Қаржы • 11 Наурыз, 2022

Қаржылық тұрақтылық шараларын түсіндірді

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов күрделі геосая­си ахуал жағдайында қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы айтты.

Қаржылық тұрақтылық шараларын түсіндірді

«Жағдай өте қиын, белгісіздік деңгейі де орасан. Сыртқы секторда ең жағымсыз қауіп-қатерлер мен геосаяси тұрғыда тәуекелдер пайда болды. Біз үкіметтердің, орталық банктердің, қаржы және басқа да ұйымдардың Ресей Федерациясына қарсы санк­ция­ларға қатысты мәлімдемелерін бақылап, осы санкциялардың Қазақстанға қалай әсер ететінін бағалап отырмыз. Қазақстанда қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайтын боламыз», деді Ғ.Пірматов.

Ақпан айында базалық мөл­шерлеменің 13,5%-ға дейін кезектен тыс көтерілу себептерін түсіндірген Ұлттық банк басшысы Ресей негізгі сауда әріптесіміз екенін, рубль бағамының әлсіреуі теңгеге де қысым көрсеткенін, мұндай жағдайда Қазақстанда базалық мөлшерлемені жедел арттыру сыртқы күйзелістер сал­дарының ел экономикасына таралуының алдын алуға қажетті шара болғанын атап өтті.

«Біз қабылдаған жедел ше­шім теңгенің айырбастау баға­мына көрсетілетін қысымды, атап айтқанда, алыпсатарлық қы­сымды төмендетуге мүмкіндік беріп, инфляциялық және деваль­вациялық күтулердің өсуін бол­дырмауға бағытталды. Мұндай дағдарыс жағдайларында жауап­кершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді көрсету ма­ңызды. Біз өз әрекеттерімізді, саудадағы өзгерістер мен интервенциялар туралы ақпаратты ашық жариялап, нарықпен бөлісеміз. Менің ойымша, бұл дәл қазір өте маңызды. Бұл бізге ақша-кредит саясатын жүргізуге көмектеседі: ашық диалог пен іс жүзіндегі әрекеттеріміздің жариялылығына қарап-ақ, на­рықтың кәсіби қатысушылары Орталық банктің не істеп жат­қанын және Қазақстанда қар­жылық тұрақтылықты сақтау үшін қажетті барлық шешімді қабылдауға дайын екенін білгені жөн», деді Ұлттық банк төрағасы.

Ғ.Пірматов қазіргі базалық мөлшерлемені сақтау жөнінде шешім қабылдауға әсер еткен факторлар туралы айта келіп, күрт өзгеріп жатқан жағдайды және бұрын-соңды болма­ған белгісіздік деңгейін ескеріп, белгілі бір уақытқа үзіліс жа­салғанын жеткізді. Бұл уақыт негізгі ішкі және сыртқы мак­роэкономикалық индикатор­лардың осы күтпеген өзгерістерге ықпалы жөнінде жаңа ақпарат жи­науға мүмкіндік береді.

«Ахуал түбегейлі нашарлаған жағдайда бізде пайыздық саясат шеңберінде бұдан былайғы шешімдер қабылдау үшін кеңістік сақ­талып отыр. Егер қаржы нарық­тарында құбылмалылық арта­тынын көретін болсақ, біз қар­жы тұрақтылығына нұқсан кел­тірместен, ақша-кредит талаптарын елеулі түрде күшейте аламыз», деді ол.