Қазақстан • 13 Наурыз, 2022

Мемлекеттік қызмет проактивті түрде ұсынылуға тиіс

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа отырысында былтырғы жұмыстар қорытындыланып, Президенттің бақылауындағы экономика салалары мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру бойынша маңызды міндеттер қарастырылды.

Мемлекеттік қызмет проактивті  түрде ұсынылуға тиіс

Цифрлы трансформация – жү­йелі реформаларды іске асы­ру­­дың, мемлекеттік басқару­ды жетіл­дірудің және халық се­ні­мін арттырудың түйінді құ­рал­дарының бірі. Бұл үрдісті ба­рын­ша тиімді, қолайлы және өнімді іске асыру үшін Цифрлы офицерлер институты құрылып, былтыр цифрландыруға жауапты вице-министрлерге арналған (CDO) KPI жүйесі енгізілген еді.

«Әсіресе бүгінгі жағдайда CDO – инновациялық және тех­но­логиялық экономиканы қа­лып­тастыру жолында жүйелі өзге­ріс­тердің драйвері. Олар өздері қа­дағалайтын салаларда, яғни ауыл шаруашылығы, өнер­кәсіп, энергетика және тағы басқа салада инновацияларды енгізіп, жаһандық үрдістерден қал­май инновациялық экожү­йені қалыптастырып, міндет­тер­ді жүзеге асыру үшін отан­дық стартаптарды тарта оты­ра халықаралық BigTech ком­па­ниялар мен отандық ғылы­ми қауымдастықтың мүмкін­дік­терін кеңінен пайдалану тиіс», деді Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин.

Ведомство басшысы айтқан­дай, елді мекендерді интернетпен қамту, байланыс сапасын арттыру және ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бағы­тында да біраз жұмыс атқа­рылды. Атап айтқанда, бас шаһар мен Алматы, Шымкент қала­ларында сынақтан өткізіліп жатқан 5G буын технология­сын биыл осы қалаларда ком­мер­циялық мақсатта енгізу көз­деліп отыр. 2021 жылдың қоры­тын­дысына сәйкес, 1 257 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы кең жолақты интернетпен, 928 елді мекен мобильді интернетпен қамтылды.

Байланыс сапасын арттыруға да баса назар аударылып жатыр дейді министрлік өкіл­дері. Былтыр 611 елді мекенде мобиль­ді интернет жақсартылса, биыл да 157 ауылдағы интернет сапасын арттыру жұмыстары жоспарланған. 2021 жылы ведомство мамандары байла­ныс сапасы бойынша 562 тек­серіс жүргізіп, бекітілген пара­метр­лерді бұзғаны үшін байланыс операторларына 132 млн теңге айыппұл салынды. Бұл орайда биыл сапасыз байланысқа айыппұл көлемін 1 500 АЕК-ке дейін көтеру жоспарда бар.

Қазір Каспий теңізінің түбінде ТОБЖ салу жұмыстары қолға алынып, бұл – елімізді Еуразия орталығындағы цифр­лы хабқа айналдыру жолын­д­ағы маңызды және ауқымды жобалардың біріне айналдырады.

Сондай-ақ былтыр Қазақстан +997 телефонды кодын резервке алып, бірақ әлі де +7 айма­ғын­да қалу мүмкіндігі бар. Осы бағыт­та құзырлы орган мамандары ре­сейлік тараппен және Ха­лық­ара­лық электрбайланыс одағы­мен тиісті жұмыстар жүр­гізіп жатыр.

Мемлекеттік қызметтер­ді жетілдіру, бизнес-процестер­ге реинжиниринг жасау жұмыс­тары да қарқынды жүріп жатыр. Бұл орайда 110 бизнес-процеске анализ жасалып, қажетсіз үдеріс­тер анықталды. Қазір өзекті про­цестерді цифрлау басталып, оң нәтижесі байқалып жатыр.

Бүгінде бірқатар маңызды мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі. Алайда ми­нистр­­дің айтуынша, барлық қыз­­мет проактивті форматта ұсы­ны­­луы тиіс, демек азаматтар түрлі ме­­ке­­мелерге жүгініп, табан тоз­дыр­­­мауы керек. Осы бағытта ми­нистр­­лік 2022 жылы тағы 20 про­ак­­тивті қызмет енгізуді жос­парлап отыр.

Алқа мәжілісі барысында еліміздегі аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы мәселелер, геодезия және картография саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы ая­сында жүзеге асып жатқан жобалар, цифрлы сервистердің ен­гізілуі жөніндегі маңызды мәсе­лелер пысықталып, жан-жақты талқыланды.