Баянауыл ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Айбат Ыдырысов ауа райы құбылса, баянауылдықтар шайнектерін қайнатып, ұялы телефондарын қуаттауға асығатынын айтты. Жарық сөнсе, қай уақытта қосылатынын ешкім білмейді.
– Аудандағы электр жүйесіне қай мекеме жауапты екенін ұғына алмай қойдық. Кім жауапты болса да, жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, олқылықтың орнын толтыру керек қой. Жарық неге жиі сөнеді? Сымдар ескірген шығар, өзге де техникалық себептер болуы мүмкін. Осы жайлы тұрғындарға дұрыс ақпарат беретін маман жоқ. Ал ай сайынғы түбіртекте жарық көрсеткіші бойынша артық сома есептелсе, жарықпен «жарылқайтындарды» сотқа берсең де жеңе алмайсың. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қабылдап, тұрғындармен ашық диалог орнатуды тапсырған еді. Олар болса, әлі күнге дейін жарық мәселесі бойынша халық алдында есеп берген емес. Аудан әкімдігі де мардымды ештеңе айта алмайды, – дейді Айбат Ыдырысов.
Тұрғындардың базынасын тыңдап, бірден аудан әкімі Серік Батырғожиновқа хабарластық. Ол бұл қызметке тағайындалғанына көп уақыт болмаса да, аталған мәселеден хабардар екенін жеткізді.
– Есептік кездесулер кезінде барлық ауылды аралап шықтым. Шынымен де жарық мәселесі өзекті. Көп жерде электр бағандары өткен ғасырдың 80-жылдары салынып, әбден тозған. Бұл іске жауапты аймақтағы монополист ұйым – «Павлодарэнергосбыт» ЖШС басшылығымен байланыс орнатып, жаңғырту жобаларын қолға алмақпыз. Биыл Ақсаң, Лекер және тағы үш елді мекенде электр жүйесін ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Осылайша, кезең-кезеңмен барлық ауылдағы жарық мәселесін шешетін боламыз, – деп сендірді аудан басшысы.
Аймақтағы монополистердің кеудесін керіп, мұрнын көкке шүйіргенін талай көрдік. Тіпті «қызмет көрсетуден бас тартамыз» деп жылуға жауапты мекеменің облыс әкіміне сес көрсеткені бар. Айтпағымыз, Баянауылдағы жарық мәселесі жарты жолда қалып қоймаса екен.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы