Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
Өз сөзінде Талғат Ермегияев Елбасы Жолдауында және «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсетілген Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі, ел экономикасының үдемелі дамуы, ІЖӨ-ні өсіру және оған жұмсалатын энергия шығынын азайту, индустрияландыру және инновация сияқты маңызды міндеттерді орындау мәселелеріне тоқталды. «Осы атап көрсетілген келелі міндеттердің біздің компаниямызға да тікелей қатысы бар. Себебі, «Астан ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың негізгі міндеті – елімізге инновациялық жобалар арқылы инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті экономика құруға барынша үлес қосу», деді ол өз сөзінде.
Мемлекет басшысының Жолдауында «ЭКСПО-2017» – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі халықаралық шара. Салынған әрбір ғимарат өзімізде қалады және инновациялық идеяларды еліміз бен әлем игілігіне жарату үшін қызмет ететін болады», деп атап көрсетілген. Сондықтан жүзден астам мемлекеттен қонақтар келетін «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесін жоғары деңгейде өткізу жауапкершілігі зор да абыройлы міндет. Көрме қалашығындағы құрылыс жұмыстары жақында басталғалы отыр. Бұл еліміздің құрылыс индустриясын жаңа биікке көтеретін шын мәніндегі ғасыр құрылысы болмақ.
Компания басшысы алда тұрған осы бір келелі міндеттерді тілге тиек ете келіп, ЭКСПО қалашығының жалпы ауданы 173,4 гектар болса, оның 148 гектарына тұрғын үйлер, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік мәдени нысандар, сауда және ойын-сауық орталықтары салынатындығын, ал 25 гектар аумақ нақты көрме кешендерінің иелігіне берілетіндігін айтты. Инфрақұрылымы дербес салынатын ЭКСПО қалашығының арқасында Астана «ақылды» қалаға айналатын болады. «Ол өз энергиясын өзі өндіріп алуға қабілетті әлемдегі алғашқы қала болады. Көрме аумағы тек қана жаңғыртылған энергия көздерінен алынған қуатпен жұмыс істейді. ЭКСПО қалашығының тағы бір жаңалығы – өндірген қуатын кез келген бағытқа бере алатын Smart Grid ақылды энерготарату жүйесі іске қосылмақ. Smart Grid жүйесі әр ғимараттың өзі өндірген энергиясын өзі пайдаланып қана қоймай, артығын сатып жібере алатын мүмкіндік туғызады. Қызықты жаңалықтың бірі – «ақылды қоқыс» атты вакуумдық жүйе. Оның артықшылығы – әр ғимараттан шыққан қоқысты жүйе өзі сорып алып, тікелей зауытқа өңдеуге жібереді. Ол зауыт пайдаланылған техникалық суды да тазалап, қайтадан құбырға жолдай алады. Бұдан бөлек ЭКСПО қалашығында өндірілген энергияны еш қиналыссыз сақтай алатын қойма пайда болмақ.
Дәл қазір біздің компания маңызды шараның қарсаңында тұр. 2014 жылдың маусым айында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) бас ассамблеясында «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің басты құжаты – тіркелу құжаттамасы талқыланатын болады. Бәріміз үшін маңызды бұл шара сәтті өтеді деп сенеміз», деді сөзінің қорытындысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ төрағасы Талғат Ермегияев.
Төрағаның брифинг барысында журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере келіп, көрме қалашығына бөлінген 174 гектар құрылыс алаңына 1 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылатынын айтты. ЭКСПО қалашығының құрылыс алаңында жұмыс істейтін инвесторлар үшін айтарлықтай салық жеңілдіктері жасалатын болады. Тағы бір айта кететін мәселе, көрмеге дайындық барысында ЭКСПО қалашығындағы құрылыс және басқа да салаларда 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».