Атырау облысындағы «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі Регина ВАЛИШЕВА: «Қазақстанның қуатты елге айналарына кәміл сенемін»
Қазақ жерінде кіндік қаны тамған, қазақ елінде өсіп-өнген өзге ұлт өкілдері арасында қазақша еркін сөйлейтіндер жетерлік. Солардың бірі – Қазақстанның құрметті журналисі Регина ВАЛИШЕВА. Өңірдегі байырғы басылымның бірінен саналатын «Прикаспийская коммуна» газетінде отыз жылдан астам табан аудармастан жұмыс жасайтын әріптесіміз мұнайлы Атыраудың әлеуметтік-экономикалық өркендеуін әр қырынан көрсетуде талмай еңбектеніп келеді. Еңбегі жеміссіз емес, әсіресе, қазақстандық патриотизм тақырыбында жазған туындылары «Менің Отаным – Қазақстан!» деп аталған республикалық мәдени жобаның жүлдесін иеленді. Сонымен бірге, ол «Ажар» Қазақстанның іскер әйелдері ұлттық конкурсының иегері атанды. Өзі таңдаған кәсібіне адалдығынан айнымай, қаламын серік еткен қаламгер Регина Матиғоллақызы жергілікті жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аударуға да уақыт тауып жүр. Сондай сәтті аудармасының бірі – жергілікті ақын Қадыр Жүсіптің «Аққу» әңгімесі өткен жылы жарық көрген «Айналайын, Атырау!» кітабына енгізілді. Қаламгерлігімен бірге жастар арасында отаншылдық сезімді қалыптастыруға, ұлтаралық татулық пен достықтың нығаюына айтулы үлесін қосып жүрген татар халқының өкілі Регина Матиғоллақызының қазақ әндерін өз ұлтының жауһарындай жақсы көретінін, тіпті, үйінде қазақша ыңылдап ән айтатынын көп ешкім білмейтін шығар. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын, әдебиеті мен тілін өз ұлтының құндылықтарындай құрметтейтін әріптесімізбен арадағы әңгімеміз төмендегіше өрбіді. – Регина Матиғоллақызы, сіз қазақстандық патриотизм тақырыбына көбірек қалам тербеп жүрсіз. Бұл тақырыпты таңдауыңыздың себебі неде? – Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Қазіргі қоғамдық формацияның өзгеруіне орай журналистердің дені экономикалық тақырыптарды, соның ішінде мұнай-газ өнеркәсібі, не саяси тақырыптарда талдамалық сараптамалар жазуға бет бұрды. Өйткені, бұл салалар бүгінгі жаһандану дәуірінде ең оқылымды тақырыптардың бірі делінетін пікір қалыптасып отыр. Алайда, қоғамдық өзгерістерді, жалпы, қай елдің де өркендеуін тек экономикамен байланыстыру үстірттеу болар еді. Экономиканың ырғақты дамуына оң әсер ететін басты фактор – ел ішіндегі саяси тұрақтылық. Демек, саяси тұрақтылығы қалыптасқан мемлекеттің өркендеуі де, келешегі де кемел боларына ешкімнің дауы жоқ. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, біздің ортақ үйіміз – Қазақстандағы ұлтаралық достықты, саяси тұрақтылықты одан әрі бекіте түсу үшін әрине, қазақстандық патриотизмді кеңінен насихаттау қажет. Бұған өзін Қазақстанның шынайы патриотымын деп санайтын әр азамат атсалысуы керек деп ойлаймын. Менің әке-шешем де, өзім де қазақтың жерінде туып-өстік, өркен жайдық. Қазақ халқының кең даласындай дархан көңілінен молынан сусындадық. Туған бауырыңнан да ыстық көрінетін тамаша достар таптық. Осы елде көп жылғы еңбегімнің зейнетін көріп келемін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстандағы әр ұлттың өкілі ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға, кейінгі ұрпағына насихаттауына кеңінен жол ашылды. Демек, біз – қазақстандықтар қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың белсенді атсалысушысы болуымыз қажет. Біріншіден, бұл тақырыпты таңдауыма осы фактор себеп болса, екіншіден, мұны өзімнің журналистік қалауым деп те айтуға болады. Ал ең басты себебіне тоқталсам, біздің Қазақстанымыз – мемлекеттік рәміздері, Конституциясы бар, өзіндік даму жолын таңдаған тәуелсіз ел. Біздің және бір ерекшелігіміз, әлемнің өзге бірде-бір мемлекетінде бұрын-соңды кездеспеген, елімізде тұратын барша ұлттың бәрін бір шаңырақтың астына біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен Ассамблеяның