01 Сәуір, 2014

Журналистердің халықаралық саммиті

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
160313-22014 жылдың 20-23 мамыры ара­лығында Қазақстанда тұңғыш рет  Ха­лықаралық «G-Global» журналис­тикасы саммиті ұйымдастырылады. Айтулы шара VII Астана экономикалық форумы аясында өтеді. Саммит барысында әлемдік дағдарыс жағдайындағы журналистика рөлі, медиа саласындағы инновациялар мен технологиялар талқыланып, экономикалық көрсеткіштер мен ақпаратты таратудың жаңа тәсілдеріндегі әрекет етуші құралдар жайлы тілге тиек етіледі. Бұл шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Үкіметі, «G-Global» коммуникативтік платформасы, «Ғалымдардың Еуразиялық Экономикалық Клубы» қауым­дастығы және «Success K» медиа-агенттік өкілдерінің айтуынша, саммитке танымал медиа-тұлғалар, блоггерлер, халықаралық медиа-холдингтер, тәжірибелі ғылыми қайраткерлер қатысады. Ашық үнқатысу алаңында экономика мен қаржы тақырыптарына бағытталған заманауи журналистикадағы өзекті мәселелерді талқылап, маңызды трендтер мен дағдарысқа қарсы ақпараттық саясат ағындары жай­лы пікірталастар өткізу жоспар­лануда. Халықаралық журналис­ти­ка саммитінің маңызды шара­ларының бірі әлемдік журна­лис­тикаға қосқан үлесі үшін «Экономикалық мәселелерді наси­хаттаудағы жаңа медиа-технологиялар мен инновациялық құралдар» атты «G-Global» сыйлығы болады. Сыйлықты алуға шетелдік және отандық медиа-холдингтер, бірлестіктер, медиа-технология әзірлеушілер, IT-компа­ниялар және тәуелсіз журналистер өздерін ұсына алады. Байқау қорытындысы бойынша жаңа технологиялар, құралдар және бағдарламалар арқылы экономикалық ақпаратты ерекше тарата білген, әлемдік қо­ғам­дастықтағы экономикалық мәселелерді аудитория оңай қабылдай алатындай етіп жеткізіп, олардың қызығушылығын тудыра алатын ең үздік журналистік жоба анықталады. Жеңімпаз VII Астана экономикалық форумы аясында өткізілетін марапаттау кешінде 15 000 АҚШ долларымен марапатталады. Сонымен қатар, жаһандық журналистика саласында ақпа­ратпен алмасып, соңғы технологияларды көрсету үшін саммит аясында Халықаралық «Шексіз ақпарат» медиа-көрмесі (IMX) өткізіледі. Көрме танымал медиа-холдингтердің, әзірлеушілердің, тәжірибелері бар, өз жетістіктерін БАҚ-қа көрсетуге дайын индустрияның ғылыми қайраткерлерінің, экономика журналистикасындағы ақпараттық бизнес пен білімді құруға арналған дағдылардың, медиа құралдар мен техноло­гиялардың кездесетін орнына айналатыны сөзсіз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».