Аймақтар • 14 Наурыз, 2022

Жұқпалы аурулардың жолы кесілді

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері аса қауіпті инфекциялар, сіреспе, дифтерия, қызылша, полиомиелит, эпидемиялық паротит, көкжөтел тәрізді жұқпалы аурулар дерегі тіркелген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда облыс тұрғындары арасында ішек инфекциясының бой көтергендігін байқауға болады. Мұндай оқиға 297 мәрте орын алған.

Жұқпалы аурулардың жолы кесілді

Облыстың бас санитарлық дәрі­ге­рі Айнагүл Мусинаның айтуына қарағанда, соңғы бес жылда А гепатиті вирусымен сырқаттану көрсеткіші біршама төмендеген. 2008 жылдан бастап өңірде 18 жағдай орын алса, жоспарлы вакцина егудің нәтижесінде 2021 жылы осындай жұқпалы ауруға ұшырау тіркелмеген. Дегенмен Сан­дықтау ауданында 14 жасқа дейінгі бір баланың бойынан анықталып отыр. Осы бір деректерді таразы басына тартатұғын болсаңыз, ел ішінде екіұдай пікір айтылып жатқан вакцинаның қажеттілігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Уақтылы вакцина алу арқылы А гепатиті вирусының жолы кесілді. Жаман тұмауға қарсы вакцинаны уақытында алу қажеттігін, демігіп тұрған дерттің алдын алатын осындай шара екендігін тағы бір қайталап айтқымыз келеді.

Өңірде тұрғындардың құрт ауруымен сырқаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға азайды. Былтыр туберкулез дертіне байланыс­ты 305 оқиға тіркелген болатын. Тұтас көрсеткіш кемігенімен, құрт ауруының құтырып тұрған ошақтары да бар. Мәселен, Ақкөл, Егіндікөл, Біржан сал, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандары мен Степногорск, Көкшетау қалаларының тұрғындары арасында туберкулез дертінің өсуі байқалады.

Өңірде жалпақ әлемді жалғыз тарының қауызына сыйғызған жаман тұмаудың беті қайтқан сыңайлы. Дерт жұқтыру дерегі сейілгеннен кейін облыс жасыл аймақтың санатына өтті. Әйтсе де, тоқмейілсуге, жар астындағы КВИ індетінің қаупін ескермеуге болмайды. Дәл қазір станционарларда жүзден астам коронавирус дертін жұқтырған адамдар ем-дом қабылдауда. Соңғы тәулікте облыста 7 адамның бойындағы індет зертханалық жолмен анықталған. Бас санитарлық дәрігердің айтуына қарағанда, медицина қызметкерлеріне, егде адамдарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға «Комирнати» вакцинасын қолдана отырып, коронавирусқа қарсы ревакциналау жүргізуге рұқсат етілген.

Сондай-ақ балалардың амандығы да басты назарда. 2021-2022 оқу жылдарында 3 700-ден астам оқушының коронавирус індетіне шалдыққаны белгілі. Демек білім ошақтарында сақтық шараларын мұқият атқаруға көңіл бөлген ләзім. Наурыз айындағы мереке күндері «көк» және «жасыл» мәртебедегі адамдарға Ashyq қосымшасы бар мекемелерге барып, іс-шараларға қатысуға болады. Өңір қызыл аймақтың қатарында болған кезіндегі шектеулер алынып тасталды.

Солай бола тұра, сақтық шараларын ұмытуға әсте болмайды. Қауіп бұлты біржола сейілген жоқ.

 

Ақмола облысы