Аймақтар • 13 Наурыз, 2022

Алқаптағы жұмыс қызатын күн алыс емес

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысы әкімдігінде алдағы егіс науқанына дайындық барысы пысықталды. Биылғы көктемде өңір диқандары 5 млн 173 мың гектар алқапқа тұқым себуді жоспарлап отыр. Жиында ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі саланы қаржылық қолдаудың барлық бағыты сақталғаны айтылды.

Алқаптағы жұмыс қызатын күн алыс емес

Көктемгі науқанға дайындық ба­рысы жөнінде баяндаған облыс әкі­мінің орынбасары Арман Әбе­нов­тің айтуына қарағанда, биыл егістіктің басым бөлігіне бидай се­бі­леді. Дегенмен өңір тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамту мақсатында майлы дақылдар мен көкөніс алқаптарының көлемі де едәуір ұлғаяйын деп отыр. Мәселен, былтырғымен салыстырсақ, биыл майлы дақыл алқабы 44,3 мың гектарға, картоп 1 189, көкөніс 1 034 гектарға ұлғаяды.

– Алқаптарды әртараптандыру бұдан былай өңір тұрғындарын ауылшаруашылық дақылдарының барлық түрімен, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Сондықтан алда осы мә­се­лені әр шаруашылыққа, ауыл тұр­ғын­дарына түсіндіріп, жеткізу сияқ­­ты­ жауапты шаруа күтіп тұр. Ауыл­шаруашылық тауарын өндірушілердің әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесуге тура келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мамандар биылғы тұқымның сапасы жоғары екенін жеткізді. Өткен жылы облыс шаруашылықтары 530 мың тонна бидай тұқымын дайындап қойған. Оның 90 пайыздан астамы 1-ші және 3-ші репродукцияға жатады. 0,6%-ы суперэлиталы, 4,8%-ы элиталы, ал 3,2%-ы төртінші репродукция тұқымы.

Өңірдің оңтүстік аудандарындағы шаруашылықтардың біразы соңғы үш жылғы қуаңшылықтан кейін құрғақ­шы­лыққа төзімді дақыл түрлерін өсіруге бет бұра бастаған. Әсіресе, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Амангелді аудандарында қазіргі на­рық­та жоғары сұранысқа ие, бағасы қым­бат майлы дақыл – мақсары егіп, одан жақсы өнім алып отырған шаруалар көп. Мысалы, былтыр мақсары еккен Әулиекөл ауданындағы «Шуллер» шаруа қожалығы әр гектардан 10 центнерден, Науырзым ауданындағы «Кошкодан С.И.» шаруа қожалығы 5 центнерден өнім алған. Аталған аудандардың былтыр бір гектар жерден 3-4 центнерге жетер-жетпес бидай өнімін алғанын ескерсек, биыл мақсары өсірушілердің қатары көбейе түсетін сыңайлы. Арман Әбеновтің айтуынша, биыл облыста 126,8 мың гек­тарға мақсары тұқымы егіліп, мақ­сары алқабының көлемі 42 мың гек­тарға ұлғаймақ.

2021 жылы облыстағы 8 мың гектар­ға жетер-жетпес суармалы ­ал­­қап­қа биыл тағы да 1 420 гектар қо­сы­­лайын деп отыр.

Бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі – егін шаруашылығына пайдаланылатын минералды тыңайтқыштар көлемін ұлғайту. Былтыр топырақ құрамында ылғал аз болғандықтан, диқандар алқап жұмыстарына 69 мың тонна тыңайтқыш жаратты. Биылғы алқапқа кем дегенде, 80 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылады деп жоспарланған.

Көктемгі егіс науқанына 20 мың­нан астам трактор, 22 мың тұ­қым сепкіш, 1 200 жоғары өнімді дән сепкіш кешен қатысады. Қазір әр шаруа­шылық қолда бар техникасын жөндеуден өткізіп, көктемге қам­да­нып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, өңірдегі ауылшаруашылық техникаларының 87%-ы алқапқа шығуға дайын. Осын­ша­ма техника науқанның дәл қызған тұсында жанармайсыз тұрып қалмауы үшін алдағы көктемгі алқап жұмыстарына 71 мың тонна арзандатылған дизельді отын бөлінді.

Облыста ауылшаруашылық техникаларын құрастыру саласы ілгері дамып келеді. Мәселен, былтыр 1 009 «МТЗ», 529 «Ловол», 415 «Кировец» тракторы және 402 «Есіл» комбайны құрастырылған. Жергілікті зауыттардан шыққан трактор-комбайндар өңір шаруашылықтарының техника паркін жаңартуына серпін беріп отыр.

Өңірде «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы аясында 159 шаруашылыққа цифрландыру элементтері енгізілмек. Аталған шаруа­шылықтардың 79-ы егінмен, ал 81-і мал өсірумен айналысады.

Биыл облыстың ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамытуға 27,6 млрд теңге субсидия бөлініп отыр. Мәселен, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 9,9 млрд теңге, мал шаруашылығына – 7,5 млрд теңге, өзге де бағыттар үшін 10,2 млрд теңге демеуқаржы бөлу қа­растырылған.

Көктемгі алқап жұмыстары мен күзгі жиын-терін науқанын «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырады. Корпорация бұл мақсатқа шамамен 26 млрд теңге бөлуді жоспарлады. Қаржы мекемесі бүгінге дейін 45 өтініш қабылдап, 907 млн теңге бөлген. Мұның сыртында, диқандарға «Азық-түлік корпорациясы» арқылы осымен екінші жыл қатарынан форвардты са­тып алу арқылы қаржылай көмек көрсе­тіліп келеді. Биыл бұл кор­по­ра­ция ди­қандардың көктемгі-күзгі нау­қа­нына 22,9 млрд теңге қарас­ты­рып отыр.

Сала мамандары өткен жылы жүр­гізілген зерттеу нәтижелеріне сүйе­не отырып, биыл жазда астықты алқапта үйірлі шегіртке, астық көбе­легі сияқты аса қауіпті зиянкестер қаптап, тат, септариоз сынды өсімдік аурулары пайда болуы мүмкін деп болжап отыр. Қауіптің алдын алып, алқапты дер кезінде химиялық жолмен өңдеуге қажет пестицид алу үшін 450 млн теңге субсидия бөлінді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аталған салаға жауапты басшыларға көктемгі егіс науқанына әзірлік барысын әлі де пысықтай түсуді тапсырды.

Қостанай облысы