Елбасының әр жылғы халыққа арналған сөзі ұға білген кісіні терең ойға бастайды. Біраз уақыттан бері білім беру саласындағы істерге араласып жүрген адам ретінде Тұңғыш Президентіміздің әлемдегі даму сарынын қырағылықпен бағамдап, кезек күттірмес міндеттерді нақпа-нақ айқындап, өсіп-өркендеу бағытымызды жаңғыртып, мақсатымызды биіктетіп, қайратымызды қайратқан Жолдаулары әрдайым өзгеше екенін байқаймын. Ненің де болса бағасы салыстыра қарағанда көрінеді ғой. Күні кеше ғана тәуелсіздігімізді қалыптастыру, экономикамызды түзеу, болашағымызға жол салу көзделсе, бұл күндегі ой-арман одан сайын асқақ. Елбасымыз бүгін дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынып, қазақстандықтардың жасампаздық істерді тереңдету ұмтылысына жаңа ұшқын түсірді. Бұл идея бәрімізді ортақ тілекке, бір мүддеге ұйыстырушы, сан ұлт басын біріктіруші, жүрегін қосушы қасиетті мұрат тұрғысында ақиқатқа айналуына өміріміздегі қазіргі келісті көріністердің өзі куә.
Жолдауда атап көрсетілгендей, білікті мамандар даярлайтын оқу орындарына талап күшейе түспек. Біздің университет осы міндет биігінен көріне білуді басты мақсат санайды. Президент Н.Ә.Назарбаев белгілеп берген «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сәйкес өскелең ұрпақты заман талабына сай білім алуға, еңбек етуге, түрлі жаңашылдықтарды жете қабылдап, екшей білуге және соның барлығын өз Отаны игілігі үшін жұмсауына мүмкіндік туғызуға сан алуан іс-ізденістер жүргізіліп келеді. Қысқаша тоқтала кеткенде, Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарда білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес университет білім берудің халықаралық стандарттарына кезеңдік көшуді, инновациялық технологиялар мен СМЖ қағидаларын ұстана отырып, жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын жоғарылатуды, қоғамдық экономикалық байланысты және ұжымдық рухты нығайтуды жүзеге асыруда.
2004 жылдан бастап, кредиттік оқу технологиясы енгізіліп, 2007 жылы күндізгі бөлімнің барлық мамандықтары, 2008 жылдан бастап сырттай бөлім мамандықтары толықтай осы жүйеге ауысты.
Университет Еуропа Кеңесінің конвенциясын орындауындағы Академиялық мойындау және мобильділік бойынша ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің (ЮНЕСКО) халықаралық кадрлар академиясының құрамына енді. Жоғары дәрежелі мамандар дайындағаны үшін, сондай-ақ халықаралық қатынасты нығайтқаны үшін Халықаралық кадрлар академиясының «Білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» орденімен марапатталды.
Оқу орны Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының, Ресей заң ғылымдарының академиясының мүшесі болып табылады. Университет Қазақстанның Болон үдерісіне қосылу бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасы Университеттерінің меморандумына (Тараз декларациясы) қол қойған 15 жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бакалаврлармен қатар «Заң тану», «Экономика», «Ақпараттық жүйелер», «Қазақ тілі мен әдебиеті» магистранттары даярланады. Сондай-ақ, оқу орнымыз жанынан құрылған Орталық Қазақстан гуманитарлық, Құқықтық, Салыстырмалы және тарихи-ағарту ғылыми-зерттеу институттары, «Мирас» орталығы қызметі біраз жерге танымал. 1 миллионнан аса қоры бар кітапхана әдебиеттер мен оқулықтарға бай. Ал «Болашақ-Баспа» редакциялық баспа бөлімі оқу үдерісіне қажетті монография, оқу құралдарын және оқу-әдістемелік кешендерін басып шығарады. Қасым Аманжолов атындағы «gasym.kz» әдеби порталы, «Тіл және рух», «Лимонад», «Эврика» мәдени және ғылыми-танымдық журналдары студенттеріміздің шығармашылық талаптарын ұштауға жол ашып жүр.
