Ассамблеяның депутаттық тобы:
ПАРТИЯАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ҮНҚАТЫСУ АЛАҢЫ
Партияаралық ынтымақтастық – этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында бірлесе жұмыс атқарудың маңызды тетіктерінің бірі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобы кеңейтілген отырысын өткізіп, Ассамблея «Ақ жол» ҚДП және Қазақстан Халықтық коммунистік партиясы өкілдерімен Ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясаттың бағдарын нақты көрсетіп берді. Қоғамдық келісім конституциялық ұстаным болып табылады. Сондықтан, полиэтностық мемлекеттегі ұлттардың басын қосу, қабылданатын заңнамалық құжаттардың барлығын арнайы сараптамадан өткізу – басты жұмысымыз. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын этностық топтардың елімізге деген сүйіспеншілігін, патриотизмді дамыту бағыттары – негізгі міндеттердің бірі. ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық даму тұжырымдамасында Ассамблеяның басты міндеті ретінде өз кезегінде барлық экономикалық және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне кепілдік беретін, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін қоғамдық келісім екені көрсетілді», – деп атап өтті.
Ал депутаттық топ жетекшісі Жұматай Әлиев осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ жоспарларды сөз етті. Бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттарға алғыс хат тапсырды.
«Егемен-ақпарат».