Өндіріс орындарында бәсекелестіктің артып, рынокқа шығарылатын өнім сапасына баса назар аудару жақсылықтың нышаны. Нәтижесінде отандық өнім өзіндік сапасымен құндылығын арттырады. Осы орайда, Талдықорғанда біртіндеп өндіріс орындары ашылып, дүниежүзілік рынокқа нық қадам басып қана қоймай, алғашқы адымында-ақ өзіндік орнын белгілегені қуантады. Біле- білсек, бұл Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан өз орнын алуына бір септігін тигізері анық. Бір дәлел ретінде, «Қайнар-АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын айтуға болады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 1 және 2 бағыт бойынша Үкімет қолдауына ие болып, несиенің пайыздық өлшемін субсидиялауға 4 млрд. теңге көлемінде қаржылай демеу алған «Қайнар-АКБ» ЖШС бір жылда 9814,8 млн. теңгенің өнімін өндірді. Қуаттылығы жылына 1,8 млн. дана аккумулятор шығаруға жететін кәсіпорынның қарқынды жұмысы Талдықорған қаласының экономикалық тұрғыда дамуына да өз серпінін тигізуде. Қазіргі таңда зауытта 770-тен астам жұмысшы қазақстандық өнеркәсіпті жаңа деңгейге көтеріп, нарықтағы өзіндік орнын қалыптастыру жолында еңбек етуде. Орташа айлық еңбекақы 75 мың теңгені құрайды. Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі индустриялық батареялар шығару жобасын да толық іске қосты.
«Іргесі өткен ғасырдың 70-жылдары қаланған талдықорғандық «Қайнар-АКБ» зауыты тек автокөліктерге қажетті аккумуляторларды ғана емес, индустриялық қуат көзін шығаруды толық игерді. Мемлекеттің қолдаумен материалдық-техникалық базасы жаңартылған зауыт өнімінің 70% Кеден одағы бойынша Ресей мен Белоруссияға экспортталуда», деді Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов.
Тұтастай алғанда, Талдықорғанда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 3 жылда жалпы құны 1,6 млрд. теңге тұратын 3 жоба жүзеге асырылып, 230 жаңа жұмыс орны ашылды Сонымен қатар, былтырғы жылы Жетісудың кіндік қаласында 4 жаңа өндіріс орны жұмысқа кірісіп, 3 кәсіпорын кеңейтілді. 150 млн. теңге инвестиция тартылып, 127 жаңа жұмыс орындары құрылды. Ал, өнеркәсіптегі өндірілген өнім көлемі 7,7%-ға ұлғайып, 47 млрд. теңгеден асты. Арғы жылмен салыстырғанда, 1 млрд. теңге артық немесе 3,2 млрд. теңге салық пен төлем түсті, бұл бюджетке түскен барлық салық түсімдерінің 22%-ы. Талдықорғанда кәсіпкерліктің жақсы дамуына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көрсетілген мемлекеттік қолдау оң әсер етіп 1,5 млрд. теңгеден астам несие пайызын субсидиялауға 10 жоба мақұлданды. 33 млн. теңгеге 11 грант беріліп, 57 жаңа жұмыс орындары құрылды. Кәсіпкерлік саласынан түскен салықтар мен төлемдер барлық төлемдердің 30,9%-ын құрайды. Қаланың әрбір төртінші еңбекке қабілетті тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Былтырғы жылы басталған ірі инвестициялық жобалар: майлы дақылдарды өңдейтін «Жетісу Мажико» агроөндіріскешені» және арнаулы техникаларды құрайтын «Машинери групп» жобаларын іске қосып, арматура және металл сымдары зауыты құрылысы қарқынды жүруде. Тұрғын үй құрылысы комбинаты биыл 6 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарса, 2015 жылы 50 мың текше метр өнім өндіреді. Сөйтіп, ағымдағы жылы өнеркәсіп саласында өнім көлемі 50 млрд. теңгеден асып, 200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қорыта айтқанда, Талдықорған өңірінің күретамыры іспетті өндіріс орындарының өркендеуін аталған қаланың Алматы облысының орталығы болып белгіленуімен байланыстырған әділеттілік. Сол әділдіктің нәтижесі мемлекеттік саясатқа сай өндіріс орындарын осы қарқыннан тайдырмай дамыта түсумен де көрінері хақ.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.