Аймақтар • 13 Наурыз, 2022

Петропавлда тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 5 адам қаза болды

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 5 адам қаза болды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 5 адам қаза болды

«13 наурызда сағат 01:07-да СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі« ММ-нің «101» телефонына Мәскеу өткеліндегі 4 пәтерлі кірпіш тұрғын үйде (Береке шағынауданы) өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Өрт сөндірушілер сағат 01:13-те келген сәтте үйдегі № 3 пәтер жанып жатқаны анықталды. Үйдің шатыры өртке оранған, қою түтін басқан. Өрттің шығуы туралы хабарлама құзырлы органға кеш берілді», - делінген хабарламада.

Құтқарушылар жалынды дереу сөндіруге кіріскен.

«Өртті сөндіру барысында 1975, 1979, 1960 жылдары туған екі ер адамның және 1960, 1967 жылдары туған 2 әйел адамның денелері табылды. Қайтыс болған адамдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Үй орталық жылыту жүйесіне қосылған. Өрт сағат 01.53-те ауыздықталып, сағат 02.24-те сөндірілді», - деді ҚР ТЖМ-нан.

Апатты жағдайды жоюға Петропавл қаласы 4 өрт сөндіру бөлімінің (№1, 2, 3 және 5) 30 өрт сөндірушісі мен 6 бірлік техникасы жұмылдырылды. Тілсіз жау 60 шаршы метр аумақты шарпыды.

«Өрттің шығуына алкогольдік ішімдік ішіп, төсекте темекі тарту себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Келтірілген шығын мөлшері анықталуда.

2022 жылғы 1 ақпанда № 5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аула аралау жұмыстары барысында өртте қайтыс болған ер адамдардың бірі, 1960 жылы туған ер адамға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жадынама табыс еткен болатын. Қаза тапқандар халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатпайды, спирттік ішімдік ішетін адамдар ретінде есепке алынбаған. Куәгерлердің айтуынша, өрт шығар алдында қайтыс болғандар спирттік ішімдік ішкен», - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Мәлім етілгендей, биыл СҚО аумағында 115 өрт болды, онда 12 адам қаза тапты, 4 адам зардап шекті. Келтірілген материалдық шығын шамамен 72 млн теңгені құрады.