Жасыратыны жоқ, білім беру саласындағы реформалардың бәрі бірдей нәтижелі болмаса да біраз оң өзгерістерді жоққа шығаруға болмайды. Жаһандану заманында ешқандай ел томаға-тұйық күйінде, өзара тәжірибе алмаспай, бір-бірінен үйренбей өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан да әлемдік үдерістен шет қалмау үшін озық технологияны енгізу, басқа да жаңаруларды игеру мақсатында реформалар жүргізу уақыт талабы.
Бәсекеге қабілетті білікті мамандар әзірлеу үшін шетел оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды оқыту еліміз дамуына үлкен әсерін тигізді. Қазір дүние жүзіндегі қандай да білім ордасымен иық теңестіре алатын Назарбаев Университеті сынды іргелі оқу орнымыз алысқа танымал болып отыр. Барлық өңірлерде Назарбаев зияткерлік мектептері ашылуда. Міне, осылар білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеруге үлгі танытып отырса, университетіміздің де осындай биікке ұмтылуға мүмкіндігі бар. Күндізгі және сырттай бөлімдерде оқитын 5 мыңға тарта студенттер мен магистранттардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған десек, артық айтқандығымыз емес. Аймақтағы іргелі оқу орны болып қалыптасуына 16 жыл ректор болған заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбековтің сіңірген еңбегі ерекше екені көпке белгілі. Бұған университетіміздің еліміздің ЖОО-лары арасындағы жоғары рейтингі айғақ және АҚШ-тың Айова штатындағы Лексингтон мен Түркиядағы Ататүрік университеттерімен ынтымақтастық байланыс соны көрсетеді.
Елбасы Жолдауында «Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет» деп атап көрсетілгендей, үздік оқитын, көп балалы отбасылардан шыққан, қоғамдық өмірде, мәдени және спорттық шараларда көзге түсуші студенттерге барынша көмек көрсетілуде. Гүлім Әбілғазина сияқты шәкіртіміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры шәкіртақысының иегерлігін мақтан тұтады. Тұрмысы төмен отбасылар, жетім, жалғызілікті жеткіншектердің 60-қа жуығы университет ректорының грантымен оқиды. Сонымен бірге, оқу орнымыз атағын спорттағы жетістіктерімен алысқа танытушы Қазан Универсиадасының самбодан күміс жүлдегері Бейімбет Қанжанов, осы күрес түрінен халықаралық жарыстардың жеңімпазы Айдын Дартаев, академиялық ескек есудің шебері Светлана Германович сынды саңлақтарымыздың талаптарын ұштауға барынша қолдау көрсетіледі.
Президент Н.Ә. Назарбаев аталған маңызды құжатта адамдарға қамқорлық – қоғам алдындағы парыз екенін ерекше атады. Осы нұсқауға сәйкес ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан сайын жақсартуды басты мақсат санап отырмыз. Бұл күнде Балқаштағы демалу орнымызды күрделі жөндеуден өткізуді бастадық. Қаланың алыс бөліктерінде тұратын оқытушылар мен студенттерді университетке жеткізіп, үйлеріне апарып тастауға 3 автобус бөлінді. Студенттердің интернет желісіне тегін қосылу, университет бөлімдеріне тегін қалааралық қоңырау шалу, индивидуалды түрде оқыту әрбір студентке өзінің қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бар.
Ақылы түрде оқитын студенттер үшін тиімді жеңілдіктер түрлері қарастырылған. Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерді қалтқысыз орындаудың басқа да шаралары қолға алынып жатыр.
«Жүз жылдығын ойлаған – адам тәрбиелейді» дейді халық даналығы. Отыздыққа ену іргетасын берік ететіндер озық ойлы, жоғары мәдениетті, отансүйгіш азаматтар. Біздің ең асыл мақсат-мүддеміз сондай жастар тәрбиелеу ісін жақсартып, қатарларын молайта беру дегім келеді.
Құралбай МЕҢЛІБАЕВ,
Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры.
ҚАРАҒАНДЫ.