Әлем • 13 Наурыз, 2022

Украина халқына Қазақстан гуманитарлық көмек жібереді

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Украина халқына медициналық препараттар түрінде гуманитарлық көмек жібереді. Бұл туралы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Украина халқына Қазақстан гуманитарлық көмек жібереді

«Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия отырысының хаттамасын, сондай-ақ ҚР Президентінің тапсырмасын орындау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Украинаға гуманитарлық көмек жіберетін болады.

ҚР Үкіметі жанындағы Халықаралық гуманитарлық көмек көрсету мәселелері жөніндегі комиссия Украина халқына медициналық препараттар партиясын бөлу туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп Алматы - Катовице (Польша) бағыты бойынша гуманитарлық жүкті әуе кемесімен жеткізу мәселесін қарастырған. Украина азаматтарына гуманитарлық көмек 2022 жылғы 14 және 15 наурызда Алматы қаласының әуежайынан екі рейспен жіберілетін болады.

Жөнелтілетін жүктің жалпы салмағы 28,2 тонна және 17 түрлі дәрі-дәрмектер: антибиотиктер, қабынуға қарсы, антитуссивті және антигипертезивті дәрілер болады. Гуманитарлық жүк Алматы халықаралық әуежайынан 14 наурыз күні жіберіледі (жүктеу тиеу жұмыстары ұшудан 2 сағат бұрын жүргізіледі).