Теңгенің айырбас бағамының өзгеруіне байланысты қымбатшылық болады деп ауыл дүрлігіп қалған еді. Біз облыс орталығынан өте шалғайда, 600 шақырым болатын Жангелдин ауданында тұрамыз. Жердің шалғайлығына байланысты күнделікті қолданыстағы тауарлар облыс орталығынан бізге жеткенге дейін тағы да қымбаттай түсетінін несіне жасырамыз? Жол, көлік шығыны есептелгендіктен біз мұны да түсінеміз. Осыны ойлап, теңге бағамы өзгерген кезде әбіржіп қалғанымыз рас еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің жалақысына 10 пайыздық төлем қосуды тапсырған еді. Азаматтық қызметшілерге біз, ұстаздар да жатамыз. Айлық жалақымыздың 10 пайызы біз үшін әжептәуір ақша. Қымбатшылықтан қаймығып, қалай болар екен деп отырғанда Елбасының бұл шешімі көңілімізді орнына түсірді. Алдағы күнге сеніміміз артты.
Біз ауыл мұғалімдері күні бойы мектепте балалармен бірге боламыз. Жас ұрпаққа сапалы білім беру бір күн де босаңсуды көтермейді. Әр мұғалімнің отбасы, бала-шағасы бар. Сондықтан олардың күнкөрісі, тұрмыс деңгейі мектептегі қызметіне әсер етеді. Айлық жалақыға қосылған 10 пайыз ақша әркімнің тұрмысына жақсы әсер етеді. Елбасының тапсырмасын уақтылы орындап, дәрігерлерге, мұғалімдерге және мәдениет пен әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлеріне қолдау жасаған Үкіметке де ризашылығымды айтар едім. Ұстаздарға жасалған мұндай қамқорлық білім саласының жұмысын жақсартуға деген игі қадам десем артық па? Көңілі тоқ ұстаз өзінің сүйікті ісіне де ынтамен кірісетіні маған таныс көрініс.
Азық-түліктің де аса қымбаттап жатқанын байқап отырған жоқпыз. Еліміз басшылығының осындай қамқорлығын сезінген біз арқамызды үйге сүйегендейміз. Мың да бір шүкір. Рахмет!
Роза ҚАПАНОВА,
Жангелдин ауданындағы Ы.Алтынсарин
атындағы орта мектептің мұғалімі.
Қостанай облысы.