Қазақстан • 10 Наурыз, 2022

Аймақтағы агросаясат «Аққу, шортан һәм шаян» ертегісіндей болып тұр

272 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы облысының аграрлы аймақ екенін, өңірдің ауыл шаруашылығы өнді­р­і­­сінің ­жалпы көлемі бойынша елімізде 1-орында тұрғанын мақта­ныш­пен ай­тып келеміз. Алайда бұл жағдай облыста осы салаға қатысты мә­се­ленің жоқ екенін білдірмесе керек. Керісінше, аграрлық саланы дамы­ту­ға қатыс­ты кейбір өзекті проблеманың қордаланып қалғаны белгілі бо­ла бастады.

Аймақтағы агросаясат «Аққу, шортан һәм шаян» ертегісіндей болып тұр

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Яғни жыл сайын кездесетін кедер­гі­лердің дер кезінде алдын алмаудың сал­дары нақты өнім мен табыстың артуына мүмкіндік бермей отыр. Мұндай көз­қарас егін шарушылығына қатысты өткір айтылуда. Жалпы, өңірде ауыл шаруа­шылығын дамытуға қатысты бірың­ғай саясат қалыптаспаған. Оның ішін­де бірқатар ауданда егіс­тік да­қыл­дардың тұқымын жақ­сар­туға мән бе­рілмейтіні анық­талған. Сол сияқ­ты, көк­­темгі дала жұмыстарының бас­талуы­на са­наулы күн қалса да, мине­ралды тыңайтқыштарға тиісті өтінім бе­­­ріл­меген. Жанар-жағармай қорын жи­­нақтау жұмысы да нашар ұйым­дас­ты­­рылуда.

– Биыл ауыл шаруа­шылығы да­­қыл­­да­­ры­ның егіс көлемі 1 297 ­гек­­тар­ға көбейіп, жал­пы мөл­шері 974 мың гек­тарға тұқым себіледі. Оның ішінде дәнді дақылдар 484 мың гектар және майлы дақылдар 132 мың гектар болмақ. Қажетті 202 мың тон­на тұқым толы­ғымен даярланды. Дегенмен, аудандарда тұқым­дардың сортын жаңар­туға аса мән берілмей келеді. Мыса­лы, Ақсу, Балқаш, Жамбыл ауданда­ры мен Талдықорған қаласының шаруа­шы­лық­тарына жоғары репродукциялы тұ­қым алынбаған. Өкі­нішке қарай, облыстағы жи­налған барлық тұқым қоры­ның 10 мың тоннасы ғана аттес­тат­­талған субъектілердің өнімі болып отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Сондай-ақ бүгінге дейін мине­рал­ды ты­ңайтқыш сатып алуға Райымбек, Бал­қаш аудандары мүлдем өті­нім бер­месе, Жамбыл, Көксу, Ұйғыр, Ес­келді, Ақсу аудандары мен Талды­қор­ған, Текелі қалалары жос­парланған көлемнің 6 па­йызын ғана алған. Шаруашылықтарда жа­нар-жа­ғармайдың қажетті қорын қа­лып­­тастыру да толық деңгейде емес. Көк­темгі дала жұмыстарына жұ­мыл­ды­ратын ауыл шаруашылығы тех­ника­сы­ның да жағдайы мәз емес. Мы­салы, бұған дейін облыстық бюд­жет­тен 12,5 млрд теңге қаржы жұм­­салып сатып алын­ған 1 331 бірлік тех­ника аймақтағы 56 сервистік-да­йындау орталығына шоғыр­ланған бо­латын. Бүгінде олардың тек бесеуі тиімді жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 12 орталық өз міндеттемелерін орын­да­­мағандықтан, әкімдік олармен ара­да­ғы келісімшартты бұзған. Ал тағы 13 сервистік-дайындау орталы­ғы­ның мо­йнында 373 млн теңге лизинг қа­ры­зы бар.

– Аталған орталықтарды құрудағы не­гізгі мақсат шағын фермерлерге тіке­лей қызмет көрсету болатын. Алай­да көбінің толыққанды жұ­мыс істемеуі ұсақ шаруалар арасында наразылық туды­руда. Сервистік да­йындау орталық­та­ры аудан, қала әкімдерінің өтінішімен құрылғанын ескерсек, әкімдер олардың жұмысын оңалтуда нақты шаралар қа­был­дауы қажет, – дейді бұл жайын­да облыс әкімінің орынбасары Ә.Жақанбаев.

