Аймақтар • 14 Наурыз, 2022

Оралдағы оныншы орталық

251 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде жарияланған «Балалар жылы» аясында Орал қаласында аутист балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы ашылды. Болат Өтемұратов қорының атқарушы директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, бұл – Қазақстандағы осындай орталықтардың ішіндегі ең мықтысы.

Оралдағы оныншы орталық

Жаңадан салынған көпқабатты үйдің төменгі қабатын түгел алып жатқан «Асыл Мирас» орталығының жалпы аумағы 700 шаршы метрге жуық. Орал қала­сы әкімдігі ұсынған ғимаратты аутизм орталығына бе­йімдеу, сәйкестендіру үшін Қара­шы­ға­нақ Петролеум Оперейтинг компа­ниясы арқылы 81 млн теңге қаражат бөлініпті. Ал елімізде «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері қызмет етіп жүрген Болат Өтемұратов қоры Оралдағы жаңа орталықтың жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ мамандарын даяр­лауға 40 млн теңге жұмсаған. Бұған қоса жыл сайын орталықтың қызметін атқа­руға – коммуналдық төлемдер мен маман­дар­дың жалақысы, т.б. шығындар үшін 44 млн теңге мемлекет қазынасынан бөлінеді.

«Қазір облыс бойынша арнайы тізімде 253 бала аутизм диагнозымен тіркелген. Осы кезге дейін өңірде әртүрлі менталдық ауыт­қуы бар балаларға «Бәйтерек» қо­ғам­дық бірлестігі мемлекеттік әлеумет­тік тапсырыс аясында көмек көрсетіп келген еді. Енді аутист балаларды осы жерге бөліп алсақ, екі жақта да қызмет сапасы артады», деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жаңа орталықты түгел аралап, көріп шықтық. Шынында да, жабдықталуы керемет. Бала түгілі ересек адам қызығатын қы­зыл-жасыл ойыншықтар, адамның ақыл-ойын дамытуға арналған түрлі құрал­дар толық қамтылған. Дәл қазір орта­лық­та 14 маман – клиникалық педагогтер, психологтер мен логопедтер қызметке кірісіп те кеткен. Олар Болат Өтемұратов қоры ұйымдастырған арнайы оқыту курсынан өтіпті.

– Біз қазір арнайы тізімдегі 50 баланы алдырып, диагностика жасап жатырмыз. Олардың әрқайсысын жеке тексеріп, қабілет-қарымын, диагнозын нақтылаған соң, қажеттілігіне қарай 6 топқа бөлеміз. Ол топтарда «Ерте қол­дау», «Оқыту дағдыларын дамыту», «JASPER сөйлеу дағдыларын дамыту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту», «Қар­қын­ды курс» бағдарламалары аясында оқыту жүргізіледі. Әр баламен аптасына 3 сағат жұмыс істейміз, үш айға созылатын жалпы курстың көлемі – 36 сағат. Осы уақыт ішінде біз баланың өмірлік дағдыларын дамытамыз, ойын арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейміз, сөйлеуге үйретеміз. Айта кетейік, орталық мамандарының білі­мін жетілдіру ісі болашақта да жүйелі жү­ріп тұрмақ. Түрлі жағдайға қарай бірде офлайн, бірде онлайн жүргізілетін бұл курстарды Болат Өтемұратов қоры өз мойнына алып отыр, – дейді жаңа орталық жетекшісі Дилара Салықова.

Оралдағы «Асыл Мирас» Қазақстандағы оныншы аутизм орталығы екен. Болат Өтемұратов қорының атқарушы директоры Марат Айтмағамбетов бұған дейін елімізде ашылған орталықтардан оралдық орталықтың ерекше заманауи екенін айтады.

