Спорт • 14 Наурыз, 2022

Жалғыз жүлдемен қорытындылады

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай астанасы – Бейжіңде ұйымдастырылған XIII Қысқы Паралимпия ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің 50 мемлекетінің ең үздік деген 700-ден астам спортшысы қатысқан байрақты додада Қазақстан құрамасының бес спортшысы да жүлде үшін бақ сынады. Парабиатлон және парашаңғы жарысы бойынша өнер көрсеткен жерлестеріміз бір қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 17-орынға табан тіреді.

Жалғыз жүлдемен қорытындылады

 

Осыдан төрт жыл бұрынғы Пхенчхан Паралимпиадасында отандастарымыз бір алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасымен бірге 20-орынды өзара бөліскен еді. Ал биыл жарыс қожайындары 18 алтын медальмен турнир кестесінде жеке дара көш бастады. Солы жылы шаңғы бәсекесінде жарыс жолына шыққан қазақстандық Александр Колядин 1,5 шақырымдық спринтте алдына жан салмай, Қазақстан Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алған-ды. Өкінішке қарай, ол былтырдан бастап үш жылға жарыстардан шеттетілгеніне байланысты биылғы Паралимпия ойындарына қатыса алмады. 

Бейжіңдегі Ақ ойындарда Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз жүлдені парабиатлоннан 10 шақырым қашықтықта бақ сынаған Александр Герлиц салды. Алтын жүлдені канадалық Марк Арендц жеңіп алса, украиналық Григорий Вовчинский күміске қол жеткізді. Паралимпия ойындарының алдында бірқатар спорт мамандары дәл осы петропавлдық шаңғышы Бейжіңдегі ойындарда ел қоржынына жүлде салуы мүмкін екенін болжаған еді. Аузы дуалы сарапшылардың айтқаны айдай келіп, 32 жастағы А.Герлиц ел мерейін асырып, Қытайда көк туымызды биікте желбіретті. Әлемдік рейтингте ТОП-5 спортшының қатарында тұрған Александр осыдан төрт жыл бұрынғы Пхенчхан Паралимпиадасында да шаңғы және биатлон бәсекесінде өнер көрсетіп, төрт мәрте үздік жеті спортшының қатарынан көрінген болатын.

Сонымен қатар Александр Герлиц биылғы Ақ ойындарда төрт мәрте финалдық кезеңге жолдама алып, барлығында да жарысты бесінші орынмен түйіндеді. Алғаш парашаңғы жарысының спринт бәсекесінде мәреге бесінші болып жеткен ол бірінші орынға ие болған қытайлық спортшыдан екі минутқа қалып қойса да, мұның алдында парабиатлоннан Паралимпиада чемпионы атанған канадалық Марк Арендцті басып озды. Кейіннен парабиатлоннан жекелей жарыста да дәл осындай нәтиже көрсетті. Бас жүлде франциялық Бенджамин Давьеге бұйырды. Парашаңғыдан орта қашықтықта да А.Герлиц финалда өнер көрсеткенімен, бұл жолы да бесінші орынмен түйіндеді. Ал парашаңғы эстафетасында Ербол Хамитовпен бірге бақ сынаған біздің жігіттер тағы да сол межеден көрінді.

Осылайша, Александр Герлиц Пара­лим­пиадада бір қола және бес мәрте бесінші орынды олжалап қана қоймай, мемлекет тара­пынан берілетін 115 мың АҚШ доллары көле­міндегі сыйақыға да ие болды. Ал эстафетада бесінші орын алған Ербол Хамитовке 10 мың АҚШ доллары беріледі. Айта кетейік, биылғы Паралимпия ойындарында ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко қорғаған болатын. Паралимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын Әлем кубогының қола жүлдегері Ербол Хамитов ұстап шықты.

Медаль жиынтығы бойынша жалпы­ко­ман­далық есепте алғашқы үш орынды Қытай (18 алтын, 20 күміс, 23 қола), Украина (11+10+8) және Канада (8+6+11) құрамалары иеленді. Енді төрт жылдан кейін өткізілетін кезекті Қысқы Паралимпия ойындарының жалауы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында желбірейді.