Бұл ширақ қимылды кісіні қарағандылықтардың біразы біледі. Әсіресе, үлкендерге аса танымал. Кездесе қалған жүзтаныстар амандық-саулықты әдетте «Ғареке, үйден таптырмайсыз, ылғи көшеде жүресіз. Жетпістің жетеуі тыным тауып отырар шақ қой» деп қалжыңнан бастаса «Бізде немістерде сендердей қарын сипап жатар жай жоқ. «Уақыттың бос өткені, өмірдің бос кеткені» деген өздерінде сөз бардай уақыт тәртібіне үйренген жұртпыз. Маған бірер күн еріп көр, қалай ширатар екенмін», деп қағытпай қалмайды.
Өңі болмаса, бар болмысы кәдімгі қандасымыз дерлік қарттың қашанғы қалпы осы. Жиын-мәжілістерге, түрлі кездесулерге асығып бара жатады. Бөлісер ойы да, айтар ақылы да қазыналы жанға тән, тіліміздің майын тамыза сөйлеуіне әр орта ынтық.
Сондайда мұның сырын сұраушыларға шертілетіндей тосыннан басына түскен қиын тағдыр маңдайына жазылыпты. Балдырған кезінде, небәрі төрт жасында-ақ сталиндік «шаш ал десе бас алатын» қатал заман қуғын-сүргініне ұшырауы бүгінгі ұрпаққа сенгісіз оқиға болғанымен, тарихтың шындығы солай болған. Алдымен, 37-ші жылдың аласапыранында әкесі түн ішінде тұтқындалып, соғыс өрті бұрқ еткенде Украинаның түкпіріндегі хутордағы бір топ неміс отбасы кенеттен жер аударылып, алды он алты, арты төрттегі бес баланы жетектеген анасымен бірге егер қазақ ауылына тап болмағанда, өмірлері қалай қалыптасары болжаусыздығын Гарри Шумахер ақсақал әрдайым көңілі тебіренбей айта алмайды.
Харьковтан Қарағандыға дейінгі ұзақ та азапты жолда ашыққан, торыққан, құр сүлдерлері сүйретіліп келген топты жанның қасіреті мұнымен де шектелмегенін еске алу онсыз да ауыр оған. Бұрын-соңды естіп-білмеген мүлдем бейтаныс Шет ауданына жеткізілген беттерінде іле шешесі Амалия Юлисовна ересек екі ұлымен алыстағы еңбек армиясына жұмысқа жегіледі. Осындай қапалы шақта анасынан аяусыз ажыратылған 8 бен 4 жас аралығындағы балаларға кім қамқор болады, жетімсіреген жеткіншектер қалай күн көреді – тағы айдап әкетушілер оған ойланып жатпаған. Пана тапқандарына аз күн болғанда қатыгездік алдарынан қайта шыққан бір ұл мен қыздың ана-ағадан тірідей айырылуы Еңбекшіл ауылы тұрғындарының жанын түршіктіреді. Гарридің кішкентай болса да есінде сақталыпты, қоса жанары жасқа толы бір әйелдің құшағына қысып, бауырына басқаны. Анасы еңбек армиясынан оралғанға дейінгі бес жыл бойында өз балаларынан кем қылмай өсірген, екінші шешесіндей болған Гауһар Садуақасованың аналық мейірі мен пейілі еш алаңсыз жетілдіріп, есейтеді.
– Сол кезде бар болғаны 4 жастағы менен сәл ересектеу әпкем Анитаның айтуы бойынша екеуімізді Мұсатай Садуақасов пен Құланбек Баубеков деген кісілердің отбасылары қолдарына алыпты. Еміс-еміс есімде, соғыс уақыты ғой. Ауылдағылардың да жағдайы ауыр екенін сеземін. Асырап алушылардың арқасында ес жиып, қара домалақтардың бірі болып кеткен маған қай үйге барсам да көңіл бөлек. Алдарындағы өздеріне де жетімсіз дәмнен бөліп береді. Басымнан сипайды, арқамнан қағады. Іштей бір жанашырлықтары көзіме жас үйіреді. «Жылама, ертең-ақ дәу жігіт боласың» дейді үлкендер. Анам мен ағаларым Виктор, Яша еңбек армиясынан босаған беттерінде Анита екеуімізді тауып алды. Аман-есен басымыз қосылғанға қуанған ауыл бос қалған шағын қоржын үйді дереу тазалап, жөндеп берді. Сөйтіп, ел қатарына қосылып кеттік, – деп еске алады өміріндегі қиын да тәтті күндер туралы Гарри Яковлевич.
Еңбекшілдегі бастауыш мектепте қазақша оқудан бастап, одан аудан орталығы Ақсу-Аюлыға қоныс аударғандарында да солайша жалғастырған ол онда кейінде өңірдің айтулы азаматтары қатарына көтерілген облыстық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Қасымбек Медиев, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болған марқұм Жамбыл Ақылбаевпен бір сыныпта оқуын мақтан тұтады.
Жасынан өмір тауқыметін бастан кешкен жігіт өз бетінше тырмысып, отбасына қолғанат ретінде де арпалыса жүріп білім ұштауға ұмтылады. Алматы есеп-кредит техникумына оқуға түсіп, мамандық алған соң өскен ортасына қайтып оралады. Мемлекеттік банк жүйесінде қызмет етуінен қол үзбей Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай бітірумен қатар, Жоғары партия мектебінің де түлегі болады. Әртүрлі лауазымды қызметтердегі міндетіне адалдығы, үлкен адамгершілік жүрегі, өзін қазақтың бір баласындай көруі абыройын асырып, беделін биіктеткен қасиеті.
Абырой-бедел демекші, Елбасының бірде Қарағандыға келген сапарында Ғарекеңді сөзге тартып, тілдескені есімізде. Абыз ақсақалдарша өз ойын мақалдап-мәтелдеп мәнерлеп жеткізе келіп, халқымыздың ежелден қанға сіңісті мейірбандық, кеңпейілділік жаратылысын жаңаша жаңғыртушы еліміздің бірлік пен бауырмалдық аясына бөленудегі еңбегіне шынайы ризалығын білдірген еді.
– Басымызға күн туғанда пана болған елге, жерге ақ алғысымыз шексіз. Адам баласын нәсіліне, дініне қарап бөлу жат, өзім дегенге өзегін жұлып берерлік қазақ халқының осы бір ғажайып мінезіне ғұмыр бойы куә болып келемін. Біздің облысымыздың өзінде жүзден астам ұлт пен ұлыстың басы қосылып, қолтықтасып өмірлерін көркейтіп отыр. Қазақта «Ақылды басшы алдырмас» деген сөз бар емес пе. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың ұлттар арасындағы келісім мен түсіністікті үйлестірудегі кемеңгерлік саясаты арқасында бағымыз жануын қалайша ерекше айтпассың. Барлық елдерге үлгі бола түссе екен дейміз, – дейді Гарри Яковлевич.
Ақсақалмен Наурыз мерекесі дастарқанында дәмдес болып қалып едік. Қайтарында бірнеше түйір құртты қалап ала кетті. «Жанымызды сақтаған да, барымызды бөлісіп жеген де, бауырластыққа үйірген де осы құрт еді. Алдыма келгенде ауылым еске түседі, әке орнына әке болған, шешемді жоқтатпаған жандар түске кіреді», деді. Неге екенін түсіндік.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.