың терісі мен жүні де кәдеге аспай жатыр. Қазір мұндай өнім­дер ешкімге қажет болмай қал­ды. Мал азығы онсыз да қым­бат. Егер өнімінен пайда таппаса, малсақ қауым мал баға ма?

Дәл қазір бюджет шығынын азайтып, бала саны аз шағын мек­теп­тердің бәрін жабу керек деуге ауыз бармайды. Жалғыз амал – Алаштың ақ бесігі ауылдың жағ­дайын түзеу. Келешегі кемел болуын көксеген ел алдымен осыны ойлауы керек.

 

Ақмола облысы