Тағайындау • 11 Наурыз, 2022

Кентау қаласының әкімі тағайындалды

1076 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Кентау қаласының әкімі тағайындалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен және Президент Әкімшілігінің келісімімен бұл қызметті Рашид Аюпов атқаратын болды, деп хабарлайды Egemen.kz.



Кентау қаласының әкімі тағайындалды

Облыс басшысы жаңа әкімді таныстыру кезінде оның жұмысына сәттілік тілеп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындауды басты назарға алуды міндеттеді. 100 мыңнан астам тұрғыны бар Кентау қаласының жаңа әкіміне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Рашид Аюпов аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғысын жеткізіп, алдағы уақытта Кентау қаласының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынына уәде берді.

Рашид Аюпов 1981 жылы Кентау қаласында туған. 2019 жылдың шілде айынан 2021 жылға дейін Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды. Өткен жылдан бері Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды.

Ал бұған дейін Кентау қаласының әкімі қызметін атқарған Дәурен Махажанов аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген еді. Ол облыс әкімінің өкімімен бұл қызметтен босатылды.