V және VI сессияларына қатысқанымда кездестім. Елбасының басты ұстанымы – Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен достықты сақтау. Сол кездесулерден кейін елдегі ішкі тұрақтылықты бұрынғыдан берік бекіте түсетін татулық пен достықты сақтау, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тек Мемлекет басшысының ғана емес, барша қазақстандықтардың азаматтық парызы болуы керек деген ойға бекіндім. – Сіздің таңдауыңызбен Атыраудағы татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Татулық» деп аталыпты. Сол рас па? – Қазақ пен татар халықтарының тілінде де, салт-дәстүрінде де бір-біріне ұқсастық өте көп. Екі халық та бір-бірінің сөзін жақсы түсінеді. Тіпті, кейбір сөздердің бір-екі әрпіндегі айырмашылығы болмаса, негізінен мағынасы екі халықтың ұғымында бір сөзді білдіреді. Осындай ұқсастықты «Татулық» сөзінен де анық аңғарамыз. Бұл –ұлы достық, береке, бірлік деген сөздердің баламасы. Жалпы, татулық сөзінің айтылуы, жазылуы ғана басқа болғанымен, барлық ұлт та осынау құндылығы жоғары бір ауыз сөзді қадір тұтары анық. Өйткені, адамзат үшін татулықтан, бейбіт өмірден асқан ешқандай құндылық жоқ. Қазақ халқы секілді татарлар да татулықтың қадірін жете сезінеді. Әр отбасында, өздері ауасын жұтып, су ішіп отырған елдің мемлекет құраушы ұлтымен біте қайнасқан туған Отанында татулықтың қаймағы бұзылмағанын қалайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шыққаннан кейін өңірлерде әр ұлттың этномәдени бірлестіктері жұмыс жасай бастады. Атырау облысында тұратын татар халқының өкілдері де жиналып, этномәдени бірлестік құру арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту тұрғысында ақылдастық. Мәселе бірлестіктің атауына келгенде әртүрлі нұсқалар айтылды. Мен де өз ойымды білдіріп, «Татулық» сөзінің мағынасы мен мәнін тарқата айтып бердім. Елді бірлікке, берекеге шақырар ұсынысымды бірлестіктің алғашқы жетекшілігіне сайланған Халит Жамалитдинов бастап, өзгелері қызу қолдады. – Сіздің қазақша тәп-тәуір сөйлейтініңізді байқап отырмын. Қазақшаны қашан, қалай үйреніп жүрсіз? – Шынымды айтсам, қазақ тілін үйренуіме, өзімнің ана тіліме өте ұқсас мемлекеттік тілде сөйлеуіме әке-шешемнің ықпалы өте зор болды. Әкем Матиғолла Хуснутдинов бір әке-шешеден тараған төрт баланың ең кенжесі екен. Үш ағасы бірдей соғысқа аттанып, он үш жасында Гурьевтегі (қазіргі Атырау) машина жасау зауытына жұмысқа орналасқан. Жұмысты жанын сала атқаратын еңбекқор әкем он бес жасында «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Соғыс жылдарындағы ауыртпалық денсаулығына кері әсерін тигізіп, 57 жасында өмірден өтіп кетті. Өмірден өткенге дейін соғыстан оралмаған үш ағасының бір дерегін біле алмағанына өкінетін. Кейін елімізде соғыстан оралмаған, не хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер туралы шыққан «Боздақтар» кітабынан әкемнің үш ағасының үлкені Ленинград түбінде, екіншісі – Мамай қорғанында, үшіншісі Смоленск маңында қаза тапқаны жайындағы дерекке қанықтық. Ал шешем – Ұрхия Фахрутдинова жоғары білімді педагог болатын. Шешем 17 жасында Мақат ауданындағы Байшонас деген ауылға жолдамамен мұғалімдік жұмысқа жіберіліпті. Сол ауылға жүк машинасымен барған екен. Жаз айы болса керек, күн өте ыстық болыпты. Сонда жүк машинасындағы қазақ әйелдері менің шешемді өздерінің орамалымен күннің ыстығынан қорғаштап, қамқорлық танытқан ғой. Шешем көзі тірісінде байшонастық қазақ әйелдерінің сол қамқорлығын ерекше қимастықпен ұдайы еске алып отырушы еді. Бір қызығы, әкемнің де, шешемнің де ұлты татар болғанымен, отбасында бір-бірімен таза қазақша сөйлесетініне талай рет куә болғанбыз. Бұл олардың жастайынан қазақтардың арасында өскеннен, дархан даладай кең пейілді ұлт өкілдерінің қамқорлығын көп көргеннен кейінгі сыйластығы, құрметі шығар деп ойлаймын. Бала күнімізде әке-шешемнен алғаш рет «Сол кісінің көңілін