Аймақта су үнемдеу технология­сын қолдану, су каналдарын қал­пына келтіру, мал азығы дақылдарының егіс­тігін ұлғайту, ауыл тұрғындарының жайы­лымдық алқаптарға қажеттілігін қам­тамасыз етуге қатысты да қор­да­ланған мәселе бар. Әсіресе, егіс алқап­тарын сумен қамтуға қатысты жағ­дай жақсарар емес. Соның кесірі­нен жаз­ғы маусымда алқаптарға су жетпей, диқан мен шаруа еккен дәнінен лайықты өнім ала алмаған оқиғалар жыл сайын қай­та­ла­нуда. Дерекке сүйен­сек, «Қаз­су­шар» меке­ме­сінің Алматы филиалы былтыр жалпы көлемі 134,4 мың гектарды суару­ үшін шаруа қожа­лықтарымен
7 866 келісімшарт жасас­қан. Яғни 133,1 мың гектарға 1 065 470 текше метр көлемде су жеткізген. Қызығы, биыл да осы шамада су беру жоспарланып отыр. Яғни егістік көлемінің ұл­ға­юы мен дәнді дақылдар егістігінің өзге­ріс­ке ұшырауына қатысты факторлар ес­керусіз қалғаны жауапты адамдарды ойландырмаған.

– Біз ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 4-5 есеге өсуін қамтамасыз ету үшін суармалы жерлердің аумағын арт­тыру қажет деп санаймыз. Әрине, ауа райының қолайсыздығына, құрғақ­шы­лыққа байланысты шығын­ның болуы әбден мүмкін. Мысалы, былтыр қант қызылшасынан 180 мың тонна өнім алдық. Ал Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуаттылығы – 800 мың тонна. Сондықтан 180 мың тонна екі зауыт үшін аздық ететіні белгілі. Сол үшін биыл өнім мөлшерін 200 мың тоннаға жеткізуді ойластырып отырмыз. Оның өзі бір зауытты толық қамтамасыз етуге жетпейді. Екінші зауыт қамыс құрағынан қант өндіруге мәжбүр болады. Осыған орай, облыстағы суару жүйелерін қалпына келтіріп, егістік жерлердің ауқымын тағы 10-15 мың гектарға ұлғайтуды ойластырудамыз. Бұл қант қызылшасының өнімін 500 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, қант қызылшасының түсімі мол тұқымын алып, себу керек. Себебі, қазір облыс диқандары сеуіп жатқан тұқым гектарына 100 центнерден төмен өнім береді. Бұл – тиімсіз. Зауыттар қабылдаған қызылшаның килосына төлейтін 28 теңгенің 15 теңгесі бюджет есебінен субсидияланады. Сол себепті суармалы жерлердің ауқымын ұлғайту біртіндеп жүзеге асырылуы тиіс. Сонда ғана қант қызылшасынан түсетін табыс арта түседі, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Облыстың агроөнеркәсіп ке­ше­ні­нің мүмкіндігі Алматы қала­сы­­ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық­тай жеткілікті. Алайда жұ­мы­стың дұ­рыс жолға қойылмауынан мегаполис тұты­нушылары ғана емес, өңірдің ішкі на­рығы да сырттың тауа­рына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Мысалға, Алматы қаласы тұрғындарының қысқы маусымдағы сұранысын өтеу үшін 280 мың тонна картоп қажет. Ал облыстағы 53 қойманың сыйымдылығы 52,4 мың тонна ғана. Яғни қаланың қажеттілігі 37 пайызға ғана өтеледі деген сөз. Оның ішінде Алматы агломерациясы­на кі­ре­тін Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудан­дары мен Қапшағай қаласында небәрі жалғыз қоймадан ғана бар. Өкі­ніш­­ке қа­рай, осы күнге дейін қала ма­ңын­да­ғы аудандардың аумағынан азық-түлік пен көкөніс сақтайтын зама­науи қой­ма­ларды салуға көңіл бөлінбей келген.

Жалпы, Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға биыл 47 млрд теңге бюджет қаржысы бөлін­ген. Оның ішінде мал шаруа­шы­­лығына – 21 млрд теңге, өсімдік шаруа­шылығына – 6,7 млрд, ин­вес­ти­циялық субсидиялауға – 12 млрд, су шаруашылығына – 2,5 млрд теңге, қайта өндеу бағытын қолдауға – 2 млрд теңге және ауыл тұрғындарын несие­лендіруге 3,6 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған екен. Ендігі мәселе осы қыруар қар­жының мақсатты жұм­сал­уында болса керек. Бұл үшін ай­мақ­тың ауыл шаруа­шылығын да­мы­туға қатысты ұс­та­ным «Аққу, шор­тан Һәм шаян» ерте­гісіндегідей бол­мауы тиіс.

 

Алматы облысы