Қазақстан Республикасы мен Сейшель аралдары республикасының арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Сейшель аралдарының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Мари-Луиза Поттер екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.
Қол қою рәсімі кезінде екіжақты деңгейде ынтымақтастықтың болашағы туралы және Қазақстан мен Сейшель үшін қызығушылық тудыратын БҰҰ күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Солардың ішінде теңізге шыға алмайтын, кіші аралды елдер мәселесін шешу, Тұрақты даму мақсаттарын жасау, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі мәселесі және т.б. бар. Тараптар мемлекеттер арасында туризм, білім беру, сауда және өңірлік нарықтарға жол ашу салаларындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Осы жылғы қыркүйекте Қазақстанның да қатысуы жоспарланып отырған Дамушы кіші аралды елдердің саммитіне ерекше назар аударылды.
Сейшель – ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткізуде Астана қаласының кандидатурасын қолдаған Африка өңіріндегі алғашқы мемлекеттердің бірі. Сейшельдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, әсіресе, дамушы елдер үшін энергетика, энергия ресурстарының жетіспеушілігі мәселелерін шешудегі ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызды рөлін атап өтті.