Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша Батыс Қазақстан облысы 18 ақпаннан бері «жасыл аймақта» тұр.
– Жыл басынан облыста COVID-19 диагнозы 9 538 мәрте тіркелді. Оның 5 003-і – ашық симптоммен, ал 4 535 адам симптомсыз анықталды. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші – 1 434,1. Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 43,7%-ға азайғаны байқалады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қорғау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Өңірде соңғы тәулік ішінде 9 адам коронавирус инфекциясымен тіркелген.
Ashyq қосымшасының деректеріне қарағанда, жыл басынан бері облыс азаматтары санитарлық-карантиндік режімді 783 мәрте бұзған көрінеді. Оның ішінде 772 адам «қызыл» мәртебесімен көпшілік орындарда көзге түскен. Осындай заңсыздықтар үшін жеке тұлғаларға 81 хаттама толтырылған. Салынған айыппұл көлемі 3 721 545 теңгеге жеткен. «Қызыл» мәртебесі болса да карантин режімін бұзған 72 азаматтың аты-жөні әлеуметтік желілерге шығарылған.
Соңғы деректерге қарағанда, облыс бойынша екпе алуға тиісті 414 390 адамның 272 194-і, яғни 66 пайызы вакцинаның 1 компонентін алған. Ал екпенің қос компонентін толық алған адам саны – 259 931 (63%).
12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен қамту баяу жүріп жатқаны байқалады. Мәселен, екпе алуға тиісті 63 765 адамның 16,5 пайызы ғана вакцина алған. Бүгінде осы топтағы адамдардың 13,1%-ы, 8 590 адам ғана екпенің толық курсынан өтті.
Батыс Қазақстан облысы