Иә, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-ның бұл цехтарында көзі көрмейтіндер мен нашар көретін жандар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорынның директоры Бақытбек Бейсебаев Қазақ зағиптар қоғамының кооперация әдісімен жұмыс жүргізуге бейім өндіріс саясатын ұстанатынын айтады.
– Бүгінде еліміз бойынша қоғамдық бірлестіктің 29 кәсіпорны жұмыс істейді. Кейбіреулері жартылай фабрикат немесе шикізат өндіреді, өзгелері дайын өнім шығарады. Біз паллеттер, әртүрлі күрделіліктегі қорапшалар, крафт қаптамасын жасаймыз. Облыс көлемінде клиенттеріміз жергілікті. Өңіріміз өнеркәсіпті болғандықтан, өткізу нарығы өте ауқымды, – дейді ол.
Сонымен қатар кәсіпорын тепловоздар, жүк көліктері, тракторлар сияқты техника түрлеріне қажетті май және отын сүзгілерін жасайды. Бұл өнімге компаниялар тарапынан ғана емес, басқа да тұтынушылар жағынан сұраныс көп. Мысалы, жеке автокөлік иелері де мұнда жиі ат басын бұрып тұрады.
Сүзгі шығаратын цехта Андрей Лотарев қолмен сипап жұмыс істеуге дағдыланған. Осында отыз жылдан аса уақыт жұмыс істейтін шебер сүзгілерді шығаруға арналған құрылғының құлағында ойнайды. Өзі қатардағы жұмысшыдан цех бастығына дейін көтерілген. А.Лотарев жасының егде тартқанына қарамастан, білім алуға құштарлық танытып жүр екен. Биыл ол колледжді қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп, диплом алмақшы. Таяуда ол жаңа өнімді – көшет отырғызатын себет жасау туралы ұсыныс енгізді. Қарапайым ғана бұйымның атқарар жұмысы аса тиімді. Сымнан қаңқасы жасалып, ішіне агромата материалынан тігілген қапшық салынған бұл себетке өлшеміне қарай гүл немесе ағаш көшеттерін отырғызуға болады.
– Агромата ылғалды жақсы сақтайды және өсімдіктің тамыр алуын жеңілдетеді, – дейді кәсіпорынға қарасты жылыжай меңгерушісі Мария Золотых.
Жылыжай демекші, қазіргі уақытта жазғы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Өйткені кәсіпорын қаланы көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысады. Мұндағы жылыжайларда өсетін гүл көшеттерін бағбандар да, жекелеген ұйымдар да көптеп сатып алады екен.
М.Золотых көшеттерді өсіру ақпан айында басталып, наурызда жиналып, мамыр айынан бастап сатылымға шығарылатынын айтады.
– Бізде шырайгүл деп аталатын өсімдіктің онға жуық түрі бар. Сонымен қатар бізде өсірілген мариголд, катарантус, виола, сальвия және басқа да гүл сұрыптарын жаздыгүні қала гүлзарларынан көруге болады. Біз тек әбден тексерілген кәсіби тұқымдарды ғана пайдаланамыз. Биылғы жоспарымызда 200 мың дана шырайгүл мен 100 мыңға жуық басқа гүлдер өсіру бар, – дейді ол.
Жылыжай меңгерушісінің қарамағында көзі нашар көретін гүл өсірушілер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта екі қызметкер жұмыстың бәрін тындырып жүр. Ал наурызда қосымша жұмыс күші қажет болады.
Кәсіпорындағы өнімді жұмыс істейтін бөлімшенің бірі – тігін цехы. Мұндағы ісмерлер төсек-орын жаймаларынан бастап арнайы жұмыс киімдеріне дейін тігеді. Қолы алтын шебердің бірі Татьяна Огневая зағиптарға арналған интернатта оқыған екен. Оқуын бітіргеннен кейін сыныптастарына қосылып, осы жерге жұмысқа орналасыпты. Еңбек етіп жүргеніне үш жылдай болған.
– Жағдайымыз жаман емес. Ең бастысы – табыс табуға мүмкіншілік бар, – дейді ол тоқ көңілмен.
Пришахтинск елді мекеніндегі «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды оқу-өндірістік кәсіпорнында қазіргі уақытта 25 адам жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Кәсіпорын басшыларының болашаққа деген жоспары да көңілге сенім ұялатады: кереге кеңітіп, тағы да жиырма шақты адамды жұмысқа алмақшы.
Қарағанды облысы