Әсіресе қамысты көлді жағалап жүретін аңсақ жігіттердің есінде, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2016 жылы көктемгі аңшылыққа шектеу қойған. Сіз құс атуға рұқсат алғаныңызбен, шетінен атып түсіре бермейсіз. Атуға болатыны бар, болмайтыны бар. Мәселен, үйректің аталығын, шалшықшының ұрғашысын аулай алмайсыз. Рұқсат жоқ. Жылқышы құсы мен құрды, оның ішінде саңырау құрды да атуға шектеу бар. Мамандардың айтуынша, көктемде жылы жақтан ұшып келіп, балапан басатын құстардың көбеюіне мылтық асынған аңшылардың кесірі тиген. Алайда шектеуге көндікпей, аңшылық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қарсылық білдірген. Дей тұрғанмен, құзырлы органдардың шығарған бұйрығын бұлжытпай орындауға аңшылар міндетті еді. Оның үстіне инспекция өкілдері құстарды ғана емес, көктемде кез келген аңды аулау табиғатқа орасан зор зиян әкелетінін айтқан.
– Бізде заңмен белгіленген аңшылық маусымы бар. Аңшы қаруын асынбас бұрын, рұқсат қағаз алады. Рұқсатнамада атуға рұқсат етілген аң-құстың саны жазылады. Алайда көп аңшылар ережені ескере бермейді. Рұқсатсыз аң атып жүргендер қаншама? Айтпағым, аңшылықтың жөні осы екен деп табиғатымызды құртып алмайық. Жабайы құстарды өзінің құсындай көретіндер бар. Аң аулау маусымынан кейінгі көрініс өте аянышты; атылған оқтың орындары, қоқыс қалдықтары, жапырылған бұта-қараған, сынған ағаш, тағысын тағы. Ең сорақысы, ауланған аң қалдықтарына дейін жайрап жатады, – дейді жануарлар дүниесі және аң шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Дидахметов.
Өкініштісі, бұған дейін уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға, төлдеу кезінде аң аулауға тыйым салынғанымен, құстар жұмыртқа басатын уақытта шектеу болмаған екен. Осы олқылықты ескерген табиғат жанашырлары, Зоология институты, Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитеті, Қазақстан биологиялық əртүрлілікті сақтау ұйымдары бірлесіп, көктем кезінде аң аулауға тыйым салу жөнінде түсіндірме әзірлеген. Мұндай бастаманы қуана қолдаған белгілі орнитолог Борис Щербаков Алтайда құстардың 152 түрі құрып бара жатқанын алға тартқан. Оның айтуынша, құстардың азаюы – адами фактордың әсері. Басқа құстарды қойып, кәдімгі торғай азайып кеткен.
– Құстардың құрып бара жатқанын байқау үшін маман болу қажет емес. Мысалы, Көкпектіден Зайсанға жолға шықсаң, ұя салған бес-алты үйрек қана көрінеді. Шағала деген мүлдем азайған. Қазір мұздай қаруланған аңшы көп. Жануарлар үшін бұл – үлкен қауіп. Бұрын Зайсанда бозторғайдың 11 түрі болса, бүгінде бірде-бір бозторғайдың шырылы естілмейді, – деп алаңдаушылық білдірді Б.Щербаков.
Дегенмен осыдан бес-алты жыл бұрын енгізілген шектеудің нәтижесінде құстар қайта өсіп-өніп келеді. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, тыйым салынғанға дейін де министрліктің бұйрығымен көктемгі аңшылық кезінде жылқышының, үйректің, құрдың, саңырау құрдың аталықтарын, қоңыр аюдың аталығы мен қысыр қалған аналығын аулауға ғана рұқсат етіліп, қалған жануарлар мен құс түрлерін аулауға тыйым болған сияқты. Сараптама нәтижесі бойынша, шектеу шаралары Шығыс Қазақстан облысының суқоймаларында ұя салатын жабайы құстардың популяциясына оң әсерін тигізді. Мамандардың есептеуінше, құстар саны еселене түсті. Сондай-ақ көктемгі аңшылық кезінде қоңыр аюды аулауға да тыйым салынып, оның да саны артты. Мәліметті цифрмен тұздықтасақ, 2016 жылы облыста 2 108 қоңыр аю болса, бүгінде олардың саны – 2 673. Айта кетерлігі, бұл шектеулер аң шаруашылығына бәлендей зиян келтіре қойған жоқ. Облыс аумағындағы 59 аңшылық шаруашылығы бәз-баяғы қалпында жұмыс істеп тұр.
Түсіндіріп өтсек, көктемгі аңшылыққа мүлдем тыйым салынған жоқ. Енгізілгені – шектеу ғана. Яғни суда жүзетін жабайы құстардың аталықтарын аулауға рұқсат бар. Мысалы, көктемгі аңшылық кезінде аталық жылқышының 1 наурыз – 30 сәуір, аталық үйректі 1 наурыз – 15 мамыр, аталық құрды 1 наурыз – 5 мамыр, аталық саңырау құрды 1 наурыз – 15 мамыр аралығында аулауға рұқсат етілген. Ал қоңыр аюдың аталығы мен қысыр қалған ұрғашысын 15 сәуір – 15 мамыр аралығында аулауға рұқсат етіледі.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының берген ақпаратына сүйенсек, 2021 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 шілдесі аралығында жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиті бойынша қаздың – 3 921, үйректің – 75 мың, қасқалдақтың – 13 705, құрдың – 8 837, шілдің – 6 279, кептердің – 3 615, саңырау құрдың – 54, сұр құрдың 693 данасын аулауға рұқсат берілді. Бірақ бір аңшыға неше бас құс аулауға болатыны қолданыстағы заңнамалық нормативтерде белгіленбеген. Ал 2020 жылдың 20 сәуірінде суда жүзетін құстар мен қоңыр аюды көктемгі аулауға салынған тыйым алынып тасталды.
Байқағанымыздай, аңшылардың қолын байлайтындай тыйым жоқ. Дегенмен құс атуға шыққан олар да берілген лимиттің мөлшерінен асырмағаны жөн шығар. Құмарланып құрдан құр, қаздан қаз қалдырмаса, ертеңгі күндері орман-көлдерімізді жетімсіретіп алармыз.
Шығыс Қазақстан облысы