таптым ба?», «Кісінің көңілі қалмасын!» деген нағыз қазақша сөздерді естідім. Кейін шешем «Айналайын, адамды ренжітпе», «Кісіні ешқашан қорлама» деген сөздерді құлағымызға қазақша құйып отыратын. Шешем Татарстанға туысқандарына барғанда, елге оралуға асығатын. Бірде былай деп келді: «Қандыағаш стансасына келгенше ұйқым келмеді. Стансадан басында ақ орамалы бар қазақ әйелін көрген соң көңілім жайланып сала берді. Еліме аман жеткен екенмін ғой деп, ой, бір рахаттанғаным-ай. Туған жердің қадіріне не жетеді, содан Гурьевке жеткенше, алаңсыз ұйықтадым». Біздің дастарқанымыздан бауырсақ үзілмейтін, қазақша ет асылатын. Осының бәрі қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін терең білуіме, қазақша тәп-тәуір сөйлеуіме оң әсер еткенін жасырғым келмейді. Өсе келе әке-шешемнің қазақша айтқан осы сөздерін сағынатын, жиі еске алатын болдым. Білесің бе, мен бұл күндері үйде жүргенде қазақ композиторларының әндерін сүйіп тыңдауды әдетке айналдырып алдым. Әсіресе, қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик», «Ақерке-Ақжайық», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр» әндерін тыңдағанды ерекше жақсы көремін. Тіпті, ұялы телефоныма қоңырау шалынғанда Шәмші ағаның «Ақерке-Ақжайық» әні төгіліп тұрады. Күніне ұялы телефоныма бірнеше қоңырау түссе, сонша рет «Ақерке-Ақжайықты» тыңдаймын. Татар халқының әндерімен бірге қазақша әуендерді тыңдаған сайын бойыма ерекше қуат біткендей, бір рахат күйді бастан кешемін. Басқаша айтқанда, мен қазақтың жанын бір кісідей түсіне аламын. Бұл өз халқымның өнеріне, салт-дәстүріне, тарихы мен әдебиетіне енжар қараймын, құрметтемеймін деген пікірім емес. – Қазақстандағы сан ұлт өкілдерінің басты байлығы ретінде нені айтар едіңіз? – Байыбына барған жанға байлық дегеннің ұғымы терең ғой. Біреулердің қазіргі нарықтық экономика кезеңінде алдымен материалдық байлықты бірінші кезекке қойып, соған қол жеткізу үшін жанталасып жататынын түсінуге болатын шығар. Бұл ретте өз заманының ұлы ойшылы Сервантестің «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде» дегеніндей, біздің еліміз толағай табыс түсірер табиғи байлыққа кенде емес. Дегенмен, әр қазақстандықтың, әсіресе, ел жастарының жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеуі үшін ұлттық құндылықтарды бойына терең сіңіріп, рухани байлықты молынан жиғанын қалар едім. Өйткені, ұлттық құндылығын қадірлей білетін, кейінгі ұрпағына аманаттай алатын ұлт қана мәңгілік бола алады. Қазақстандықтардың басты байлығы – еліміздің тәуелсіздігі, ұлттар арасындағы мызғымас достық! Мен өзімнің Отаным –тәуелсіз Қазақстанымды, экономикалық өркендеу жолындағы жетістіктерін әрдайым мақтан тұтамын. Бізде ұлтаралық татулық бар, экономикалық өркендеу бар, енді біздің алдымызда бір ғана мақсат тұруы керек. Ол – тәуелсіз Қазақстанды қуатты елге айналдыру. Бұл үшін әрине, еліміз бүгінгі экономикалық жетістігін алда да жетілдіре түсіп, сөйтіп, әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің алдыңғы легінде болуы тиіс. Осы орайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтардың бар арман-мақсатын бір арнаға тоғыстырып, тәуелсіз Қазақстанды бәсекеге қабілетті 30 елдің біріне айналдыру жолындағы ізгілікті ісінің жемісті боларына, тек экономикалық ілгерілеумен шектеліп қалмай, ішкі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты бүгінгі қалпында сақтайтынымызға, әлемдік сын-қатерлерге батыл тойтарыс беріп, тәуелсіз Қазақстанымыздың қуатты елге айналарына кәміл сенемін. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.16 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер жұмыс істемейді
Қоғам • Бүгін, 01:36
Шымкентте әйелін буындырып өлтірген 50 жастағы ер адамға үкім шықты
Шымкент • Бүгін, 00:23
«Астана» командасы «Челси» клубынан жеңіліп қалды
Спорт • Кеше
«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше