Әлем • 10 Наурыз, 2022

Санкцияның салқыны тиіп тұр

367 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Украинадағы соғыс басталғалы екі апта өтті. 2 мил­­лионнан аса адам шетелге босып, мыңдаған тұр­ғын мерт болды. Қаза тапқан сарбаздар саны өте көп. Украина-Ресей келіссөздерінің үшінші раунды нәтижесінде, гуманитарлық дәліз аз-кем ашылып, атыс аймағындағы қалалардан халық жаппай кетіп жатыр.

Санкцияның салқыны тиіп тұр

 

БҰҰ таратқан мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде Украи­надан босқан адамдар саны 2 миллионнан асып кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының босқындар ісі жөнін­дегі жоғарғы комиссары Филип­по Гранди Стокгольмге са­пары кезінде босқындарды қай елдерге орналастырудан бұ­рын, оларды шекарадан өтуі­не көмектесу маңызды еке­нін жеткізген. Оның ай­туын­ша, Еуропалық одаққа кір­­мей­тін Молдова секілді мем­ле­ке­ттер қатты зардап шегуі ықтимал.

Украина премьер-ми­нистрі­­нің орынбасары Ирина Ве­рещуктің хабарлауынша, Ре­сей қарулы күштері сәр­сенбі күні жергілікті уақыт бо­­йын­­ша таңғы сағат 9.00-ден кеш­кі 21.00-ге дейін гума­нитар­­лық дәліз ашылған өңір­лерді ат­қы­­ла­мауға ке­ліскен. Эва­куа­ция­лау қатты қақтығыс бо­лып жат­қан Мариуполь қала­сы секілді бірнеше қалада басталды.

Дегенмен Ресейдің атыс­ты уақытша тоқтату уәдесін­де қаншалықты тұратыны белгісіз. Бұған дейін бас­қыншы сарбаздар берген сер­тінде тұрмай, қарапайым халық­ты эвакуациялап жатқан аймақ­тарға оқ жаудырғаны белгілі. Мәселен, сондай оқиғаның бірі Ирпень қала­сында болды. Тұрғындар көпір­мен өтіп жатқанда Ресей әскері оқ жаудырған сәті ви­деоға түсіп қалды. Осы оқиға салдарынан төрт адамдық бір отбасы түгелдей қаза тапты.

Осы ретте Ресейге салын­ған санкциялар легі күннен күнге артып барады. Бұған дейін солтүстіктегі көршіміз ең көп санкция салынған мемле­кет атанған еді. Таяуда Кремль билігіне тағы да шектеу шаралары енгізілді. Рей­терс агенттігінің хабарлауын­ша, Еуропалық одақ жүзге жуық ресейлік азаматтың ше­тел­ге шығуына тыйым салып, активтерін бұғаттауды жос­парлап отыр. Еуропалық одақ­тың Сыртқы істер және қауіп­сіздік саясаты жөніндегі жоға­ры өкілі Жозеп Боррель бұған қатысты шешім таяу арада қабылданатынын жеткізді.

Ұлыбритания Ресейдегі авиация саласына санкция сала­тынын мәлімдеді. Соған сәйкес Британия үкіметі ел аумағындағы кез келген ре­сей­лік ұшақтар мен тік­ұшақ­тарды тәркілей алады.

«Ресей туы бар ұшақтар­дың Ұлыбританияға келуі­не ты­­йым салу және олардың ұшуын қылмыстық жауапкер­ші­лік ретінде қарастыру Ресей мен Кремль билігімен дос ел­дер­ге экономикалық зардап әке­леді», деді Ұлыбри­тания­ның сырт­қы істер министрі Лиз Трасс.

Сонымен қатар авиациялық және ғарыштық тауарлар мен технологиялардың экспортына тыйым салынып, тех­никалық көмек көрсету шектелмек. Осындай тауарлар мен технологияларға сақтандыру және қайта сақтандыру қыз­метін ұсынатын Ұлыбритания ком­панияларына да шектеу қойылады.