– Аутизм мәселесі қазір әлем бойынша үлкен проблемаға айналды. Зерттеулер әлемдегі әрбір 44 баланың біреуі аутизм дертіне шалдыққанын көрсетеді. Бұл дерт­тің сыр-сипаты әртүрлі, бірі сөй­ле­мей­ді, бірі қоғамнан оқшауланып қалады. Оны дер кезінде байқап, ерте қолға алмаса, сәбидің дамуы тежеліп, қатарымен бірге жалпы мектепке бара алмай қалады. Біз елімізде аутизм диагнозы қойылған балаларға кешенді көмек көрсету ісін 2014 жылдан бері қолға алдық. Қазақстан бо­йынша қазір осындай 10 «Асыл Мирас» орта­лығы бар. Осы уақыт ішінде 11 мың бала түрлі курстан өтті. Біздің орта­лық­тар­да ең қысқа курстың өзі 3 айға созылады. Әуелі мамандар баланы тексеріп, диагнозын қойып, сосын соған сәйкес ем жасайды. Мұның бәрі бала үшін то­лы­ғымен тегін болады. Біздің қор бұл ғи­ма­ратты тиісті жиһазбен, құралдармен – ар­найы компенсаторлық жабдықтар, кілем, перде, ойыншықтар, әдістемелік құ­рал­дар, компьютер, тұрмыстық техни­калар, интерактивті панель секілді нәр­се­лермен қамтамасыз етті. Ең басты­сы, қажетті мамандарды іріктеп, оқы­ту курсынан өткіздік. Мамандарды оқыту, бі­лі­мін жетілдіру болашақта да жү­йе­лі жүреді. Осылайша, бір-екі жылдан кейін бұл педагогтер әлемдік дең­гей­дегі білікті маман болып шығады. Өйт­ке­ні біз осы аутизм мәселесімен жар­­ты ғасырдан бері шұғылданатын ба­тыс­­тың озық орталықтарымен тұрақты қарым-қа­ты­настамыз. Қазақстандағы «Асыл Ми­рас» орталықтарының сабақ­та­ры Кали­фор­ния университеті мен Атлан­та­дағы Marcus Autism Center әзірлеген амери­ка­лық технология бойынша өтеді, – дейді М.Айтмағамбетов.

Оралдағы жаңа орталықтың ашылуы салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, осы орталықтың
ашы­луын­ ­­асыға күткен ата-аналар арнайы кел­ді.

– Бүгін біздің аутист балалар мен олардың ата-аналары үшін өте маңызды күн. Мемлекет басшысы жариялаған «Бала­лар жылы» аясында ашылған бұл орталық ерекше балалар үшін үлкен сый деп білеміз. Екі жыл бұрын ата-аналар тарапынан айтылған өтініш бүгін орындалды. Бұл ортақ жобаны жүзеге асыруға көп болып жұмылдық. Орал қаласы әкімдігі ғимарат бөлді, оны орталыққа айналдыруға ҚПО б.в. компаниясы көмектесті. Болат Өтемұратов қоры кешенді жабдықтап, ма­мандарды оқытты. Бұл орталықта сәби­лерге заманауи әдістемелер бойынша кө­мек көрсетілетініне, өмірдің түрлі жағ­дай­ларында жол табатын, дұрыс әрекет ете алатын қабілетке ие болатынына сенемін. Әр бала мектепке баруға, қоғамның тең құқықты мүшесі болуға құқылы, – деді Ғ.Есқалиев.

Оралдағы жаңа орталықтың ашыл­ға­нына шынайы қуанған – аутист бал­а­лардың ата-аналары болғаны анық. Тағдырдың сынына ұшыраған балапан­дарының келешегі үшін алаңдаған олардың көзінде үміт оты ұшқындап, ерекше сезіммен келіпті.

– Мен бұл жерге жиенімді әкеліп отырмын. Оның жасы – 4-те. Осы кезге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына апардық. Енді міне өз қаламызда осындай заманауи орталық ашылғанына жүрегіміз жарыла қуанып жатырмыз. Орталықты аралап шықтық, ішінде бәрі бар екен, бұйырса осы жерден жақсы көмек болады деген ойдамыз. Осындай сауапты іске атсалысып жатқан барша жанға мың сан алғыс айтамыз, – дейді Орал қаласында тұратын Жадыра Ерғалиева.

 

Батыс Қазақстан облысы