АҚШ та Ресейдің мұнайын сатып алмау туралы шешім қабылдады. АҚШ президенті Джо Байден бұл қадам «Ресей экономикасының негізгі артериясына» бағытталғанын мә­лім­деді. Жалпы, энергети­калық экспорт Ресей үшін маңызды. Дегенмен мұндай шешім Батыс елдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Өйткені мұнай сатып алуға шектеу қою «қара алтынның» нарықтағы баға­сын қымбаттатады. Соған қа­ра­­мастан Ақ үй осындай қа­­дамға барып отыр. Қазір­гі таң­да бұл бастаманы Ұлы­бри­та­ния қолдап отыр. Алдағы уа­қыт­­та Еуропалық одақ та осын­дай қадамға баруы мүмкін.

Санкциялар тізімі мұны­мен тоқтап қалмақ емес. Ке­ше Еуропалық одақ ел­дері Ресейге қарсы жаңа санкция­лар пакетін келісті. Құжатта Беларусьтің 3 банкін Swift-тен шығару қарас­тырыл­ған. Одаққа төрағалық етіп отырған Францияның өкілі жур­­налистерге берген сұх­­ба­тында санкция пакеті бей­­сенбі және жұма күндері Вер­саль­да өтетін ЕО сам­митін­де рес­ми түрде қабылда­на­ты­нын айт­ты. Құжатта крипто­валю­та­ларға қатысты қызметке, теңіз саласына да санкция салынады.

Жалпы, Кремль билігіне қарсы жасалған шектеулер мұнымен бітпек емес. Әлемнің басқа елдері де, халықаралық ұйымдар да шама-шарқынша Ресейге санкция салып жатыр. Мәселен, Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Ресейдің ұлттық құрамасын Әлем кубогының іріктеу ойын­­дарына қатыстырмауға ше­шім қабылдады. Осылай­ша, Польша келесі кезеңге ті­к­е­­лей өтті. Бұған дейін ре­сей­­лік клубтардың УЕФА тур­­нир­­­леріне қатысуына шек­теу қо­йыл­ған болатын. Нәти­же­­сін­де, Еуропа лигасының 1/8 фи­­на­лында ойнауға тиіс «Спартак» жарыстан шеттетілді.

Салынған санкциялардың күрт артуына байланысты Fitch Ratings компаниясы Ресейдің ин­вес­тициялық деңгейін тө­мен­детіп тастады. Мәскеу тара­пы санкцияның салдарынан құн­ды қағаздар бойынша мін­дет­те­мелерін орындай алмай қалуы мүмкін екенін хабарлады.

«Санкциялардың одан әрі күшеюі және энергетикалық сауданы шектейтін тыйымдар Ресейдің тәуелсіз қарыз міндеттемелерін орындамауын, яғни кейбірін төлемеуін, осыған қатысты саяси шешім қабылдау ықтималдылығын арттырады», делінген Fitch-тің есебінде.

Осы орайда Украинаға берілетін халықаралық көмек толастар емес. АҚШ Конг­ресі Украина мен Еуропа­лық одақ­тас­тарына қолұшын созу үшін 13,6 млрд доллар бөлу туралы екіжақты келі­сімге келді. Президент Джо Байден бастапқыда әске­ри, гуманитарлық және эконо­ми­­калық көмек көрсету мақ­сатында 10 млрд доллар сұ­раған. Алайда Конгрестегі пар­тиялар алғашқы талқылау кезінде оның сомасын 12 млрд долларға өсірген. Соңғы отырыста қаражаттың сомасы 13,6 млрд долларға жеткені белгілі болды.

Сонымен қатар әлем елдері Украинаға қару-жарақ жет­кізуін жалғастырып жатыр. Бұ­ған дейін Германия секілді бір­қатар еуропалық елден танк­ке қарсы қолданылатын Javelin, NLAW секілді қару әке­лін­ген еді. Кейінгілердің бірі болып Жапония да көпте­ген әскери жабдық жеткізді.

Украина тарапы келтірген дерек­терге сай, бүгінге дейін 12 мыңнан астам ресей­лік сарбаз қаза тапқан. Қира­тылған техника да мыңдап са­налады. Сондай-ақ жүздеген ұшақ пен тікұшақ құлатылды.

Кеше Украина мен Ре­сей тараптары сәрсенбі күні Ан­тальяда сыртқы істер министр­лері кездесетінін хабарлады.